Сенбі, 6 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 1130 0 пікір 5 Қыркүйек, 2025 сағат 22:55

Мәулен Әшімбаев: Диалог пен келісім мәдениеті – жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің кілті

Сурет: Youtube Qogam News арнасынан алынды.

Әрбір мемлекет тұрақтылықты нығайтуға жауапкершілікпен қарап, диалог пен келісім мәдениетін ілгерілету арқылы әлемдік қауіпсіздікке өз үлесін қосуға тиіс. Бұл қағидаттың жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі рөлі туралы Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Qogam News жобасына берген сұхбатында айтты. 

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Қазақстанға халықаралық қоғамдастықтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосуға мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі болып отыр. 

«Съезд өзінің тиімді халықаралық алаң екенін дәлелдеді. Қазақстан бұл бастаманы 20 жылдан астам уақыт бойы ілгерілетіп келеді. Форумның бастауында болып, оның қалыптасып, дамуына Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үлкен үлес қосты. Бүгінде Съезді әлемнің басты рухани көшбасшылары жиналатын, танымал әрі беделді алаң деп толық сеніммен айта аламыз», – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы.

Оның айтуынша, 2022 жылы өткен VII Съезд өзінің мазмұнымен және қатысушылардың жоғары мәртебесімен есте қалды. Оған қазіргі әлемнің басты рухани көшбасшылары Рим Папасы Франциск пен Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб қатысты. 

«Рим Папасы Франциск теңдік идеяларын дәріптеуге, халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғауға зор үлес қосты. Ислам және христиан әлемдері арасындағы өзара түсіністікті дамыту бағытында маңызды мәселелерге үнемі назар аударып отырды. VII Съезд аясында ол Қазақстанды диалог пен кездесу алаңы ретінде атап, халқымыздың ашықтығы мен әралуандықтағы өзара құрметін жоғары бағалады. Сондай-ақ ислам әлемінің беделді орталығы Әл-Азхардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб те Съезге қатысты. Ол – қазіргі ислам әлеміндегі аса сыйлы тұлғалардың бірі. Оның осы саладағы іргелі еңбектері көпке белгілі. Съезде қазіргі заманда диалог айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Жалпы, VII Съезд әлемдік діндер арасындағы жақындасу, диалог құру мәдениетін дәріптеуге тың серпін берген бірегей форум болды. Сондықтан біз VIII Съезден де мазмұнды әрі ауқымды нәтиже күтеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Алдағы форумның күн тәртібіне тоқталған Мәулен Әшімбаев қазіргі заманның бірқатар өзекті мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, аталған сын-қатерлерді еңсеруге рухани көшбасшылар жұмылдырылады. 

Толық сұхбатты мына сілтеме арқылы көре аласыз: [сілтеме]

Abai.kz

0 пікір