Сәрсенбі, 26 Қараша 2025
Жаңалықтар 89 0 пікір 26 Қараша, 2025 сағат 15:08

СҚО: 112,4 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз жоспарланған

Сурет: Академия бухалтеров сайтынан алынды.

 Жоғары аудиторлық палата Солтүстік Қазақстан облысына бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген аудиттің қорытындыын жариялады.

Жүргізілген тексеру соңғы бес жылда өңір негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындағанын көрсетті. Жалпы өңірлік өнім 2020 жылдан бері 69%-ға артқан, жұмыссыздық деңгейі 0,4%-ға төмендеген. Тұрғын үй қоры да 600 мың шаршы метрге өскен.

Сонымен бірге, аудит өңірдің өмір сапасына әсер ететін және экономикалық дамуды тежейтін бірқатар мәселелерді анықтады.

- Облыста халықтың табиғи өсімі төмендеп, теріс көші-қон сальдосы сақталып отыр.

Білім беру саласында үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі шешілмеген. 17 мектепте спорт залы жоқ, 24 мектеп пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілмеген.

Медицина саласында ғимараттардың шамамен 74%-ы тозған, - деп жазылған палата ақпаратында.

Кәсіпкерлік субъектілері саны артқанымен, олардың ЖӨӨ-дегі үлесі төмендеген.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындарының кірісі айтарлықтай кемігенін атап өтті. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеге азайған.

«Демек, өңірдің сауда саласындағы салықтық әлеуеті төмендеген. Яғни салық аз төленген, бұл өз кезегінде жергілікті бюджеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мүмкіндігін шектеді. Көлеңкелі сектор артқан болуы ықтимал, бұл бағытта жұмыс жүргізу қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Экономика және қаржы басқармалары арасындағы өкілеттіктердің келісілмеуі бюджет жоспарлауында алшақтық туғызған. Бюджет заңнамасы сақталмай, жалпы құны 56 млрд теңгені құрайтын 11 жоба жоспарланғаны анықталды.

Стратегиялық нысан – «Qyzyljar» АЭА назардан тыс қалған. Инженерлік инфрақұрылымның болмауы бірқатар объектілердің уақытында іске қосылмауына себеп болған.

Сонымен қатар, басымдығы төмен жобаларға қаражат бөлінген:

– әкімшілік ғимараттарды реконструкциялауға – 7,3 млрд теңге,

– театр құрылысына – 7 млрд теңге.

Облыстағы 38 тірек ауыл орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Салынған 79 нысанның 22-сі (10 млрд теңге) пайдаланушы ұйымдарға берілмеген.

Көлік инфрақұрылымын дамыту жеткіліксіз деңгейде: жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы жоқ, жол қауіпсіздігіне мониторинг толық жүргізілмейді.

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметі тиімсіз деп танылды.

– Бірлескен кәсіпорындар құру 1 млрд теңгеге жуық шығынға әкелген.

– Бейінді емес активтерді ұстау – 610 млн теңге,

– Өңірлік тұрақтандыру қорларының қаражатын пайдалану 298 млн теңге шығын туғызған.

– Бухгалтерлік есепте 24 млрд теңгеден астам бұзушылық тіркелген.

- 5,5 млрд теңге сомасына бір көзден сатып алу арқылы шарттар жасасу және қосалқы мердігерлікке қойылған шектеулерді сақтамау деректері анықталған, - дер көрсетті тексеріс нәтижесі.

Аудит қорытындысы мынадай:

– 28,3 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық;

– 112,4 млрд теңге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы және пайдаланылуы;

– 111 материал әкімшілік іс қозғауға жіберілген;

– Бірқатар материал құқық қорғау органдарына тапсырылмақ.

Жоғары аудиторлық палата анықталған бұзушылықтарды жою, лауазымды тұлғаларды жауаптылыққа тарту және заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу мәселелері ведомствоның бақылауында болатынын хабарлады.

Айта кетейік, СҚО-да мекеме бухгалтері 17 млн теңге бюджет қаражатын иемдегені үшін сотталды.

Abai.kz

0 пікір