Сенбі, 18 Қазан 2025
Жаңалықтар 363 0 пікір 17 Қазан, 2025 сағат 15:39

Қытай инвесторлары БҚО-да қандай өндіріс ашады?

Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды.

Қазір әкімдердің әлеуеті инвестиция тартумен өлшенетін болды. Баяғыдай республика қазынасына қол жайып отыратын заман келмеске кетті. Бұл бір жағынан, уақыт талабы.

Жаһандық геосаяси жағдай қыспаққа алып, азық-түлік қымбаттап, мемлекет қатаң экономикалық шараларға барып жатқан кезде батыл қимылдамаса болмайды. Осы орайда, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қолға алған ілкімді істерді атап өткен орынды.

2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 093 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есеге артқан. Бүгінде Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада 3-орында тұр. Бұл әрине, үлкен жетістік.

Қазір бұл аймаққа қытайлық инвесторлар келіп, 14 жобаны қолға алыпты. Көрші елдің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сияқты бірқатар маңызды салаға жалпы құны 134 млрд теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Санаулы күндерден кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан елімізге қарай жөнелтіліп те қойған.

Алдымен индустриалды аймақта қуаты 34 мегаватт болатын газ электр станциясы салынады. Бұл жоба кейінгі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады. Зауытқа қажетті қондырғы Қазақстанға жөнелтілді. Алғашқы жүкті тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына елеулі серпін береді», деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бірнеше компания тек энергетика саласын емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау салаларын да инвестициялайды. Қытайлық «VEGA Power» компаниясының бас директоры Гэ Цзянь жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алғашқы кезеңде 30 млн доллар көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Бүгінде алғашқы 5 контейнер жөнелтілгенін және жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылатынын да хабарлады. Облыс әкімі инвесторлармен кездесу барысында нақты талаптарды да атады, олар:

Компаниялар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуы тиіс;

Жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылады;

Болашақ мамандарды оқыту инвесторлардың қаражаты есебінен жүргізілуі тиіс.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 944
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10198