«Құлымбетовтің балаларын бөлмеңдер!» «Теке сақал» Калининнің бұл бұйрығы газетке де басылыпты...
Адам баласы жарық дүниеге келгеннен кейін бейнет көретіні заңдылық қой. Дегенмен, көзін тырнап ашқаннан «халық жауының» перзенті атанып, көрінгеннен көз аларту мен жекіген сөз есту арқылы қаншама жыл қасірет жасын төгуден артық мехнат бар ма екен? Иә, 1937 жылдары еліне адал қызмет атқарған арыстай азаматтарды ұстап, жазықсыздан жазықсыз «халық жауы» деген жалған айыппен атып тастаған ардақтыларымыздың артында қалған ұрпақтары күні кешеге дейін осындай ауыр азап шекті. Cондай тағдыр иесі көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпақтары. Ол кісінің кіндігінен өрбіген Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат сынды балаларының ішінен біз Орынша және Кәбира апаларымызбен тілдесе алдық. Өз отбасының, яғни Құлымбетовтер әулетінің басынан кешкен өмір тарихын баяндайтын «Тағдыр» атты кітап жазған Орынша апамыз әкесі жайлы әңгімені былайша бастады:
Адам баласы жарық дүниеге келгеннен кейін бейнет көретіні заңдылық қой. Дегенмен, көзін тырнап ашқаннан «халық жауының» перзенті атанып, көрінгеннен көз аларту мен жекіген сөз есту арқылы қаншама жыл қасірет жасын төгуден артық мехнат бар ма екен? Иә, 1937 жылдары еліне адал қызмет атқарған арыстай азаматтарды ұстап, жазықсыздан жазықсыз «халық жауы» деген жалған айыппен атып тастаған ардақтыларымыздың артында қалған ұрпақтары күні кешеге дейін осындай ауыр азап шекті. Cондай тағдыр иесі көрнекті қоғам қайраткері, халқымыздың біртуар перзенті Ұзақбай Құлымбетовтің ұрпақтары. Ол кісінің кіндігінен өрбіген Ақтөре, Кәбира, Бостан, Орынша, Болат сынды балаларының ішінен біз Орынша және Кәбира апаларымызбен тілдесе алдық. Өз отбасының, яғни Құлымбетовтер әулетінің басынан кешкен өмір тарихын баяндайтын «Тағдыр» атты кітап жазған Орынша апамыз әкесі жайлы әңгімені былайша бастады:
«КАРЛАГ-ты салуға қарсы болған еді...»
- Менің әкем жайлы неге екенін білмеймін көп айтыла бермейді. Негізінен ең алғаш атылған осы менің әкем бастаған он тоғыз комиссар екенін тарихты оқығандардың білмеуі мүмкін емес. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Сасықкөл ауылында 1891 жылы 18 наурызда дүниеге келген Ұзақбай Құлымбетов Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин ашқан орыс-қазақ училищесін бітіріп, Ақтөбедегі педагогикалық институтта жоғары білім алған. Негізі өзінің мамандығы орыс тілі мен әдебиетінің оқытушысы. 1912-18 жылдар аралығында осы өзінің мамандығы бойынша Торғай мен Ырғызда мұғалімдік қызмет атқарған. Ал, кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылдан бастап ол кісі сондағы ревкомның мүшесі болды. Ырғызда аудандық партия комитеті құрылғанда соның хатшысы болды. Солай өз еңбегімен біртіндеп көтеріліп 1922 жылы Ақтөбеде облыстық оқу бөлімін басқарған. Сол тұста қазақ балалары толықтай сауаттануы үшін көптеген мектептер ашуға ұйытқы болған. 1922 жылдан 1925 жылға дейін Ақмола губерниясының төрағасы қызметін атқарды. Ұзақбай Құлымбетовтің көп қыры осы қызметті атқарған тұсында белгілі болады. Мәселен аз уақыт ішінде Петропавл қаласындағы консерві зауытын, Риддерді, т.б қалпына келтіреді. Сондай ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен көзге түскен оны 1925 жылы басшылық сол кездегі еліміздің астанасы Қызылордаға шақыртып алып Халық шаруашылығы орталық кеңесінің төрағасы етіп тағайындайды.
Сол кезде Ембіде мұнай өнеркәсібін кеңейтіп, қуатын арттырып, мұнай айыру зауытын салдыру керек болады. Біздің алтын кенімізді Мәскеу алып қойған ғой, соны қайтару жөнінде мәселені қозғаған осы Ұзақбай Құлымбетов еді.
