Дональд Трампп саясатта түлкі ме, тазы ма?
Бұл сұрақ қазіргі әлемдік геосаясатта «соғыс және бейбітшілік» тақырыбымен қатар көтерілетін өте маңызды тақырыпқа айналды...
Дональд Трампп АҚШ‑тағы президенттік сайлау алдында да «оңған тірлігімен» көзге түсіп тұрмаған‑ды: соттар оны «соттаймыз» деп жатты, өзге де қармаққа түсіруді көздеушілер Трамптың қыр соңынан қалмады... Бірақ, алдын ала зерттеуде «Трамп жеңіледі» деген болжам быт‑шыт болып, Дональд сайлауда жеңімпаз болып шыға келді...
Трампқа қанша дауыс алғаны еш маңызды емес еді, ол: Жеңдім бе – менің мәселем осымен бітті! Жеңілдің бе – сенің де мәселең осымен бітті!», ‑ деп, өзінің екінші президенттігіне қайта оралды...
Дональд билікке келе салысымен, саясатты бірден медицинада «шоковая терапия» деп аталатын қадамнан бастады: Ешкімге дес бермей, ешкімді тыңдамай отырған РФ президенті Путинді «Ол менің досым ғой, досым мені тыңдайды, мен соғысты 24 сағатта тиямын» деп, уәдені оңды‑солды берді кеп, берді кеп...
Жәй ғана уәде беріп қоймай, «Анау Байден деген дұрыс саясат жүргізбеді. Мен болғанда, мені халық сол кезде‑ақ (бес жыл бұрын) сайлап жібергенде –мына соғыс мүлдем болмас еді!» деп, күндіз‑түні қайталаумен болды...
«Тамшы тас теседі» деген бар қазақта, сол сияқты, әмерикан халқы да Трампқа сене бастады: «Соғыспен «бас қатыратын» адамдар болса, оны ойлап қажеті не?» деген ой барлық қоғамдарға тән болса керек...
Еркіндік құндылығы
Бірақ, әмерикандықтарда өзгермейтін, өздері оны Ұлы Қасиет санайтын бір құндылық бар, ол – Еркіндік! Сондықтан, АҚШ азаматтары Тәуелсіз Украина сияқты көрші елдің территориясын аннекциялап, Қырымда және екі облыста референдум өткізіп, оны «конституциялық шабуылмен» өзіне қосып алған Ресейдің әскери әрекетін еш қолдамады. Бұл Еркіндікке төнер қауіп! Сол себепті, әмерикандықтардың басым бөлігі Дж.Байденнің «Украинаға қару‑жарақ және қаржылық көмегін» толық қолдап келді...
Бірақ, «өзін соншалықты жақсы көретін Трамптың» Украина президентін Ақ үйге шақырып алып, әмерикандықтардың көзінше «қазіргі заман геройына» айнала бастаған Зеленскийді «Сен кімсің, бізге ақыл айтатын, осы сенің қолыңда қандай картаң бар, айтшы маған!» деп «жерден алып, жерге салуы» халықтың ашуына тиді...
Со кезде кенет өзін «тазы сезініп кеткен» Трамп та «тым артық кеткенін» тез түсіне қойып, бірден түлкібұлаңға салды: «Білмеймін, сондай сөздерді айттым ба, немене?» деп..., бейкүнә күйге көшті.
Әрине, ол «түлкілікті» жалғастыра отырып, «Путиннен де суыртпақтап сөз тартумен» болды: «Ол жақсы жігіт, еркек. Мені тыңдайды. Ал мен Украинаға көмек бермеймін» деп, әлемнің «басын қатырып» қойды, Ресейді «дәмелендіріп» қойды... Бүкіл дүние «Енді не болар екен?» деп қорқыныш құшағына оранды... Әмерикандықтар болса «Трамп кет!» деген митингіге шықты... Трамп гольф ойнауға кетті...
Біраз гольф ойнап, денесі қызған соң Трамп қайтадан өзін тазы сезінді: Ол Зеленскиймен және кездесіп, Украинаның тәуелсіздігін мойындайтынын, бірақ, мына соғысты тоқтату керектігін, ол үшін аталған территорияларды Ресейде қалдыра тұруды, кейін оны бейбіт жолмен реттеуді ұсынды... Әрине, мұндай сепаратистік‑капитуляциялық идея Украинаға ұнай қоймады – ол жерлердің Ресейде мәңгілікке қалып қоюы да мүмкін...
Бірақ, алғашқы кездесуден‑ақ Трамптың «қарсы пікірді қалай қабылдайтынын» байқап қалған, өзі актер, өзі психолог Зеленский бірден басқаша тактикаға көшті: «Оо, Ұлы Трамп, сіз қандай мадаққа болса да лайықтысыз» дегендей сөздер айтыла бастады...
Содан бері Зеленский осы бағыттан айнымай келеді, бірақ, әлемде бірде‑бір адам оған «Сен жағымпазсың!» деп айтқан жоқ. Қайта керісінше, Зеленскийге «Түсінеміз» деген кейіп танытып, оған құшағын жая түсті...
Ұйқыдағы Еуропаның оянуы
...Сонымен, Трамп өз елінде «тағынан айырылу» қаупіне қарамастан, Ресеймен «бейбітшілікке келу» ойынын жалғастыра берді...
Сол екі арада, ол қарап жатпай, НАТО құрамында жарты ғасырдан астам уақыт маужырап, ұйқыға кете бастаған Еуропа елдерінің төбесіне өзінің ең үлкен Мичиган өзенінің суық суын төге салды: «Сендер осы соғыстан өздерің қорғаныңдар. Ол АҚШтың шаруасы емес. Мен алыстамын. Қаласаң қару‑жарағыңды өзің жаса, жасай алмасаң менен оны сатып ал – тегін жатқан дүние жоқ!» деді...
