Жетісу инфрақұрылымы: Жаңа тыныс – жаңа серпін!
Жетісу – бұл тек географиялық атау емес, ол – қазақ даласының айрықша мінезін бойына сіңірген өңір. Тауы мен тасы тарих сөйлейтін бұл өлкеде бүгінде жаңа тыныс, жаңа даму серпіні айқын байқалады.
Облыс құрамына 8 аудан кіреді, барлығы 352 елді мекен бар, ал жалпы халық саны 692 948 адамға жетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен аймақ соңғы жылдары ел экономикасының белсенді орталығына айналып келеді. Президенттің айтуынша, «Жетісу облысының әкімдігі туризмді дамытуға айрықша мән беруі қажет. Әсіресе, Алакөл мен Балқаштың орасан зор әлеуеті бар». Бұл сөз – жай үндеу емес, өңірдің болашағын айқындаған бағдар болды. Шындығында, туризмді дамыту тек қана экономикалық өсім емес, мәдени мұраны сақтау, тарихи орындарды жаңғырту, халықтың тұрмыс сапасын көтеру сияқты көптеген әлеуметтік және экономикалық міндеттерді қатар шешеді.
САН СИПАТТЫ ЖЕТІСУ ТУРИСТЕРГЕ ЕСІК АШАДЫ
Шынында да, Жетісу табиғаттың таңғажайып сыйына кенде емес. Алакөл мен Балқаштың көгілдір толқыны, «Алтынемел» мен «Жоңғар Алатауы» ұлттық парктерінің көркем ландшафтары экотуризмнің нағыз ортасына айналуға лайық. Бұл табиғи байлық тек көз тартатын көрініс қана емес, зерттеушілер мен туристер үшін ғылыми, мәдени және рекреациялық мәнге ие. Сонымен қатар, аймақта тарихи ескерткіштер мен археологиялық орындар да көп, олар Жетісудың терең мәдени тамырын айқын көрсетеді. Бірақ табиғат сұлулығының өзі жеткіліксіз – оған жеткізер жол мен инфрақұрылым болмаса, әлеует те іске аспай қалады. Сондықтан соңғы жылдары туризммен қатар, өңірдің инженерлік және көлік инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беріліп отыр. Туризм мен инфрақұрылым – егіз ұғым. Бірі дамымай, екіншісі де алға баспайды.
Қазірдің өзінде бұл бағытта нақты қадамдар бар. Ұлттық парктер мен көл маңында құны 3 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобалар қолға алынды. Бұл жобалар тек туристік бағыттарды дамытумен шектелмей, жергілікті тұрғындарға жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Лепсі–Балқаш тас жолының құрылысы өңірдің экономикалық картасында стратегиялық маңызға ие нысанға айналды. Өйткені туризмнің дамуы – ең алдымен жолдан басталады. Сапалы жол тек туристі ғана емес, шағын және орта бизнесті де қозғаушы күшке айналдырады. Көл жағалауларындағы демалыс базалары мен қонақүйлердің бой көтеруі, жергілікті тұрғындардың сервистік қызметке тартылуы – осының айғағы. Жаңа жолдар туристік ағынды арттырып қана қоймай, аймақтарды логистикалық байланыспен қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нарыққа шығуын жеңілдетеді.
Президент Тоқаев бұл бағыттағы жұмыстың сапасы мен уақтылығын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Себебі, кез келген бастама жауапкершілікпен ұштаспаса, нәтижесі де бұлыңғыр болмақ. «Кейбір мердігерлер міндеттемесін орындамай, шаруаны созбалаңға салатыны жасырын емес. Сондықтан әкімдік тарапынан бақылауды күшейту керек», – деді Мемлекет басшысы. Бұл – аймақтың даму мәдениетін қалыптастыруға бағытталған талап. Аймақта әрбір жобаның іске асуы халықтың сенімін нығайтып, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Сондықтан сапалы жұмыс пен ашық есеп беру – Жетісудың дамуының негізгі шарттары болып отыр.
ТАЗА СУ БАР ЖЕРДЕ – ТІРШІЛІК БАР!
Жол мен туризм мәселесімен қатар, Жетісудің тағы бір өзекті саласы – сумен қамтамасыз ету. Себебі турист те, тұрғын да ең алдымен таза суға мұқтаж. Соңғы екі жылда бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылды. Бүгінде қала халқының 100 пайызы, ал ауыл халқының 99,5 пайызы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. 2022–2024 жылдары 493 шақырым су желісі жаңартылып, 27 елді мекеннің су сапасы жақсарды. Бұрын судың тұздылығынан зардап шеккен Қаратал ауданының Көпбірлік ауылында мәселе түбегейлі шешілді. Бұл тек инженерлік жетістік емес – әлеуметтік әділеттіліктің белгісі, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам.
