Дүйсенбі, 1 Маусым 2026
Ақмылтық 386 0 пікір 1 Маусым, 2026 сағат 14:24

«Мына ғасырда қазақ қызының паранжа кигені өте қорқынышты!»

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Өткенде Оралда өткен Мұхаметжан Тазабекпен кездесу туралы әлеуметтік желіде көп жазылды, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева бұл кездесуге ашық қарсы болып, мұндай әрекеттерге тоқтау салу керектігін айтты. Төменде ақынмен шағын сұхбат өткіздік.

– Жастар не себепті жат ағымдардың ықпалына тез түсіп қалады?

– Жастар жат ағымның ырқына тез түсетінінің себебі мынада. Жастың аты – жас. Баяғыдан айтылып келе жатқан «жас талды күтімсіз ұстасаң, қисайып өседі» деген сөз бар. Міне, сол сияқты жастарымыз да күтімсіз қалғандықтан, қисық жолға түсіп жатыр.  Ата-ананың қарауынан шет қалған, мектептегі тәрбие жұмыстарының болмаса, жұмыс орындардағы кейбір идеологиялық дұрыс бағыттағы жиындардың өтпеуіне, солардың қатысуына байланысты және қажетті отаншылдық бағыттағы кітаптарды оқымағандықтан олар сол бос кеңістікті іздейді. Сол кезде келіп бұларға жаңағы басқа ағымда жүргендер жолығады. Олардың көздегені де сол, олардың іздегені де сол жастар. Соларды қалай өзімізге ертіп кетсек екен деп олар үлкен саяси күресіп жатыр ғой. Күн-түні ұйықтамайды олар. «Врать не дремлет» деген орысша бір сөз бар. Міне, солар қазір ұлт болашағының алдағы күндеріне балта шауып жатыр.

Оның үстіне студенттеріміз ақылы оқу орындарына көптеп түседі, грант жетпейді. Солар жаңағы ақша төлейтін кезде қиналады да, кез-келген жауапсыздық істерге барады. Еңбек сүйетіндері қазіргі толып кеткен садақа мен тойдан көз ашпай отырған мейрамханаларға барып, тәрелке тасып, жұмыс істейді, содан тапқан ақшасын оқу орнына төлеп, диплом алады. Ал ол оқу орнының басшысы ол бала тиісті білім алды ма, сол өзінің таңдаған мамандығын меңгерді ме, онымен шаруасы жоқ. Сол бәлен баланы оқытып шығардық, мұнша диплом бердік деп жаңағы ақшаға қызығып байып отыр. Міне, тағы бір қателік осы жерде кетіп жатыр. Сол шала сауатты балалардың өзі оқуға төлейтін ақша таппайтын кезде жаңағылардың қолына түсіп жатыр.

Оранып, қара жамылып жүрген қыздарымыз да әне сондай кезде теріс ағымның қолына түседі. Өйткені бірін-бірі үгіттеп, тиісті суретті қажетті жерге жіберіп отырса, оларға ақша төленеді деген сыбыс бар. Мұны қарапайым халық айтып та жүр. Мен заң қызметкері емеспін ғой, оларды тексеретін, немесе әрқайысынан жауап алатын құқым жоқ. Бұл жайлы заң да шықты. Біздің Оралда паранжа киген әйелдер көп кездеседі. Бұндай жағдай Атырауда да, Ақтөбеде де бар. Мен бұларды көріп шошынамын. Мына ғасырда қазақ қызының паранжа кигені өте қорқынышты.

– Әлеуметтік желілердің діни радикалдануға әсері қандай?

– Әлеметтік желіміздің осы радикалдарға дайындалуда үлкен көмегі тиіп тұр. Себебі олардың жазылушылары өте көп, оқитындары өте мол. Себебі желіде керемет шығармалар, ұлағатты сөздер, парасатты дүниелер айтылмайды. Біреулер өзінің бала туғанын, біреулер күйеуінен айырылғанын, біреулер тағы да қалай тұрмысқа шыққанын, тағы бірдеңе, болмайтын нәрселерді жазады. Біреудің өмірінің біреуге керегі не? Одан да бір ауыз болса да, ұлағатты дүниелерді жазып, оқып, атадан қалған асыл сөздерді өзгеге таратса құп емес пе?! Сонда жастардың санасына сәуле түсер ме еді? Есі бар адамның ойлануы керек қой. Мысалы, журналистер PR дей ме, бірдеңелерге құштар болыпты. Баянның күйеуі дей ме, Қарақаттың әні дей ме, әйтеу, арзан дүниелерге көңіл аударып жатады. Әншілердің қайда барғанын, қойшы әйту, осындайларды жұртқа жария еткенге мәз. Ойлап отырсам, жастарды, қоғамды әлеуметтің желіден қорғай алмай келеміз.

Жастарды теріс діни идеологиядан қорғаудың ең тиімді жолы қандай?

– Күні кеше Қадыр Мырза-Әлі атындағы киелі сарайға Тазабекпен кездесу өткізбеймін дегенде Оралдың не прокуроры, не милициясы тоқтатуға кіріскен жоқ. Мен олардың бәріне айтып, телефон шалдым. «Елге келіп едім, мұндай жағдай болып жатыр екен, бұл қайдан шыққан нәрсе?» деп әкімдікке де айттым. Біреуі қозғалмады. Жоғары жаққа да жібердім, ешқандай жауап ала алмадым. Жастарды қорғаудың жолы ол – ұлттық идеологияны, ұлттық тәрбие тақырындағы нәрсені көп өткізу. Мектептен, бала-бақшадан бастап, университеттерде, жоғары оқу орнында осынды қаралау керек. Жарайды, көп сағатты информатика, IT, технология соларды оқытуға рұқсат берсек те, бірақ студенттерді өз дәстүрімізбен тәрбиелеуге де назар аударуымыз керек.

– ⁠Сіз Бауыржан Қалиоллаға неге ренжідіңіз

– Мен батырдың атын алған сол айтыскерге сөзім шығын екеніне көзім жетті. Ол да уланған, ол да мәдениеті төмен жан. Әйтпесе менің ізімді бағып, маған қашан өлесің деп айтар ма еді.

Ескерту: Abai.kz - еркін ақпарат алаңы. Мұндай ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Спикер пікірі редакция көзқарасын білдірмейді және сұхбатта аттары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниет білдірсе, олардың да пікірін жариялайтынымызды ескертеміз...

Abai.kz

0 пікір