Сейсенбі, 14 Қазан 2025
Желтоқсан жаңғырығы 150 0 пікір 14 Қазан, 2025 сағат 13:03

Таяу Шығыста тағы соғыс бола ма?

Сурет: anf-news.com сайтынан алынды.

Қазір әлем назары Таяу Шығыста. АҚШ, Мысыр, Қатар, Түркия секілді елдер күш салып, тұп-тура 2 жыл бойы жалғасып келе жатқан Газадағы соғыс тоқтады (іс жүзінде). зраиль мен ХАМАС тұтқын алмасты.

ХАМАС – тірі қалған ұзын-саны 20 тұтқынды босатты. Тағы 28-і өлген тұтқындар. Олардың 4-6-сының денесін ХАМАС кеше берді. Қалғандарын үйінді-қирандылардың арасынан іздеп тауып, қайтарады. ХАМАС оларды 2023 жылдың 7 қазанында Израильге жасаған шабуыл кезінде кепілге алған.

ИЗРАИЛЬ – ұзын-ырғасы 2000-ға жуық тұтқынды босатпақ. Олардың 250-і Иордан өзенінің батыс бетіне жіберіледі. Қалғандары Газалықтар. Газа аумағында тұтқынға түскендер. Жалпы осы соғыс басталғалы-бері тараптар 3 мәрте тұтқын алмасқан. Израиль бүгінгіні қосқанда 3985 тұтқынды босатқан.

ҮШ ТАЛАП

2023 жылдың 7 қазанындағы шабуылдан соң Израиль Газа секторына, ХАМАС-қа қарсы соғыс ашты, білесіздер. Соғыс ашқанда қойған басты үш талап болды. Олар:

Бірінші талап – тұтқын алмасу (өлгені бар, тірісі бар, барлық тұтқындарды босату). Израиль бұл мақсатына қол жеткізді.

Екінші талап – Газа секторының толық қарусыздануы. Бұл талап та орындалудың аз-ақ алдында тұр. Бұл жолғы бітімнің басты талабы да осы – ХАМАС-тың толықтай қаруларын тапсыруы. Қаруды тек ХАМАС емес, тұтас сектор тастауы керек. Яғни, демилитаризация. АҚШ президенті Трамптың: «Газа толық демилитаризацияланады. Дубай үлгісіндегі ерекше туристік-экономикалық аймаққа айналады», - дегенді жиі-жиі қайталап айтуы да сол. Демек, Израильдің бұл талабы да орындалды деуге негіз бар.

Үшінші талап – ХАМАС-тың толық жойылуы. Бұл жолғы бітімнің шарты бойынша – ХАМАС толық қаруын тастап, биліктен кетеді. Газа секторын басқаруға мүлде араласпайды. Мұның ақысына – тірі қалған хамастықтардың сектордан тірі шығып кетуіне мүмкіндік беріледі.

МЫСЫРДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК САММИТІ

Кеше Мысырда, Шарм ел-Шейхте бейбітшілік саммиті өтті. Оған АҚШ пен Мысыр модераторлық жасайды. 20-ға жуық елдің басшы-қосшылары қатысты. Израиль мен ХАМАС қатыспады.

Қатысатын елдер: Түркия, Әзірбайжан, Иордания, Бахрейн, Пәкістан, Үндістан, Палестина автономиясы, Германия, Франция, Ұлыбритания, Испания, Италия, Мажарстан, Грекия, Кипр, Қатар, Сауд Арабиясы, БАӘ, Индонезия. Еуропалық кеңес төрағасы мен БҰҰ Бас хатшысы да саммитке қатысты.

Талқыланған басты 2 мәселе – Газаны қалпына келтіру және тұтас Таяу Шығыста бейбітшілік орнату.

ГАЗАНЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ

Қазір Газа секторы толықтай қирандыға айналған. Сектор аумағында бірде-бір бүтін ғимарат қалмаған. Десе де, президент Трамп айтқандай, Газа секторын арнайы туристік-экономикалық аймаққа айналдыруға әбден болады және оның сұлбасы да дайын.

