Қазақстандағы алып нарыққа кімдер көз салуда?

Бұл туралы ресейлік «Русская община» скинхедтер ұйымының подкастында толық ашық айтылып отыр.
Подкастта «Русская община» ұйымының лидерлерінің бірі Роман 7.62 «әлеуметтік желіде «Северный казах» деген лақап атпен танылған блогер Аслан Төлегеновті өздерінің жиындарына шақырғандарын және Асланға Умар Назарұлы Кремлев емделуге деп мол ақша бергендігін» жасырмай айтады. Сұхбаттың 20-шы минутын қараңыздар:
Биыл тамыз айында Умар Кремлев қолдап жүрген Аслан Төлегенов Қылмыстық кодексінің 174-бабы – «ұлттық, әлеуметтік, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша ұсталған болатын. Ал артынан оған бөлек іс қозғалып, Аслан Төлегеновтің ісі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеуіне өткен. Демек, «северный қазағымыз» тек ұлт араздығын қоздырып қана қоймай, сепаратистік, опасыздық сынды ұлттық қауіпсіздікке сына қағатын аса қауіпті қылмыстар бойынша күдікті атанып отыр. Ал оның жазасы тым ауыр.
Умар Кремлевтің қазақстандық сепаратистерге дем беріп жүргені алаңдаушылық туғызады. Себебі Кремлев дәл қазір бізде енгізіліп жатқан «Букмекерлердің бірыңғай есеп жүйесіне» (ББЕЖ) өзінің Ресейде жұмыс істеп тұрған ЕЦУПИС бағдарламасын орнатпақшы. Умардың өзі Ресейдегі үш ірі букмекер компаниясының («Фонбет», «Пари», «Лига Ставок») ортақ иесі. Аталған үш компания Ресей нарығында көшбасшы болып табылады.
ББЕЖ техникалық модернизация ретінде көрсетілгенімен шын мәнінде финтехті бақылау жүйесі екені анық. Барлық ақпарат, оның ішінде бәстер, клиенттер, транзакциялар, қаржы ағындары бір платформаға жиналмақ. Осыны жүзеге асырса ресейліктер кез келген отандық букмекерді төлем жүйелерінен ажырата алады және клиенттерді өздерімен сыбайлас компанияларға бағыттай алады.
Онымен бірге, миллиондаған қазақстандықтың деректеріне қол жеткізу мүмкіндігі ашылады. Жылына 0,6–1,4 триллион теңге айналымы бар саланы бақылау арқылы ресейліктер Қазақстаннан орасан зор капитал шығара алады. Ал қауіпсіздік протоколдары мен тәуелсіз бақылау болмаған жағдайда бұл кибершабуылдар, деректердің таралуы мен азаматтарға саяси қысым жасауға жол ашады.
Ең қорқыныштысы, жаңа заң күшіне енген соң, ББЕЖ арқылы қажет деректер шетелдік арнайы қызметтердің қолына түссе, олар қазақстандықтарды бопсалап, өз шынжырына байлап аламыз деп алақандарын ысқылап отыр. «Сен кезінде бәс тіккенсің» деп, кез-келген шенеуікті бопсалап үркітуге, қазақ мүддесіне қарсы жұмыс істетуге болады. Умар Кремлевтің іштен шыққан сепаратист Аслан Төлегеновті қолдап жүргені анықталғандықтан, пазл картинасы енді толық ашылды. Кремлевтің артында тұрған солтүстік көршіміздің арнайы барлау қызметі осы механизм арқылы Қазақстандағы әрбір адамды толық өз бақылауына алайын деп тұр.
Abai.kz