Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026
Ақмылтық 122 0 пікір 20 Сәуір, 2026 сағат 13:20

Ғылымы дамыған елдердің супердержава болуы міндетті емес!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Редакциядан: Қазақстан өзінің мемлекет ретінде дамуын ғылыммен байланыстырады. Бұл, Қазақстан жағдайында міндетті бағыт, себебі, біздегі табиғи ресурстар мен қазба байлықтың мол болуы – соған сай индустриялық өндірісті дамытуды, жаңа технологияларды енгізуді талап етеді.

Ал, еліміз территориялық тұрғыдан өте үлкен болғандықтан, оған логистикалық және комуникациялық инфрақұрылымды сәйкестендіру де – өз алдына бір ғылыми сала.

Қазақстанның күрделі табиғи‑экологиялық және санитарлық‑эпидемологиялық қауіпті аймақтардың бірі болуы – жеке ғылыми саланы қажет етеді.

Міне, осындай және осыған ұқсас талаптар ‑ мемлекетіміздегі қазіргі ғылым мен білім саясатының негізгі бағытын айқындап отыр: академиялық институттарға дербестік берілді, университеттер ғылыми‑зерттеу орталықтарына айнала бастады, ғылыми тақырыптарды белгілеуде және оны қаржыландыруда ғалымдар біршама еркіндікке қол жеткізуде...

Осыған байланысты біз бүгін ресейлік ғалым, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Санкт-Петербургтегі Еуропалық университеттің профессоры Михаил Соколовтың «Ғылыми супердержавалар және академиялық империялардың құлдырауы» атты мақаласын қазақ тіліне аударып жарияладық. Мақалаға қазақстандық ғалымдар үн қатады деген ойдамыз.

Ғылыми супердержавалар және академиялық империялардың құлдырауы

Әлемдік ғылым елдер арасында қалай бөлінеді және неге ең ықпалды білім орталықтары да бір күні өз басымдығын жоғалта бастайды?

Ғылым туралы сөз болғанда, ол көбіне «ұлттық бәсекелестік» ретінде айтылады: кім көп мақала жариялайды, қай университеттердің рейтингтері жоғары, қай елдердің зерттеушілері көбірек Нобель сыйлығын алады және т.т. — сол ел ғылыми орталық аталады және ол сол елдің саяси‑экономикалық көрсеткішінің бірі деп саналады.

Алайда ғылыми көшбасшылық саяси көшбасшылыққа қарағанда әлдеқайда күрделі екені таңғалдырады: ол саяси шекараларымен де, заңдылықтарымен де, мемлекеттің өрлеу мен құлдырау себептерімен де сәйкес келмейді.

Ғылым тарихына мұқият қарасақ, ғылыми супердержавалар міндетті түрде ең бай немесе ең қуатты армиясы бар елдер болмауы мүмкін екенін көреміз. Мұндай ел үшін ең маңыздысы — алдыңғы қатардағы ғылымда жұмыс істейтін адамдардың елеулі бөлігінің сол жерде шоғырлануы.

Елді ғылыми супердержава ететін не?

Ғылыми супердержава деп әлемдік ауқымда алғанда алдыңғы шепте жұмыс істейтін ғалымдардың өте үлкен үлесі шоғырланған елді айтуға болады:

XVII ғасырда — қазіргі эксперименттік ғылым қалыптасқан кезеңде — мұндай елдер Италия, Англия, Франция және Голландия болды.

Қазіргі өлшеммен олардың жалпы ғылыми қауымдастығы орташа бір университетке де жетпес еді, бірақ сол заманда олар әлемдік білім өндірісінің үлкен бөлігін қамтамасыз етті.

Ғалымдар саны әлемде өскен сайын және жаңа елдер жаһандық академиялық жүйеге қосылған сайын, бұрынғы көшбасшылар абсолюттік тұрғыда өссе де, салыстырмалы түрде әлсірей бастайды.
Бұл таза демографиялық себептерге байланысты: егер бір елдегі ғалымдар саны әлемдік өсімнен баяу өссе, оның үлесі азаяды. Сондықтан ғылыми рейтингтер тек жаңалықтар мен реформаларға емес, демографияға да тәуелді.

Неге ғылым саяси карта бойынша өмір сүрмейді? 

«Академиялық супердержава» ұғымын ұлттық мемлекетпен теңестіру — шартты нәрсе. «Ғылыми супердержава» міндетті түрде саяси, әскери немесе экономикалық супердержава болмауы мүмкін, тіпті дербес мемлекет те болмауы ықтимал.

Мысалы, Галилей заманындағы Италия мәдени кеңістік ретінде біртұтас болғанымен, саяси тұрғыдан бір мемлекет емес еді.

Ғылыми қуат ел ішінде де біркелкі таралмайды: АҚШ-ты ғылыми супердержава дейтін болсақ, біз бүкіл елді емес, негізінен жағалаулар мен жекелеген ғылыми кластерлердегі университеттер мен зерттеу орталықтарын айтамыз.

Елдің үлкен бөлігі ғылымның алдыңғы шебінен тыс болуы мүмкін. АҚШ-тың жарты штатында әлемдік рейтингтің алғашқы жүздігіне кіретін университеттер жоқ. Бұл жағдай Қытайға және басқа ірі елдерге де тән.

Ғылым мемлекет аумағында жасалады, бірақ оны мемлекеттердің өзі жасамайды. Ғалымдар белгілі бір елдерде жұмыс істейді, сол жерде жалақы алады, визалық және қаржылық режимдерге тәуелді.