Әзірге белгілісі Газаны қалпына келтіру ісінде:

- Мысыр – логистикаға жауапты болып, қауіпсіз аймақ қалыптастырады,

- Қатар – гуманитарлық жеткізілімдер мен энергетикаға жауапты болады,

- Түркия – құрылыс пен жергілікті еңбек күшін даярлауды міндеттеп алады,

- АҚШ пен ЕО инфрақұрылым мен Халықаралық бақылауды ұйымдастырады деп күтіледі.

МӘСЕЛЕ: Десе де, Газада атыс тоқтап, тұтқын алмасты, Мысырға бәрі жиналды деген сөз – Газада бейбітшілік орнады деген сөз емес. Қазір ХАМАС-тың өз ішінде қарсылықтар күшеюде. Кешелері ХАМАС Газа ішінде қаруды тастауға қарсы шыққан өз мүшелерімен атысқанын көрдік. Демек, ХАМАС-тың ішінде қаруды беріп, соғысты аяқтауға қарсы күштер бар. Иә, олардың саны да, ресурсы да аз, бірақ бар. Сондықтан, тұтқын алмасудан кейінгі реттелуі тиіс мәселе – осы қарсылық топтарын жүгендеу.

ТАЯУ ШЫҒЫСТЫҢ БОЛАШАҒЫ

Бұл бұлыңғыр әңгіме. Трамп бастап, өзгелер қоштап: «Газадағы бітім –тұтас Таяу Шығыстағы бейбітшіліктің бастауы», - десе де, бұл жуық арада бол қоятын іс емес. Неге?

Себеп көп. Ең бастысы – Таяу Шығыста шешілмеген мәселелер: жер дауы, саяси қақтығыстар әлі көп. Солардың бірсыпырасы:

1) Израильдің келесі нысанасы – Ливандағы «Хезболла». ХАМАС қаруларын тастап, келісімге келгенімен, «Хезболла» әлі берілген жоқ. Қаруларын тастайтын түрлері де әзірге байқалмайды.

2) Иеменде «Хуситтер» де Израильмен күш сынасып болмады. «Хуситтердің» оқтары Қызыл теңіздегі кемелердің мазасын әлсін-әлсін қашырып жатыр. Оларды біржақты етпей, Израиль басылмайды.

3) Сирияда Голан жоталарының да тағдыры әлі шешілген жоқ. Рас, Сирияда билік ауысып, АҚШ оң қарайтын аш-Шараа команда жасақтап жатқанымен, Сирия деген сиырдың бүйрегіндей қырық-құрам ел. Онда про-израильдік күштер де, анти-израильдік күштер де жетіп-артылады.

4) Израильдің ең басты жауы – Иран. Иран мен Израильдің жекпе-жегі әлі аяқталған жоқ. Иранның жуырда ғана МАГАТЭ-мен жұмысты тоқтатқанын, 28 қыркүйекте Иранға қайтадан санкциялар салынғанын, Иранның ядролық бағдарламадан бас тартпағанын ескерсек, бейбітшілік туралы сөз қозғауға әлі тым ерте.

5) Иордан өзенінің батыс беті – әлі күрмеу шешілмеген ең үлкен мәселе. БҰҰ «екі мемлекет» принципін хатқа жазып, міндеттегенімен, Израиль Палестина мемлекетінің құрылуына әсте жол бермеуге тырысады.

Долбар: Ең соңғы – қазір Израильдің саяси-әскери элитасында Нетаняху саясатына қарсылар аз емес. Халық та ара-тұры наразылықтар ұйымдастырып, премьердің отставкасын талап етіп тұрады. Мұндай жағдайда, Нетаняху үшін соғыстың жалғасқаны тиімді.

Осындай себептермен сөз құрасақ, 20 түгілі жүз жиырма мемлекет жиылса да, Таяу Шығыста жуық жылдарда бейбітшілік орнай қоюы екіталай. Керісінше, өте жуық арада Израиль не Ливанға, не Иеменге соғыс ашуы әбден мүмкін...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 869
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10039