Сумен қамту жүйесі жаңарған сайын, өңірдегі тұрмыс та жаңарып келеді. Мысалы, Текелі қаласында сүзгі станциялары жаңартылып, екі су қоймасы мен 16,5 км су желісі салынды. Ал Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында көп жылдан бері шешілмей келген су тапшылығының түйіні тарқатылуда. Қазір облыс бойынша 18 жоба іске асырылып, биылдың өзінде төрт ауыл – Қоныр, Үмтыл, Көпалы және Жиделі таза ауызсу жүйесіне қосылады. Бұның барлығы – өңірдегі тұрақты тіршіліктің кепілі. Су инфрақұрылымын дамыту тек тұрғындардың күнделікті қажеттілігін шешіп қана қоймай, туристік нысандардың жұмысын қамтамасыз етеді, ауыл шаруашылығын қолдайды, сондай-ақ экологиялық тұрақтылыққа үлес қосады.
Таза су бар жерде – тіршілік бар. Ал жылы үй – өмір сапасының екінші сатысы. Сол себепті Жетісу жылумен қамту жүйесін де жаңғыртуда. Облыс бойынша 393 шақырым жылу желісі бар, соңғы жылдары оның едәуір бөлігі толық жөндеуден өтті. «Тариф инвестицияға айырбас» бағдарламасы аясында ондаған шақырым желі мен қазандықтар жаңартылды. Бұл – коммуналдық саланы дамытудың заманауи моделі. Енді Талдықорған қаласында қуаты 49 Гкал/сағ жаңа қазандық салынуда. Бұл жоба аяқталған соң жаңа шағын аудандарды жылумен қамтамасыз етіп, бұрыннан бар жүйеге түсетін жүктемені 15 пайызға азайтады. Ал Ұшаралдағы 30 Гкал/сағ қазандық құрылысы аяқталуға жақын. Мұндай жобалар тұрғындардың ғана емес, инвесторлардың да сенімін арттырады. Бұл – аймақтың тұрақты дамуы мен әлеуметтік әділеттіліктің көрінісі.
АУЫШ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫ КӨТЕРІЛСЕ – АЙМАҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ДЕ АРТАДЫ!
Жетісудің дамуының тағы бір тірегі – ауыл шаруашылығы. Табиғаты мен жері қолайлы бұл өңір мал және егін шаруашылығына да, агроөнеркәсіпке де қолайлы. Президент айтқандай, «Жер – халықтың байлығы, ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек». Соңғы жылдары облыс бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталып, соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл – ауыл шаруашылығындағы әділдік пен тиімділіктің көрінісі. Енді бұл жерлер жергілікті шаруаларға үлестіріліп, жаңа өндіріс ошақтарының құрылуына мүмкіндік туып отыр. Заманауи технологиялар мен агроөнеркәсіптік инвестициялар арқасында Жетісудағы ауыл шаруашылығы өнімділігі артып, экспорттық әлеуеті де өсуде.
Ауылдың еңсесі көтерілсе, аймақтың да әлеуеті артады. Инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығының өзара байланысы Жетісуда айқын сезіледі. Таза суы бар, жылы үйі бар, жолы мен жарығы бар ауыл – нағыз өмірдің орталығы. Сондықтан облыстағы әрбір жобаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Туризм арқылы экономикаға қаржы құйылып, инфрақұрылым арқылы тұрмыс жеңілдеп, ауыл шаруашылығы арқылы тұрақты табыс қамтамасыз етіледі. Бұл үш бағыт – бір мақсатқа тоғысқан жүйе.
Бүгінгі Жетісу – табиғаттың ғана емес, адамның еңбегінің де айғағы. Жаңа жолдар, таза су, жылумен қамтылған үйлер – бұлар жай нысандар емес, жаңа өмірдің көрінісі. Әрбір құрылыс, әрбір жоба – болашаққа салынған инвестиция. Аймақтың дамуында басты нәрсе – жүйелілік пен сапа. Сол сақталса, Жетісу ертеңгі Қазақстанның үлгі аймағына айналары сөзсіз. Жетісу бүгінде жаңару мен жасампаздықтың символы. Мұнда табиғат пен технология, дәстүр мен даму қатар өріліп келеді. Жердің байлығын халық игілігіне жаратып, туризм мен инфрақұрылымды қатар дамыту – бұл аймақтың табысты болашағына жол ашады. Сондықтан бүгінгі Жетісу – ертеңгі өркениетті Қазақстанның айнасы деп бек сенімен айта аламыз.
Abai.kz