Бірақ ғылыми байланыстар үнемі шекарадан асып жатады. Әрине, ғылым мен мемлекет арасында байланыс бар: ғылым инновация, бедел және «жұмсақ күш» береді. Сондықтан мемлекеттер оған инвестиция салуға тырысады. Бірақ бұл байланыс жанама: ғылыми жетістік саяси беделді арттыруы мүмкін, ал саяси амбициялар ғылымға инвестицияны күшейтуі мүмкін, бірақ біреуі екіншісін толық анықтамайды.

Академиялық гегемония қайдан басталады?

«Академиялық гегемония» деген ұғым көбіне елдерге қатысты қолданылғанымен, шын мәнінде гегемония мемлекеттерге емес, ғалымдар желілеріне тән.

Кейбір желілер тек білім өндіріп қана қоймай, зерттеу тақырыптарын, жариялау стандарттарын, академиялық мансап ережелерін және «сапалы ғылым» деген түсініктің өзін белгілей бастайды.

Мұндай гегемония беделді журналдарды, сапа критерийлерін және ғылыми мансаптарды бақылауға негізделеді.

Осындай жағдайда қай журнал жетекші, қай әдіс заңды, қай тақырып маңызды деген ортақ түсінік қалыптасады. Ал басқа бағыттар, тіпті терең тарихы болса да, шетке ығыстырылуы мүмкін.

Мысалы, экономика саласында АҚШ-тағы ғылыми орталықтар ондаған жылдар бойы ерекше үстемдікке ие. Бірақ бұл «Америка әлемге тәртіп таңып отыр» дегенді білдірмейді — оған тек АҚШ-та орналасқан желі үстемдік етеді. Оның өзі кейде АҚШ үкіметіне қарсы сынның негізгі көзі болуы мүмкін.

Академиялық империялар қалай әлсірейді?

Ғылым тарихына кеңірек қарасақ, ешбір орталық ұзақ уақыт бойы көшбасшы болып қала алмаған:

Италия орнын басқаларға берді, Англия мен Франция ұлы ғылыми державалар болып қалды, бірақ абсолютті үстемдігін жоғалтты. Германия XIX ғасырда көтерілді, бірақ XX ғасырдың соңына қарай әлсіреді.
XX ғасыр ортасында АҚШ пен КСРО алға шықты, кейін Жапония күшейді, ал соңғы онжылдықтарда Қытай қарқынды өсіп, кей көрсеткіштер бойынша АҚШ-пен теңесті.

Бұл өзгерістер бірнеше фактордың әсерінен болады:

1. Институционалдық таралу.

Ғылыми революция Еуропада басталды, бірақ кейін басқа аймақтар да осы модельді игерді. Халқы көп елдер ғылымды меңгерген сайын Еуропаның артықшылығы азайды.

2. Экономикалық факторлар.

Ғылым ресурстарға тәуелді және талант үшін басқа салалармен бәсекеге түседі. Қытайдың өсуі ғылымның тартымды мансапқа айналуымен байланысты.

3. Миграция.

Ғалымдардың жаппай кетуі елдің ғылыми әлеуетін тез әлсіретеді. XX ғасырдағы Германия — соның айқын мысалы.

Мемлекеттік саясат ғылымға әсер ете ме?

Әр мемлекет ғылымды әртүрлі деңгейде қаржыландырады және өз басымдықтарын енгізуге тырысады.

Соңғы жылдары АҚШ-та гранттардың қысқаруы, визалық шектеулер және саяси қысым ғылыми көшбасшылықтың болашағы туралы пікірталас тудырды. Дегенмен, бұл автоматты құлдырауды білдірмейді. АҚШ-та ғылым тек мемлекеттік қаржыға тәуелді емес — жеке қорлар мен университет ресурстары да маңызды.

Ғылыми көшбасшылықты жоспарлауға бола ма?

Мемлекеттер ғылыми супердержаваны жоспарлы түрде құруға болады деп ойлайды: жалақыны өсіру, ынталандыру енгізу, жарияланым санын арттыру.  Алайда бұл әрқашан нәтиже бермейді. Формалды белсенділік өссе де, маңызды зерттеулер көбеймей қалуы мүмкін.

Ғылыми шынайылықтың басты шарты — жаһандық ғылыми пікірталасқа қатысу. Ғалымдар халықаралық журналдарды оқымайынша, олар ғылымның алдыңғы шебіне шыға алмайды. 

«Жарияланым қақпаны»

Артық әкімшілік қысым ‑ жалған ғылымның көбеюіне әкелуі мүмкін: «қоқыс» журналдар, диссертация фабрикалары, имитациялық зерттеулер пайда болады. Уақыт өте келе мұндай жүйе өзін-өзі көбейтетін жабық ортаға айналады.

КСРО мысалы көрсеткендей, ғалымдар саны көп болуы сапаны білдірмейді. Көптеген адамдар ғылыми жүйеге формалды түрде кіргенімен, шынайы зерттеу не екенін түсінбеді.

Қазір бұл мәселеге жасанды интеллект қосылып отыр — автоматты мәтіндер сапалы және жалған ғылым арасындағы шекараны одан әрі бұлыңғыр етеді.

Бүгінгі әлем не дейді?

Ғылыми көшбасшылық — өте өзгермелі құбылыс. Ірі орталықтар әлі де бар, бірақ олардың артықшылығы мәңгі емес. Барлығы еңбек жағдайына, миграцияға, институттарға және ғылымның орнына оның сыртқы белгілеріне ғана ұмтылмауға байланысты.

Сондықтан ғылыми супердержава — тұрақты мәртебе емес, уақытша жағдай. Ол талантты өзіне тарта алғанша, мүмкіндігінен асып кетпегенше және «жасанды айғай‑шуға» батып кетпегенше ғана сақталады.
Бұл шарттар бұзылған сәттен бастап, тіпті сырттай мықты көрінсе де, оның құлдырауы басталады...

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑ғалым

Abai.kz

0 пікір