Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2025
Билік 475 0 пікір 24 Қыркүйек, 2025 сағат 18:25

Зайытов Бас прокурорға сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа депутаттық сауал жолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жариялағаннан бері «әділдік», «әділеттілік» ұғымы біздің күнделікті қолданатын сөзімізге айналды. Бірақ, несін жасырайық, айтуға жеңіл бұл сөздердің артында зілдей салмақ бар. Өйткені әділеттің шуағы әлі қоғамның барлық саласына толық тарай қойған жоқ-тұғын. Енді сол сәуле жылымықтай кеңейіп, тарай бастағаны байқалады.

Бұл сөзімізге заңсыз жолмен иемденген активтерді мемлекетке қайтару бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны дәлел болады. Осы тұрғыда Қаржы министрлігінің жанындағы Активтерді қайтару комитеті олигархиялық топтардың және жекелеген ықпалды тұлғалардың күмәнді байлығына қатысты тергеу шараларын күшейткені қуантады.

Кеше ғана Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев сот шешімімен 57 миллиард теңге көлеміндегі активінен айырылып, мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен бірге, оған 925 миллион теңге айыппұл және 230,4 миллион теңге айыпақы салынды. Ең бастысы, оның барлық банк шоттары бұғатталып, компания кірісін және жеке мүлкін басқару құқығынан айырылды.

Бұл әулеттің рейдерлік жолмен иеленген базарлары, сондай-ақ, Алматы қаласы мен облысында заңсыз алған жер телімдері туралы қоғамда түрлі деректер айтылып жүр. Әсіресе атышулы «Алтын орда» базарына қатысы жиі сөз болады.

Алайда аталған нысандардың жоғарыда тәркіленген активтердің қатарында бар-жоғы әзірге белгісіз. Себебі бұл мәселелердің нақты жай-жапсары ашық түрде жарияланбаған. Сот шешімдері шыққанымен, процестердің жабық түрде өтуі қоғамда алаңдаушылық туғызады. Өйткені активтердің қайтарылғаннан кейінгі тағдыры, олардың халыққа нақты пайдасы, жұмыс орындарының сақталуы сияқты мәселелер түсініксіз қалып отыр.

Осыған байланысты төмендегі сұрақтарды қоюды орынды деп санаймын:

  1. Нұрбол Назарбаевтың иелігіндегі компаниялар мен активтерге түгендеме жүргізіп, оның заңдылығын анықтау, заңсыздарын мемлекет меншігіне қайтару.
  2. Аталған қайтарылған заңсыз активтер және олардың пайдаланылуы бойынша толық ақпаратты жұртшылыққа қолжетімді ету.
  3. «Алтын орда» базары және Алматы қаласы мен облысындағы заңсыз иеленген жер телімдері бойынша тергеуді бастау.

Құрметпен, «АМАНАТ» Фракциясының депутаты Ринат Зайыт

Abai.kz

0 пікір