1931 жылы Кеңес үкіметінің басшылары Қарағандыда КАРЛАГ-ты, сондай-ақ АЛЖИР-ді саламыз дегенде, Ұзақбай Құлымбетов «жерімізді лагерге айналдырмаймыз» деп оған қарсы шыққан.
1926 жылдан 1935 жылға дейін ол кісі Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, онымен қоса Сауда министрі қызметтерін атқарған. Өзі 1937 жылдың 2 тамызында ұсталса, оған дейін Орталық партия комитетінің бюро мүшесі болды.
Ол кісі партия қызметін атқарғанмен, соның барлығын қазақ үшін, ұлтының жақсы өмір сүруі үшін жасады. Мәселен Орталық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанында Қазақстан автономиялы республикадан Одақтас республикаға айналды. Қазақ елі өзінің жеке Конституциясын қабылдады. Соның барлығының басшылығында Ұзақбай Құлымбетов тұрды емес пе? Кейде ыза боласың, басқа біреулерді айтып жатады, ал нағыз жұмыс істеген адамды айтпай кетеді.
«Үйге 14 жетім баланы ертіп келген...»
Ұзақбай Құлымбетовтің ұлты үшін атқарған қызметін қалың елі әрине, біледі. Еңбек жолын өзі дүниеге келген Ақтөбе өңірінде ұлағатты ұстаздықтан бастап, 1937 жылы ұсталып кеткенше Қазақ Орталық атқару комиететінің төрағалық қызметке дейін көтерілген тұлға ретінде халқының тарихынан орын алған болса, перзенттерінің есінде әке бейнесі қалай сақталыпты? Бұл сұрағымызға Кәбира Ұзақбайқызы былайша жауап берді:
- Әкемнің түр-тұлғасы әлі күнге көз алдымда. Алып денелі, кең иықты, аяғын ақырын басып, жаймен ғана сөйлейтін, қысық көзді, қара торы кісі еді. Ернінің үстінде кішкене ғана қияқ мұрты болатын. Үйде үнемі қазақы тақия мен шапан киіп жүретін. Атамның мен бір аңғарған қасиеті көпшіл еді. Олай дейтінім, кеңсеге барып жолыға алмаған біреулер баласының оқуымен, біреулер шағынып, әйтеуір үйден кісі арылмайтын.
1932 жылдың жазы болатын. Бір күні тысқа шықсам, қақпа сыртында әлдекім құлап жатыр екен. Қасында 12-13 жастар шамасындағы қыз бала жылап отыр. Қастарына барсам әлгі құлап жатқан шал «Ұзақбай, Ұзақбай» деп ыңырсыды. Үйге жүгіріп кіріп әжеме айтып ем, ол кісі шығып «Ой, байғұс, мынау Қайролла ғой, тәтеңді шақыр» деді. Жолмұрат тәтем әлгі кісіні үйге кіргізіп жатқызды. Соңынан білдім, жаңағы кісілер Қызылордада бізбен көрші тұрған екен. Содан өздеріңіз білесіздер сол тұста ашаршылық басталды емес пе? Ақсақалдың кемпірі қайтыс болып, күн көріс қиындап кеткен соң, біздің әкемізді демеу көріп жолға шыққан беттері екен. Әкем ауладағы үйді ақтатып, қызы Зәйтуна екеуін сол үйге кіргізді, жұмысқа тұрғызды. Бірақ Қайролла ауырып қайтыс болды да, қызын ұзатқанға дейін біз асырадық. Бір бұл ғана емес, әкем 1933-34 жылдары Қарақалпақстанға барған сапарында 14 жетім баланы үйге алып келіп, моншаға түсіріп, екі-үш айдың көлемінде олардың бірін интернатқа берсе, біразын жұмысқа орналастырып, аяқтандырып жіберді.
«Менің жаным олардан ардақты емес..»
