Бибигүл Жексенбай: «Адал азамат» – қоғам дамуының негізі

Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған Республикалық тамыз конференциясы аясындағы «Адал азамат» атты панельдік сессияға қатысты.
Кездесу барысында сенатор еліміздің барлық өңірлерінен келген білім беру ұйымдарының басшыларына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларға, педагогтарға, әдістемелік орталықтардың мамандарына және мемлекеттік органдар өкілдеріне сөз арнады. Ол Қазақстанның дамуы үшін «Адал азамат» тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтіп, Президенттің Ұлттық құрылтайда жариялаған «Адал азамат» қағидаттары – ұлт келбетін қалыптастыратын маңызды құндылықтар екенін жеткізді.
«Қазақстанның дамуы үшін тек экономикалық реформалар ғана емес, ең алдымен азаматтық қоғамның өркендеуі маңызды. Егер Ұлттық құрылтайда айтылған әділдік, ашықтық, жауапкершілік сынды құндылықтар күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналса, елдің тұрақтылығы тек заңдармен ғана емес, әрбір азаматтың белсенді қызметімен қамтамасыз етіледі», – деп атап өтті Бибигүл Жексенбай.
Сессия соңында сенатор елордалық оқушылардың жаңа ғылыми-зерттеу жобаларымен танысып, жастарды игі бастамаларға тартудың және азаматтық жауапкершілікті дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Abai.kz