Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Аласапыран 179 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 13:05

Украина бәріне көне салатын ел емес!

Сурет: trtrussian.com сайтынан алынды.

Украина бейбітшілікке дайын. Бірақ, бұл жау алдында тізе бүгу емес!

Соңғы апталардағы келіссөздер фонында Киев бұрын-соңды болмаған ымыраларға баруға әзір екенін ашық көрсетті: Ұрысты тоқтату, іс жүзінде жау басып алған аумақтардың тағдырын белгісіз мерзімге қалдыру, ауыр-ауыр саяси шешімдер. Алайда Зеленский мен Украина үшін принципті бір мәселе бар. Ол — Донецк облысынан Украина әскерін толық шығару.

Bild басылымының мәліметінше, Украина үшін бұл «қызыл сызық». Украина соғысты майдан шебінде тоқтатуға келісуі мүмкін, бірақ өз әскерін Донбасстан толық әкету — бұл келіссөз емес, капитуляция. АҚШ ұсынған «демилитаризацияланған аймақ» идеясы да Киев үшін қауіпті тұзақ ретінде қабылданады. Себебі Кремль бұл аймаққа бейбіт күш емес, өз Ұлттық гвардиясын орналастыруды ұсынады. Яғни, «демилитаризация» деген атпен Ресейдің жаңа әскери бақылауы орнайды. Украина үшін бұл — армияны ерікті түрде шегіндірумен тең. Сол себепті де Киевтің жауабы: «Біз бұған келіспейміз!».

Бұл ұстаным Украина келіссөзден қашып отыр дегенді білдірмейді. Керісінше, Киев бұрынғыдан да ауыр компромистерге дайын екенін аңғартты. Алайда майданнан біржақты түрде әскерді шығару — бұл соғысты тоқтату емес, оны басқа формада жалғастыруға жол ашу. Сондықтан Зеленский әкімшілігі үшін Донбаста әскерін қалдыру — тек тактикалық емес, мемлекет тұтастығына қатысты стратегиялық мәселе!

Politico басылымы таратқан мәлімет те осы картинаны толықтыра түседі. Украина Донбаста демилитаризацияланған «еркін экономикалық аймақ» құру идеясынан бас тартты. Ал АҚШ бұл мәселеде Еуропаның қатаң қарсылығына қарамастан аумақтық жеңілдіктерді талап етіп отыр. Бұл Вашингтон мен еуропалық астаналар арасындағы терең қайшылықты айқын көрсетті. Еуропа үшін басты мәселе — қауіпсіздік кепілдіктері. Онсыз кез келген аумақтық келісім уақытша әрі қауіпті. Берлинде өткен келіссөздер осы алауыздықты ашық бетке шығарды.

Wall Street Journal жазғандай, Берлиндегі кездесулер өте ауыр өткен. АҚШ тарапы бейбітшілік келісімінің нақты жобасына келісуге асықпады. Себебі тараптар соғыс барысын мүлде әртүрлі бағалайды. Трамп әкімшілігіндегі көптеген шенеуніктер Украина соғыста жеңіліп жатыр, ал соғыс созылса, толық жеңіледі деп санайды. Ал Украина әскери қолбасшылығы мен бірқатар еуропалық саясаткерлер бұған мүлде қарсы пікірде: олардың ойынша, жеткілікті қолдау болған жағдайда Украина кемінде тағы бір жыл бойы, тіпті одан да ұзақ қорғана алады.

Міне, түйткіл дәл осы жерде. Бір тарап Украинаға «қазір келіс, әйтпесе бәрінен айырыласың» деп қысым көрсетсе, екінші тарап «қауіпсіздік кепілдігінсіз жасалған келісім — келесі соғыстың рецепті» деп дабыл қағуда. Сондықтан Берлиндегі келіссөздердің басты өзегі аумақ емес, қауіпсіздік кепілдіктері болып отыр.

Зеленскийдің «қызыл сызығы» осы тұрғыда тек Донецк облысына қатысты емес. Бұл — Украина соғысты қалай аяқтағысы келетінінің саяси манифесі. Ол бейбітшілікті қалайды, бірақ елін қарудан айырылған, қорғансыз, болашақта қайта шабуылға ашық күйде қалдырмайды. Донбастан әскерді шығару — соғысты тоқтату емес, оны кейінге қалдыру ғана. Киев дәл осы сценарийден бас тартып отыр.

Бірақ бір нәрсе анық: Украина енді бейбітшілік үшін бәріне көнетін ел емес. Ал Донбасс — сол табандылықтың символына айналды.

Abai.kz

0 пікір