Еуропа шошып кетті... Бірінен соң бірі НАТОдағы әскери бюджетті 5 пайызға өсіретіндерін жариялады, «Украинаға көмек» атты еріктілер тобын жасақтауға кірісті, қару‑жарақты да сатып алуға келісті... Сөйтіп, Трамп өзінің «біресе тазы, біресе түлкі» мінезімен, Еуропаны «оятты», Ресейге алғаш рет «Бейбіт келіссөздерге қарсы емеспіз» деген сөздерді айтқызды, санкцияны да салды, асауды жуасытты... жуасқа дем берді...
Әлем түсініксіз боп кетті: тазы қайда шауып барады, түлкі қайда қашып барады – түсініксіз... Жұрт жабылып жоқ боп кеткен гольфтың добын іздей бастады...
Міне, сөйткен Трамп Қытаймен де «араздасып» көрді де, әбден қытығына тиіп болған соң: «Қой құрсыншы бәрі, дос болайық одан да» деп бұлт етті...
Сөйтіп, одан қайтар жолда Орталық Азияны жайлап жатқан бес мемлекетті «өзінің арнайы шақыруымен» іле кетті... О тоба, бұрын‑соңды мұндайды кім көрген десеңші!
Ортаазиялық ойын қалай өтуде?
Міне, Трамптың жедел‑ғабыл С5+1 форматы Ресей‑Украина соғысынан кейін өзектілігі арта түскен формат болды. Бұған Ресей де, Қытай да, Түрік те, ЕО да, Германия мен Франция да, Оңтүстік Корей мен Жапон да мұқият қарап отыр, бақылап отыр...
Себебі, аталған елдердің барлығының дерлік Орталық Азияда өз мүддесі бар. Көбінің ОА елдерімен интеграциялық жобалары бар. Бизнестері де ашылған...
Ендеше, осы аймақты «екі қуатты көршілердің ықпалына толық тәуелді етуге» бұл елдер (ЕО, Оңтүстүк Корей мен Жапон, Түркие) ешқашан келіспек емес...
Осыны ашық айту үшін де тазы болу керек еді, олар бола алмады. Тағы да Трампқа арқа сүйеді – ал оған бұл үйреншікті нәрсе...
Несі кетіп барады, бес мемлекет басшылары келді, оның құлағына жағатын сөздерді айтты:
Өзбекстан президенті Мирзиеев: «Сіз әлемдегі ең мықты президентсіз. Ресей мен Украина соғысын сіз ғана тоқтата аласыз. АҚШ-тың бірде-бір президенті бұған дейін сіз секілді ОА-ға назар бұрған жоқ», - деді.
Тәжікстан президенті Рахмон: «Сіз бейбітшілік президентісіз. Сіздің барлық бейбіт бастамаларыңызға сәттілік тілеушіміз», - деді.
Қазақстан президенті Тоқаев: «Сізді Құдай бәрімізге ортақ түсінік пен дәстүрді, құндылықтарды АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатына қайта әкелу үшін жіберген», - деді.
Кей кісілер мұны: «ОА басшылары жаппай Трампқа мақтау айтып, жарамсақтанды», - деп ойлайды екен.
Иә, мүмкін солай да шығар?..
Осындайда, мұндай тәсіл әлемдік саясат тарихында үнемі қолданылатынын, қолданылып келе жатқанын айтпасқа болмайды: Егер, Трамп ақсақал сондай «жылы сөзді қалап тұрса», оны неге айтпасқа – тіл мен жақ оған ақша сұра жатқан жоқ қой?..
Есесіне, ол «жылы сөз» сіздің үйде жатқан жыланды сыртқа шығарып, сізге өмір силап жатса – «Айналып кетейін Трамп» десе де артық емес...
Ал, біздің Тоқаевтың сөзін дипломатиялық мәдениетті батыс құндылықтары мен өркениетімен жалғастырудың, сонымен ұштастыра алудың көрінісі дер едім.
Батыс құндылығында «Адасқан адамзатқа жол көрсету үшін қайта тірілген Исуус Христос» бейнесі санаға әбден сіңген.
Ол жерде бұл сөз «Сіз Құдайсыз!» деген төтежағымпаздық мағынада қабылданбайды. Батыс бұл сөзді естігенде оны «Христостың оралуын» еске алып, мінажат ету» деп қана түсінеді. Ешқашан «жағымпаздық» деп ойламайды – еркін елдерде, сол сияқты, бағзы қазақ елінде де «жағымпаздық» жаман қасиет болған, бола береді...
Міне, осыны ұқпасақ біз Тоқаевтың және өзгелердің сөздерін өзіміздегі отыз жыл бойы тура мағынасында әртүрлі трибунадан айтылып келген «Күн көсемімізсіз, тек сізбен мақтанамыз» деген жағымпаздықтың классикалық формуласымен шатастыруымыз мүмкін.
Оны шатастырмау қажет деп санаймын: Бұл жердегі айтылған мадақ сөздердің ар жағында Орталық Азия елдерінің ғасырлар бойы толық еркіндікті аңсаған арманының ұшқыны жатыр деп ойлау керек.
Оның кілті бүгінде әлемдегі ең ірі держава АҚШтың қолында, оның сайлап алған президенті Дональд Трамптың қолында болған соң – басқаша айту мүмкін де емес...
Осы өзді Елінің қамын ойлаған Зеленский күнде айтып жүр ғой...
Тіптен, Путин де осылай деп қояды анда‑санда...
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ‑публицист
Abai.kz