- Шешем Әйіш Құлымбетова КАРЛАГ-та он жыл қой баққан. Бірақ ол жақта көргендері жөнінен бір ауыз бірдеңе айтқан емес. Себебі қамаудан шығарда ешкімге ештеңе айтпауға уәде беріп қойған ғой, - деп сабақтады әңгімесін Орынша апай, - Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Жүргенованың аузынан естігенім: «Ұзекеңдерді ататын күні мен үйде отыр едім, бір жақыным келді де «Ертең газетті алып құлап қалып жүрмеңіз. Себебі ертең Ұзекең бастаған он тоғыз адам атылатындығы жөніндегі қаулы газетке басылады. Соны сізге ескерткелі келдім» деді. «Ойбай, ешкім сені бұл маңнан көрмей тұрғанда тезірек кет» дедім. Ол кете бере, айтқанымдай жендеттер келді-дағы мені ұстап алып кетті. Барсам, он тоғыз комиссардың әйелдері түгел екен. Барлығын сыз камераның еденіне жайғастырыпты. Мені де соларға апарып қосты. Біраздан кейін Әйіш жеңгей келді. Әлгі жер тар, отыратын да орын жоқ. Сосын мен басқаларға «тізелеріңді тағы да қысыңқыраңдар» деп жеңгейді қасыма шақырып алдым. Содан кейін естіген әңгімемді қасымдағыларға сыбырлап қана «Ертең біздің жолдастарымыз атылады екен» деп ем, әйелдер күңіреніп кетті. Даусымызды естіген күзетші жендеттер айғайлап, тітпен қол жұмсауға дейін барды. Сосын біз тыншыдық».
Дәмеш апаның өзі КАРЛАГ-та мейірбике болыпты. Әйелдер ауыр жұмыстан бір уақ тынығып алсын деп, кезегімен бюллетень жазып береді екен. Сонда әйелдердің ішінде біздің шешеміз Әйіш: «Ұзекеңдер де атылып кетті ғой. Менің жаным олардан ардақты емес» деп, бірде-бір мәрте бюллетень алмапты. Сол мықты төзімінің, шыдамдылығының арқасында шығар, он жыл отырғаннан кейін 1947 жылы аман-сау ортамызға оралды. Үлкен ағамыз Бостанның қолында Ташкентте тұрды, бірақ соңында менің қолымнан ақтық сапарға аттанды. Қазір Кеңсайда жатыр.
Күні кеше ғана мақтанышпен көшеге іліп қойған Ұзақбай Құлымбетовтің суреті ұсталған күні-ақ мыж-мыжы шығып көшеде жатады. Әке бейнесінің неге аяқ астында жатқанын бала көңіл жете түсінбесе де, бір жамандықтың болғанын іштей сезеді. Сөйтіп суретті жерден көтеріп жылап тұрған бес жасар Орыншаны қызыл жағалылыр аямай қойып қалады. Ұзақбайдың балалары үшін тағдырдың таяғы міне осы тұстан басталып еді. Әкелері атылып, аналары КАРЛАГ-та айдауда жүргенде, тоз-тозы шыққан Ұзақбай Құлымбетовтің балаларының біразы жетімдер үйінде, біразы ауылда ағайындардың қолында жүрді. Жетім балалар үйінде жүргеннің өзінде үш баланы бір-бірінен айырғысы келеді. Сонда олар бір кездері үйлеріне келіп жүрген Калининге телеграмма салады. Ол кісі де адамгершілік танытып, «Құлымбетовтің балаларын бөлмеңдер» деп бір ауыз бұйрық жібереді. Ол бұйрық газетке жарияланады да, сол арқылы Жолмұрат балаларды тауып алады. Ол ел ішінде әркімдерді ұстап әкетіп жатқан тұста апасы Зылиқаны алып, Қарақалпақстанға кеткен еді. Мойнақ деген жерінен қоныс теуіп, біраз естерін жиған соң, Құлымбетовтер әулетін жинауға кіріседі. Жетімдер үйіне өтіп кеткен Бостан, Марат, Кәбираны, ауылда әр ағайынның қолында жүрген балаларды өз қолына алды. Сол кезде Ұлы Отан соғысы басталды. Басқа елде жүрсе де «халық жауының інісі» деген аттан арыла алмаған Жолмұрат «Ұзақбай-ау, өзің жұмаққа бардың да, неге біздерді тозаққа тастап кеттің? Кімге, неге жау болдың? Сенбейміз біз оған» деп жылап отыратын көрінеді. Содан не өлейін, не әлгіндей аттан арылып келейін деп, соғысқа баруға арыз тастайды. Онда да он рет алмай, арызын кері қайтарып, ақыры он біріншісінде ғана қабылданады.
