Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Жөн-ақ 152 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 13:15

Ұлы Тұран және қазақ мемлекеттілігінің бастауы

Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: wikipedia.org, akorda.kz, trend.az, aa.com.tr, uzdaily.uz сайттарынан алынды.

Бүгінде посткеңестік кеңістікте жаңа бірлік идеясы — Ұлы Тұран деп аталатын түркі халықтарының достастығы кең өріс алуда. Бұл тұжырымдама ортақ тілдік, мәдени және тарихи мұрасы бар елдерді біріктіреді: Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және т.б.

Жаһандық сын-қатерлер дәуірінде түркі әлемі үшін өзінің терең ортақ тарихын тану және есте сақтау маңызды. Өйткені мемлекеттігіміздің тамыры мыңдаған жылдарға кетеді. Осы тамырлардың ең маңызды нышандарының бірі – Тұран. Ол Алтын Орда мен Қазақ хандығынан бұрын өмір сүрген аңызға айналған мемлекет ретінде белгілі.

Қазақ хандығынан Алтын Ордаға дейін

Ұзақ уақыт бойы қазақ мемлекеттілігінің ресми бастауы XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуы болып саналды. Алайда қазіргі зерттеулер мен тарихи дереккөздерді қайта қарастыру бұл хандықты түркі халықтарының мемлекеттілігінің ұзақ тізбегіндегі бір ғана буын екенін көрсетіп отыр.

Қазақ хандығы Шыңғыс әулеті билеген, халқы түркі тілдес тайпалардан құралған ортағасырлық қуатты мемлекет – Алтын Орданың негізінде қалыптасты. Алтын Орда Еуразия даласының саяси ғана емес, мәдени орталығы болды. Ол өзінен бұрынғы бірлестіктерден дәстүр мен өмір салтын мұра етті.

Тұран: түркі халықтарының ежелгі мемлекеті

Бүгінде тарихшылар мен зиялы қауымның назары Фирдоусидің «Шахнаме» атты ұлы поэмасында суреттелген одан да көне дәуірге – Тұранға ауып отыр. Бұл шығармада Тұран Иранның мәңгілік қарсыласы ретінде сипатталады. Ол тек географиялық ұғым емес, өз билеушілері, жауынгерлері, қалалары мен тұрмысы бар өркениетті мемлекет ретінде бейнеленген.

Фирдоуси Тұранның батырларын – Рүстемді, оның әкесі Залды суреттейді, олардың ерліктері мен адамгершілік қасиеттерін, жерін қорғаудағы табандылығын жырлайды. Қалаларын атайды, халқының әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайды. Мұның бәрі Тұранды аңыз емес, шамамен 3000 жыл бұрын өмір сүрген нақты мемлекеттік құрылым ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Дала өркениеті – біздің мұрамыз

Тұран тек мәдени символ ғана емес. Ол біздің дәуірімізге дейін-ақ Орталық Азия аумағында саяси ұйымның, дамыған мәдениеттің, сауданың және әскери биліктің күрделі нысандары болғанының дәлелі. Мұны Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан аумақтарынан табылған археологиялық олжалар: қорғандар, қоныстар мен артефактілер растайды.

Демек, қазақтар мен басқа да түркі халықтары Алтын Орда мен көшпелі тайпалардың ұрпақтары ғана емес, мыңдаған жылдарға созылған Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерлері.

Қазіргі түркі бірлігі жағдайында Ұлы Тұран идеясы тек мәдени ғана емес, сонымен қатар геосаяси мәнге ие бола бастауда. Сондықтан біз өзіміздің шығу тегімізді, тарихи тамырымызды есте сақтап, болашаққа сеніммен қадам басуымыз қажет.

Тұран – көне эпостың бір бөлігі ғана емес, түркі мемлекеттілігінің, өркениетінің, рухани мұрасының құдіретті символы. Қазақ – Ұлы Тұран жерінің заңды мұрагері. Бірақ бүгінгі Ұлы Тұран – өткенге қайта оралу емес, өз тарихын терең танып, сол құндылықтармен болашаққа ұмтылу.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті

Abai.kz

0 пікір