Жұма, 12 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 122 0 пікір 12 Желтоқсан, 2025 сағат 15:01

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыреті кеңейеді

Сурет: GOV.KZ сайтынан алынды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жаңа қызметтер жүктеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы 1996 жылғы 1 сәуірдегі №2922 «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» Президент жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды. Құжат ҰҚК-ның қаржылық мониторинг және мемлекеттік материалдық резервтерді басқару саласындағы өкілеттіктерін кеңейтеді.

Жаңартылған ережеге сәйкес, ҰҚК заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды болдырмауға қарсы іс-қимыл үшін уәкілетті органның сұрауы бойынша өз ақпараттық жүйелерінен мәліметтер береді.

Өзгерістер ҰҚК-ның мемлекеттік материалдық резервтер саласындағы өкілеттіктерін нақтылайды. Атап айтқанда:

  • материалдық құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемі бойынша ұсыныстар енгізу;
  • мобилизациялық резервтен құндылықтарды қарызға беру немесе жаңарту тәртібімен шығару мәселелерін шешу;
  • материалдық құндылықтарды сақтау, жаңарту және мемлекеттік органдар арасында тасымалдауды ұйымдастыру;
  • резервтерді сақтау және қалыптастыру шығындары бойынша Үкіметке ұсыныстар дайындау.

Жарлықтың негізгі ережелері 9 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Ал материалдық резервтермен жұмысқа қатысты жекелеген тармақтар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады.

Abai.kz

0 пікір