Жапаров пен Малдыбаев күллі қазаққа өш пе?
Әлеуметтік желіде осы Тұрысбек Малдыбаев деген қырғыз шалдың «өтірік тарихтарының» үзілді-кесілді қиындылары жиі шығып кетті. Қарасақ, 2 сағаттық сұхбат екен.
Жасы жетпіске таяған бұл қырғыз тарихшы Малдыбаев: «Өзектен шыққан өрт жаман, ішіңнен шыққан жау жаман» деген мақалды сөзмысал етіп, ұйғырды, қазақты және өзбекті қырғыз жасауға тырысудың барып тұрған басбұзарлығын жасайды.
«Орталық Азиядағы жалғыз үстем ұлт – Қырғыздар. Қалғандары бізден өрбіп-өскен. Қазақ пен өзбекті қырғыздан бөлініп шыққан ұлттар», - дейді.
Онан әрі: «Баласы әкесінің бетінен алған тірлікті қазақтар бізге жасап келеді», - деп, зар қағады. Орталық Азияны толық «қырғыздандырған» Тұрекең, құлашын алысқа сілтеп, Еуропадағы қырғыздарды «түркі» атандырады.
Сосын: «Қазақ пен өзбектің тазысы дегеніміз – бұл біздің тайған», - деп тіпті, ит екеш итті де аталған қос халықтан қызғанғанына не дерсіз?!
Бір уақта: «Түркістанды бізден бөліп, төрт қырғыз республикасы болып қалғанбыз. Бірінші Қырғыз АСР – бұл қазіргі Қазақстан», - деп жалғастырады.
Қысқасы осындай былшыл...
Түркі бірілігіне сына қағып, туыс халықтарды бір-біріне қарсы қоюшылық соңғы 20 жылда қырғыз ағайындар арасында өршелене белең алып, саясат пен тарихқа қатысты екі араға іріткі салушылық тенденцияға айналып келеді. Өкінішті болса да, бұл шындық...
Осы орайда есімізге «Өзбек – өз ағам, сарт – садағам» деген мақалдың үшінші яғни, бізден жасырын «Қырғыз – қайманам» тармағы ойға оралады.
Аталған ғылымсымақтың екі сағатқа жуық оттаубайы қырғыздардың құлағына жағатын шығар, бірақ қазақ пен өзбектің шын зиялылары мен тарихшылары мұндай қисынсызға сауатты жауап қатары анық.
Өкініштісі сол – қырғыз ағайындар арасында осындай тарихшысымақтардың «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұр, қазір. Олардың ең ірісі – Қазақтың соңғы ханы – Кенесарыға тіл тигізіп: «Қырғызға шапқан Кенесары лайықты жауабын алды», - деген президент Садыр Жапаров болып тұр!
Abai.kz