Шешенді Рамзан билейді. Рамзанды кім билейді?
Ресей боданындағы Шешенстанның ауыспайтын басшысы Рамзан Қадыров көптен бері көрінбей жүр. Денсаулығы сыр берген. Бірде ісініп-кеуіп, бірде шөптей солып жүрген Қадыров тамырын тереңге жайып алған екен.
Шешенбасы Рамзан Қадыровтың туған-туыстары түгел дерлік биліктің майлы жілігін ұстағанын БАҚ жазып жатыр. Бала-шағасы, күйеубалалары, құда-жегжаты, барлығы 96 адам екен.
Оншақтысы Шешенстанның басшы-қосшылығында жүр. Шешенстан үкіметіндегі 20 орынның 9-ы Қадыровтың жанұясындағылар. Үлкен ұлы Ахмат Қадыров – спорт министрі, жиені Адам Черхигов – транспорт министрі. 3 күйеубаласы –жастар ісі, ауыл шаруашылық және денсаулық министрліктерін басқарады.
Қадыровтың екінші ұлы Зелімхан «Ахмат» жекпе-жек клубының директоры. Сонымен бірге Шешенстанның Бокс федерациясының президенті. Қызы Айшат Қадырова бастапқыда мәдениет министрінің орынбасары болды, артынша министр болып тағайындалды. 2023 жылы Шешенстан үкіметінің төраға орынбасары қызметіне тағайындалып, бюджеттің басым бөлігін басқару мүмкіндігіне ие болды.
Ресми ақпарат көздері Рамзан Қадыровтың 14 баласы барын айтады. Олардың 7-еуі кәмелеттік жасқа толмағандар. 6 баласы Шешенстандағы саяси өмірге белсенді түрде араласуда.
Рамзанның үлкен қызы Хадижат Қадырова Шешенстан президенті әкімшілігінің басшы орынбасары қызметінде отыр.
Қадыровтың 8 жақыны федералдық деңгейде лауазымдар алған. Құдалары – Адам Делимханов пен Сүлеймен Геремеевтер Дума мен Федералды кеңесте. Қадыровтың туыстары Путин кеңсесінде, Ресейдің спорт министрлігі мен оқу министрліктерінде дәу креслоларға жайғасқан.
Abai.kz