«Мамандықтар әлеміне ішкі көзқарас» атты кездесу өтті

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығының бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «WORKSHOP: Еңбек пен шеберлік» жобасы шеңберінде тағы бір маңызды әрі мазмұнды іс-шара — «Мамандықтар әлеміне ішкі көзқарас» атты кездесу өтті.
Аталған шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың болашақ кәсібін саналы түрде таңдауға септігін тигізу, олардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктері мен сұранысқа ие мамандықтар туралы түсінігін кеңейту, сондай-ақ табысты тұлғалармен бетпе-бет кездестіре отырып, шабыттандыру және еңбекке деген құлшынысын арттыру.
Кездесуге арнайы қонақ ретінде «ТехноНИКОЛЬ. Құрылыс жүйелері» компаниясының басшысы, жоғары білікті маман әрі өз ісінің хас шебері – Мыханов Әбілқайыр Балтабайұлы шақырылып, ол жастармен өзінің кәсіби жолындағы тәжірибелерімен, жетістіктері мен кездескен қиындықтарынан алған сабақтарымен ашық бөлісті.
Қонақ спикер өз сөзінде табысты мансап құрудың басты алғышарттары ретінде — үздіксіз білім алу, еңбекке адалдық, уақытты тиімді басқару және өз ісіңе деген сүйіспеншілік сияқты құндылықтарды ерекше атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс саласындағы заманауи технологиялар мен сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары жайлы нақты мысалдар келтірді.
Кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасып, оқушылар мен студенттер спикерге көкейлерінде жүрген кәсіби және тұлғалық даму жөніндегі сұрақтарын қойып, нақты әрі өмірлік тәжірибеге негізделген жауаптар алды. Бұл жастар үшін құнды мотивация ғана емес, болашақтағы нақты әрекеттерге бастайтын бағыт болып табылды.
Шара соңында қатысушылар жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығы жайлы тың әрі пайдалы ақпаратқа қанығып, еңбекке және кәсіптік дамуға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Жастардың бойындағы мақсатқа ұмтылыс пен табандылықты оятқан бұл кездесу — кәсіби бағдар берудің маңызды алаңына айналды.
Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың саналы таңдау жасауына, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеуге, болашақ мамандығын анықтауына үлкен серпін беретіні сөзсіз.
Abai.kz