Сейсенбі, 25 Қараша 2025
Билік 310 0 пікір 25 Қараша, 2025 сағат 13:18

Қазақстан мен Түркіменстан: Күн тәртібінде көп мәселе тұр...

Сурет: Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Кеше елімізге Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен келді. Құрметті қонақты президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайдан күтіп алды.

Ал бүгін Түркімен басшысы Бердімұхамедовты Ақордада қарсы алып, қос тарап мемлекетаралық келіссөздер өткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– Құрметті Президент Сердар Гурбангулыевич, Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен қош келдіңіз! Еліміз Түрікменстанды стратегиялық серіктес, бауырлас мемлекет, ең жақын шекаралас көрші санайды. Бізді ғасырлардан жалғасып келе жатқан достық, ортақ тарих, тіл мен мәдениет біріктіреді. Мемлекеттеріміз арасындағы сауда-саттық, экономикалық ықпалдастықтың басқа да түрлері және мәдени-гуманитарлық байланыстар қарқынды дамып келеді. Екі ел серіктестігінің ауқымы мен сапасына көңіліміз толады деп айтуға негіз бар. Бұл ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Дегенмен алға қадам басу қажет. Күн тәртібінде өте маңызды мәселелер тұр. Бүгін олардың шешімін бірлесіп табамыз деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Сердар БЕРДІМҰХАМЕДОВ:

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапармен келуге шақырғаныңызға ризашылық білдіремін. Қазақ жерінде көрсеткен қонақжайлығыңыз бен сый-құрметіңіз үшін Өзімнің және делегация атынан алғыс айтамын. Сондай-ақ Сізге түрікмен халқының Ұлт көшбасшысы, құрметті Гурбангулы Мяликгулыевич Бердімұхамедовтің сәлемі мен ізгі тілегін жеткізуге рұқсат етіңіз. Бүгінде Түрікменстан мен Қазақстанның қарым-қатынасы достық, бауырластық және тату көршілік қағидаттары негізінде дамып келеді. Өзара ықпалдастығымыз саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтиды, – деді Түрікменстан Президенті.

ҚАЗАҚ-ТҮРІКМЕН ҚАТЫНАСТАРЫ

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 5 қазанда орнатылған.

Қазақстан Республикасының Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Н.А.Ногаев (2024 жылғы 20 маусымнан бастап).

Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі – Б.Д.Реджепов (2020 жылғы 31 желтоқсаннан бастап).

САЯСИ САЛАДАҒЫ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ

Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы қатынастар тәуелсіздік алған сәттен бастап достық пен стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Екіжақты ынтымақтастықтың шарттық-құқықтық базасын 81 құжат құрайды.

Негізгілері:

– Ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы декларация (1997 жылғы 27 ақпан),

– Стратегиялық әріптестік туралы шарт (2017 жылғы 18 сәуір),

– Достық пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы декларация (2024 жылғы 10 қазан).

Қазақстан мен Түрікменстан халықаралық ұйымдар, ең алдымен БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЭЫҰ және басқа да форматтар аясында өзара қолдау көрсетеді.

ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕГІ САПАРЛАР

2021 жылғы 24–25 қазан – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары өтті. Сапар қорытындысы бойынша 20 құжатқа қол қойылды, оның ішінде:

– Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау және Каспий теңізіндегі іргелес балық аулау аймақтарын шектеу туралы шарт;

– ҚР Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара режимі туралы келісім.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Түрікменстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Битараплык» (Бейтараптық) орденімен марапатталды.

2022 жылғы 15 қазан – Түрікменстан Президенті С.Бердымұхамедовтың Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті.

Сапар қорытындысы бойынша 13 құжатқа қол қойылды, оның ішінде 2022–2024 жылдарға арналған ҚР Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы кешенді ынтымақтастық бағдарламасы.

2024 жыл:

– 4–5 шілде – Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Г.Бердымұхамедовтың Астанаға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесіне қатысу үшін жұмыс сапары.

– 9 тамыз – Түрікменстан Президенті С.Бердымұхамедовтың Астанаға 6-шы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне қатысу үшін жұмыс сапары.

– 8 қыркүйек – Г.Бердымұхамедовтың 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуына қатысу үшін жұмыс сапары.

