Абай облысында өмірге құлшынысымен үлгі болған қолөнер шебері тұрады

Семей қаласында 25 жылдан бері шеберханада үзбей еңбек етіп келе жатқан Абылайхан Асылбай тағдырдың сынағына мойымаған хас шебер.
1997 жылы ауыр жарақат алып, үш жыл төсек тартып жатса да, ол өмірден қол үзбей, қолөнерге ден қояды. Кейін белгілі ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлынан тәлім алып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгереді.
Абылайхан Асылбай кез келген қарапайым материалдан ерекше бұйым жасайды. Қазақ батырларының дулыға, сауыт-саймандары мен қару-жарағынан бастап, тұрмыстық заттар мен әйелдердің әшекейлерін де қолынан шығарады. Тіпті консерві банкісін де өнер туындысына айналдырады.
«Бұл өнер біздің қанымызда бар. Бүгінде ата-бабамның ісін жалғастырып отырғаныма қуанамын», – дейді шебер.
Еңбекке деген адалдығы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында ол елге танымал болып, қиындықты жеңудің үлгісіне айналды.
Айта кетейік, шебер 25 жыл бойы көлік гаражының жартысын шеберханаға айналдырып, өнерін халыққа паш етіп келеді.
Abai.kz