Сәрсенбі, 5 Қараша 2025
Жаңалықтар 194 0 пікір 5 Қараша, 2025 сағат 14:13

Жетісуда қос сахна саңлағының мерейтойы өтті

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Жетісу облысында Бикен Римова атындағы драма театрында қазақ сахна өнеріндегі жұлдызды жұп Қазақстанның халық артисі Алмахан Кенжебекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кендебай Темірбайұлының 75 жылдық мерейтойына арналған "Өнерде – 50, өмірде – 75» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешке облыс әкімі Бейбіт Исабаев, сол сияқтыТұңғышбай Жаманқұлов, Нұрқанат Жақыпбай, Дариға Тұранқұловалар бастаған өнердегі әріптестері, зиялы қауым өкілдері, өнерсүйер жұртшылық қатысты.

Алдымен қонақтар театр фойесіне қойылған сахна саңлақтарының шығармашылығына арналған көрмені аралады. Онда сахналық киімдері, спектакльдердегі рөлдерінен фотосуреттер, жалпы өнерлеріне қатысты басқа да бұйымдар қойылды.

Сахнада құттықтау сөз сөйлеген Бейбіт Исабаевқазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қос саңлақтың өмір жолы мен шығармашылықта еңбегін ерекше атап өтті.

- Өнерде де, өмірде де тағдыр жолы тоғысқан сахна саңлақтары көп емес. Сол аз шоғырдың ішінде сіздердің есімдеріңізді біз әрдайым құрметпен атаймыз.Сіздердің өмір жолдарыңызды Бикен Римова атындағы театрдан бөліп қарау мүмкін емес. Ең алғаш осы театрдың іргетасын қаласып, сахна шымылдығын ашқан, табан аудармай жарты ғасыр бойы өнерге қызмет етіп келе жатқан сіздерге жетісулықтардың атынан ерекше ризашылығымды білдіремін, - деді Бейбіт Исабаев.

Абай атындағы опера және балет театрының өнерпаздары, «Иль-Канто» квартеті, «Қоңыр» тобы әннен шашу шашты. Жетісулық өнер ұжымдары әртістерінің орындауында Алмахан Нұрпейісқызының өлеңдері оқылып, «Дәнеш аға», «Фариза», «Қызыма» секілді бірқатар әндері орындалды. Қос актер түскен «Көшпенділер», «Бір уыс бидай» т.б фильмдерден, олар қатысқан телехабарлардан үзінділер берілді.

- Бүгінгі кештен ерекше әсер алдым. Жалпы театр қойылымдарының тұрақты көрерменімін. Осындай кеш өтетінін әлеуметтік желіден оқып біліп, арнайы келдім. Біздің театрдың белді актерлері, абыз ақсақалы мен абыз анасына айналған Алмахан апай мен Кендебай ағаның өнер жолынан тағылымды дүниелер алдым деп ойлаймын, - дейді көрермен Әлия Малғаждар.

Еске салсақ, қос актер Шолпан Жандарбекованың класын бітіріп, алғашқы еңбек жолын жаңа құрылған Талдықорған театрында бастап, елу жыл сахнаға адал қызмет етіп келеді. Алмахан Кенжебекова - Қазақстанның Халық әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иесі, Ұмай сыйлығының иегері, Алматы облысының Құрметті азаматы. Ол Мұхтар Әуезовтің «Абай» драмасында Айгерім, «Хан Кенесінде» Бопай, Бек Тоғысбаевтың «Ақын Сара» пьесасында Сара, Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә» қойылымында Жәмилә т.б. көптеген рөлдерді сомдады, сол сияқты көптеген фильмдерге түсті. Ал Кендебай Темірбайұлы - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. Ол Шыңғыс ханан бастап Әлихан Бөкейхановқа дейін қаншама хандар мен батырлардың, қайраткерлер мен ақындардың, басқа да кейіпкерлердің образын сахнаға алып шықты. Театр ұжымы өткізген бұл мерейтойлық шараның мақсаты – ұлттық сахна өнерінің дамуына зор үлес қосқан майталман тұлғаларды дәріптеу, олардың бай шығармашылық мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау және жас актерлерге өнеге ету.

Abai.kz

0 пікір