– 17 қыркүйек – Түрікменстан Президенті С.Бердымұхамедовтың Астанада өткен «Орталық Азия – Германия» екінші саммитіне қатысуы.

– 10–11 қазан – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түрікменстанға ресми сапары. Мемлекет басшысы «Уақыт пен өркениеттер сабақтастығы – бейбітшілік пен дамудың негізі» атты халықаралық форумға да қатысты.

Сапар барысында:

  • достық пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті нығайту туралы декларация;
  • 2025–2027 жылдарға арналған достық пен көпқырлы стратегиялық әріптестікті нығайту жөніндегі кешенді бағдарлама;
  • саясат, көлік, энергетика, ауыл шаруашылығы, шекара маңы ынтымақтастығы, спорт және туризм, білім және мәдениет салаларындағы 21 құжатқа қол қойылды.

2025 жыл:

– 21–22 сәуір – Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Г.Бердымұхамедовтың Түркістанға жұмыс сапары.

– 30 мамыр – Түрікменстан Президенті С.Бердымұхамедовтың Қазақстанға «Орталық Азия – Италия» бірінші саммитіне қатысу үшін жұмыс сапары. ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен екіжақты кездесу өтті.

– 17 маусым – Түрікменстан Президентінің «Орталық Азия – Қытай» екінші саммитіне қатысу үшін жұмыс сапары.

– 5 тамыз – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Түрікменстанға (Аваза) БҰҰ-ның теңізге шығу мүмкіндігі жоқ дамушы мемлекеттер жөніндегі үшінші конференциясына қатысу үшін жұмыс сапары. Онда Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтті.

САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

2024 жылы Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы тауар айналымы 555,7 млн АҚШ долларын құрады (экспорт – 335 млн $, импорт – 220,7 млн $). Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,3% төмен (562,9 млн $).

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында:

– 363,6 млн $,

– бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,36% жоғары.

МПК отырыстары тұрақты түрде өтуде. ҚР тарапынан тең төраға – ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Үкімет Аппараты басшысы Г.Койшыбаев. Түрікменстан тарапынан – Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Н.Аттагулыев.

ТРАНСПОРТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР

Екі ел теміржол, автомобиль және су көлігі саласында өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруда.

«Жетібай – Жаңаөзен» автожолының (73 км) реконструкциясы аяқталды. «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» учаскесін жөндеу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.

Түрікменстан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автожолын (225 км) және Гарабогазкөл шығанағы арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысын бастады.

«Ашхабад–Алматы» және «Астана–Ашхабад» бағыттары бойынша жолаушылар әуе қатынасын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Қазақстан Түрікменстанмен бірлесіп «Түрғынди – Герат – Кандағар – Спин-Болдак» теміржол желісін салу бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыруға мүдделі.

МӘДЕНИ-ГУМАНИТАРЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

2024 жылы Ашхабадта Құрманғазы Сағырбайұлы мен Абай Құнанбайұлының, Астанада Махтумқұли Фраги ескерткіштері ашылды.

2025 жыл:

– 5 сәуір – Түрікменстан делегациясы Ақтауда өткен «Ақтау – 2025 жылғы түркі дүниесінің мәдени астанасы» ашылу рәсіміне қатысты.

– 16–17 сәуір – Астанада II Орталық Азия медиафорумы өтті, оған Түрікменстан БАҚ өкілдері қатысты.

– 15 мамыр – Түркістанда «Ясауи мұрасы – уақыт пен мәдениеттер диалогында: гуманистік бағдарлар және қазіргі сын-қатерлер» атты халықаралық симпозиум өтті, оған түрікмен ғалымдары қатысты.

– 13–15 мамыр – Қазақстан делегациясы (МKI, «Қазақ газеттері», «Qazcontent») Ашхабадта өткен климат өзгерісі жөніндегі 7-ші Орталық Азия конференциясына қатысты.

– 20–22 мамыр – Алматыда III халықаралық студенттік театр фестивалі «TYRKI DYNIYESI» өтті. Түрікменстан «Ананың өсиеті» спектаклін ұсынды.

– 24 қазан – Ашхабадта Қазақстан Республикасының күні және Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Д.Нұрпейісова атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің концерті өтті.

Abai.kz

0 пікір