Саратовтан Қырымға дейін: Ресейде бензин жоқ!

Ресей аймақтарындағы жанармай тапшылығы күннен-күнге асқынып, мұны «уақытша қиындық» деп бүркемелеуге келмей қалды десек болады.
Саратовтан басталған кезек бүгін Қырымға дейін жетіп, халықтың жүйкесі жүн болуда. Бір кезде тек Приморьеде ғана байқалған бензин тапшылығы енді Нижний Новгород пен Ростовты да қамтып, көлік жүргізушілерін «92-ші мен 95-ші жоқ» деген тақтайшалармен бетпе-бет келуде.
Тапшылықтың себептерін сарапшылар саусақпен санап беріп отыр. Біріншіден, Ресей ішіндегі туризм жаз айында күрт өсіп, автобустар да, жеңіл көліктер де жолға аттанды. Екіншіден, кейбір мұнай өңдеу зауыттары өндірісті қысқартуға мәжбүр болыпты-мыс. Үшіншіден, көтерме бағалар бақылаусыз қымбаттап барады. Бірақ ең басты себеп – Украина жүргізген дрондық соққылар. Соңғы айларда ресейлік мұнай зауыттарының бірнешеуі нысанаға алынып, өндірістік қуат айтарлықтай құлдырады. Жанармай өндірісіне бұл шабуылдардың салдары ауыр тигені анық. Осыны ескермей, тек «сезондық фактор» деген әңгімегі енді ешкім иланбайтыны анық.
Әлем алдында өзін «энергетикалық держава» деп көрсеткен Ресейдің өз халқының көлігіне жанармай тауып бере алмауы – қарапайым халыққа да, халықаралық қауымдастыққа да түсінікті сигнал. «Газ бен мұнай біздің басты қаруымыз» деген ұрандар бос сөзге айналды. Себебі ішкі нарықтағы қарапайым жүргізуші бензин таба алмай, көлігін гаражға қаңтарып отырғанда, экспорттық контрактілерді орындау жайлы мақтаныштың еш құны жоқ.
Әскерге, соғысқа, «геосаяси амбицияларға» миллиардтаған қаржы табылғанымен, қарапайым азаматтың багына құйылатын жанармайға жеткілікті қор қалмаған сынды. Әрине, Кремль бұл жағдайды «бақылауда ұстап отырмыз» дейді. Экономикалық есеп пен халықтың қажеттілігін ескермеген билік «энергетикалық держава» мәртебесін сөз жүзінде сақтап қалғанымен, іс жүзінде бензинге зәру елдің бейнесін қалыптастырып отыр.
Нұрлан Жұмақанов
Abai.kz