Қытай Газа секторына көмекке 100 миллион доллар бөледі
Қытай Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге және аймақты қалпына келтіруге 100 миллион доллар бөледі, деп хабарлады Report агенттігі.
Бұл туралы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден кейін болған баспасөз мәслихатында айтты. Си Цзиньпиннің сөзінше, Қытай мен Франция аэроғарыш, атом энергетикасы салаларында және жасыл өнеркәсіп пен жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарда ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.
Франция басшысы Қытайдың Украинада соғысты тоқтату мәселесінде Ресейге ықпал жасауын қалайтынын жеткізді. Макрон дүние жүзінде халықаралық тәртіптің ыдырау қаупі туындағанын айтты. Осыған байланысты Париж бен Бейжің арасындағы диалогтың маңыздылығы артып отыр деді.
"Біз Қытайдың уақытша атысты тоқтату бойынша, әсіресе өмірлік маңызы бар инфрақұрылымдарға жасалатын шабуылдарға мораторий жариялауға бағытталған күш-жігерімізге қосылады деп үміттенеміз", – деді Макрон.
Си Цзиньпин бұл мәлімдемеге ашып жауап айтпады. Ол Қытайдың бейбітшілікке бағытталған кез келген күш-жігерді қолдайтынын әрі барлық тарап қабылдайтын келісімге келуге шақыратынын атап өтті.
Abai.kz