Сәрсенбі, 19 Қараша 2025
Ақмылтық 347 0 пікір 19 Қараша, 2025 сағат 15:25

«Қазақстан азаматы» атағының «оңтүстүгі не солтүстүгі» болмайды!

Сурет: Pravo.kz парақшасынан алынды.

«Солтүстік қазағы» атымен белгілі блогер Аслан Төлегенов «алауыздықты қоздыру» бабы бойынша екі жүзден астам эпизодқа қатысты айыпты деп танылып, сотта 3,9 жылға бас бостандығынан айырылды.


Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің желідегі парағында бұған мынадай баға берді:

«Отанды, ұлтты, елді сату - қылмыстың ең ауыры. Бірақ бұған тиісті жазаның ең жеңілі берілген екен! Дегенмен, бұған да шүкір: басқа да өрекпіп жүрген сатқындарға сабақ болсын!» деді ол.

Дегенмен, кей бақылаушылар мен қоғам белсенділері бұл үкім мен сот шешімін саяси қуғын-сүргін деп санайды: «Іс бір казак ұлтшылының «қорланғанын» айтып, Төлегеновты «қазақ халқын қорлау» деп айыптаған арызынан кейін қозғалған» дей отырып, олар бұл істі «саяси» не «ұлтаралық қатынас» аймағынан алып шыққылары келетінін көрсетуде...

Әрине, бұл іске «сепаратизм» бабымен де іс қозғауға да болар еді... Алайда, оның нақты әрекетін табу қиын. Сондықтан іс белгілі 174-бап бойынша «ұлтаралық араздық» мәселесі бойынша қарастырылды.

Сот әділ шешім шығарды деп санаймыз. Себебі, мұндаға дейін елімізде ғана емес, Ресейдің өз ішінде «қазақстандық русофобия» тақырыбы жиі көтеріліп келді. Ол «Қазақстанды тәртіпке шақыру керек» не болмаса, «Қазақстанды Ресейге қосып алу керек» дегендей тәуелсіз елдің ішкі ісіне қол сұғатын риторикамен ұштасып жататын...

Өйткені, Ресейдің өзінде де, Қазақстанда да «Қазақстанның тәуелсіздігі» статусын мойындағысы келмейтін, оны бұрынғы Кеңес заманындағыдай «бір орталыққа, яғни Мәскеуге бағынышты ел» ретінде санайтын, саяси тұрғыда қателесуші азаматтар бар. Олар «Ресей бұрынғы Одақты қайта жандандырады» деген үміттерін еш үзген емес...

Бірақ, қазіргі жағдайда КСРО ыдырауы толық жүзеге асты. КСРО‑дан бөлініп шыққан тәуелсіз мемлекеттер әлемде өз орнын алып үлгерді ‑ олардың бәрі дерлік БҰҰ төрінде өздерінің тәуелсіз туларын желбіретіп тікті.

Ендігі жағдайда, бәрі де БҰҰ аясында қабылданған «Әрбір тәуелсіз елдің тәуелсіздігі мен ішкі ісіне қол сұғуға болмайды»  деген Халықаралық құқықтық нормаларды қатаң ұстануға міндетті.

Ал, осы принципке қарсы шығушы ұйымдар, не азаматтар сол елдің тұтастығы мен дербестігі негізінде, сол елдің заңдарымен жазаланады.

Міне, осы принципті басшылыққа алған сот Асланды соттады.

Оның алған  жазасын көп те демейміз, аз да демейміз...

Оның ісі «Қазақстан азаматы» деген үлкен жауапкершілік екенін өзгелерге ескерту деп қабылдау керек.

Одан өзгеше бір ши іздеудің еш мағынасы жоқ!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

0 пікір