Жұма, 5 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 157 0 пікір 5 Қыркүйек, 2025 сағат 14:58

Қазақстан боксшылары Әлем чемпионатында

Сурет: olympic.kz сайтынан алынды.

Бүгін, 4 қыркүйекте Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен әлем чемпионаты жалауын көтереді. Бұл туралы olympic.kz сайты жазды. 

Байрақты додаға Қазақстан толық құраммен аттанып отыр. Отандастарымыз тартысқа толы бәсекеде жеңіске жету үшін аянып қалмасы анық.

Биыл World Boxing федерациясы ұйымдастыруымен алғашқы әлем біріншілігі өтпек. Аталған дүбірлі додаға 60 елден 500-ден астам былғары қолғап шебері қатысады деген болжам бар. Боксшылар 10 салмақ дәрежесінде медальдарды өзара сарапқа салатын болады.

Қазақстан кіл мықтыларды жинақтап, толық құраммен өнер көрсетуге дайын. Ұлттық құрама бұған дейін Алматы облысында оқу-жаттығу жиынын өткізді. Одан бөлек, Шеффилдке барып дайындық жұмыстарын жалғастырды. Жалпы жерлестеріміздің сақадай сай екені белгілі.

Ал биыл өтетін әлем чемпионатының басты жаңалықтарының бірі кубалық Хулио Сезар Ла Крустың 90 келіден жоғары салмаққа ауысуы болды. Бұған дейін боксшы жартылай ауыр салмақта бақ сынаған болатын. Ал осы жылы аса ауыр салмақтағы алпауыттармен күш сынасады.

Сонымен қатар бұл салмақта Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай өнер көрсетеді. Одан бөлек, әзірбайжандық Мухаммад Абдуллаевты да атап өткен жөн. Соңғы рет Айбек пен Мухаммад Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде жұдырықтасқан болатын. Сол кезде Айбек еш қиындықсыз жеңіске жетіп, нәтижесінде алтын медаль жеңіп алды. Осы жылы отандасымыз кубалық және әзірбайжандық боксшылардан айласын асыра ала ма?

65 келіге дейінгі салмақта да үлкен қызығушылық бар. Себебі бұл салмақта 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Эрисланди Альварес (Куба) бар. Сонымен қоса, үндістандық Абхинаш Джамвал шаршы алаңға шығады. Бұл спортшы Астанадағы Әлем кубогы кезеңінде Ертуған Зейнуллиновтан басым түскен болатын. Осы жолы қазақстандық боксшы қарымта қайтара ала ма?

Бәсекелестік деңгейі жоғары салмақтардың бірі - 80 келі. Әлемнің кіл мықтылары жиналған салмақта Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ел намысын қорғайды. Бұл салмақта Рахим Гонсалес (АҚШ), Вандерлей Перейра (Бразилия), Сезар Йожерлен (Франция), Жавохир Умматалиев (Өзбекстан) сындық мықты боксшылар бар. Дегенмен, Нұрбек Оралбайбың 2024 жылғы Олимпиадада жеңіп алған күміс медалі бұл жарыста оны фавориттердің қатарына қосуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Санжар Тәшкенбай 50 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеуі мүмкін.

55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырханның басты қарсыласы Джуниор Алькантара (Доминикан Республикасы) болары анық. Өзбек спортшысы Миразизбек Мирзахалилов та қалыс қалмайды.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл өтетін байрақты бәсекеде өзбекстандық Абдумалик Холоков (60 келіге дейін) шаршы алаңға шығады. Бұл спортшының басты қарсыласы Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері Мунарбек Сейтбек уулу. Париждегі нәтиже қайталана ма?

70 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының жұлдыздай жарқырап келе жатқан былғары қолғап шебері Төрехан Сабырхан бақ сынайды. Отандасымыз биыл алғаш рет ересектер арасында өтетін әлем чемпионатына қатысады. Сарапшылардың пікірінше Төрехан осы салмақтың басты фавориті.

Қоса айтқанда, 75 келіге дейінгі салмақта әмбебап боксшы Сабыржан Аққалықов сөзсіз фаворит екені анық. Әлем кубогы кезеңіндегі жеңісінен кейін, жерлесіміз әлем чемпионы атағы үшін күресетін болады.

85 дейінгі салмақта да Бекзат Нұрдәулетов өзінің бай тәжірибесімен ерекшеленеді. Отандасымыз бұған дейін әлем чемпионы болған (2019). Сондықтан кәсіпқой бокстан қайта оралған боксшы тағы бір мәрте жеңіс тұғырына көтерілу үшін еш аянып қалмайды. Сондай-ақ Акмолжон Исроилов (Өзбекстан), Джугну (Үндістан) алтын медаль үшін таласады.

Сағындық Тоғамбай өнер көрсететін 90 келіге дейінгі салмақта да бәсекелестік жоғары деңгейде. Бірер ай бұрын Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде Исайас Сантос Рибейру Фильо (90 келіге дейін) чемпион атанған болатын. Одан бөлек дәл осы салмақта өзінің техникалық ерекшелігімен Джордж Малачи (АҚШ) көзге түскен еді.

Ал сарапшылар әлем чемпионатының медальдарын Қазақстан, Өзбекстан және Куба құрамалары өзара бөліп алады деп болжап отыр. Себебі, соңғы 2023 жылғы әлем чемпионатында Өзбекстан 5 алтын жеңіп алса, Қазақстан төрт, ал Куба бір алтын медаль иеленген еді.

Жалпы әлем біріншілігі 14 қыркүйекке дейін жалғасады.

Abai.kz

0 пікір