- Әскерге кететін күні Жолмұрат ағам барлығымыздың туу туралы куәлік, т.б құжаттарымызды түгел жинап алып, құмға өртеді. Сонда метіркем отқа оранып бара жатқанда тура өзімнің жаным жанып бара жатқандай болды. Ағам өзі көрген қиындықты біз көрмесін, «халық жауының балалары» деген аты алдағы өмірлерінде аяқтарынан шалмасын деп солай еткенін айтып, бізден кешірім сұрады. Сөйтіп тегімізді арғы аталарымыздан алып, Қарабалина болып шыға келдік. Ал, Жолмұрат болса майданнан қайтып оралған жоқ, - деп Орынша апай бір уақ үндемей қалды.
Осылай құжаттарды тегіс өртегенмен, Ұзақбайдың балаларын үш әріп қайда барса да аңдымай қалған жоқ. Оқу бітіріп, жұмысқа орналасқанда да Орынша Қарабалинаның сабақ беретін оқу орны басшысына жоғарғы жақтан қоңырау шалып, «Неге халық жауының баласын тарих пәнінің мұғалімі етіп аласың? Балаларымыздың барлығын жау қылып жібермей ме?» дегенін телефоншы қызметінде істеген әпкесі Ақтөре өз құлағымен естиді. Содан Орыншаға қуғындап жатса, қорықпауын ескертеді.
«Анамызды алғаш танымай қалдық...
Ұзақ уақыт әке-шешесінсіз жетімдік көрген Ұзақбайдың балалары үшін айдауда жүрген аналары ақталып шыққанда, бақыттың беті бері қарағандай болды. Ташкентте үлкен баласы Бостанның қолына келген Әйішті көруге бұл жақтан қыздары Орынша, Ақтөрелер, Кәбираның қыздарын ертіп жолға шығады. «Ойпыр-ай, ол кісі қандай болып кетті екен? Бізді таныр ма екен?» деген толғаныс әрбірінің көңіл түкпіріне еніп, маза таптырмай барады.
- Пойыз ақырын жылжып тоқтайтын сәтінде терезеден сыртқа көз тастаған Ақтөре апамыз: «Әне, тұр» деген жаққа қарасақ, басына жаулық салған, қазақы қамзол киген, бұрынғы біздің анамызға мүлдем ұқсамайтын басқа біреуді көрдік, - деп жалғады әңгімесін Орынша апай, - Ол кісі жас шағында өте сәнмен киінетін. Нағыз зиялы, қазіргі тілмен айтқанда Үкімет басшысының әйелі болды ғой. Біздің көз алдымызда да сол сәнқой бейнеде қалған еді. Сосын ба, Әйіштің қазақы киімдегі түрін көріп, танымай, тосырқап қалғанымыз. Анамыздың өзі біз пойыздан түсе бере құшағын жая ұмтылды. Сол жерде жылап, көрісіп, у-шу болдық та қалдық. Сосын арбамен ауылға кеттік. «Айналайындар, сендерді де көретін күн бар екен ғой» деп Аллаға ризашылық білдіріп көз жасын бұлап алды. Бірақ, лагерде не істегені, нендей азап шеккенінен бір ауыз тіс жармады. Содан осы Алматыда Татарка деген жерден үй алып, бәріміз бас қостық. Көп ұзамай әкеміздің ақталғандығы жөнінде шешім де шықты.
Дүниеде ғалымның хаты өлмейтін болса, жақсының аты өлмейді. Ұлты үшін ұлан-ғайыр еңбек сіңірген Ұзақбай Құлымбетовтің атына Алматы мен Ақтөбеде көше аттары берілген. Жүзжылдық мерейтойы қарсаңында Ырғыздағы Сасықкөл елді мекенін, мектептің атын, тағы бір көшенің атын берген екен. Бірақ, соның барлығы қағаз жүзінде тураланбаған, заңсыз деп, бүгінде мектептен де, ауданнан да ол кісінің атын алып тастапты. Оған араша түсіп отырған не бір мүйізі қарағайдай басшы, не зиялылардың бірі жоқ. Әкенің жоғын жоқтап, мұрасын түгендейтін балаларының да бүгінде шаштарына ақ, беттеріне әжім түскен. Тек бар үміттері кейінгі жастарда. Олай болса, ұлылықты ұғынып, ұлтын-жұртын сүйген ұлықтардың үмітін үрлеп жағу бүгінгі ұрпақтың мойнына сын.
Мариям ӘБСАТТАР.