Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Ғибырат 273 0 пікір 18 Желтоқсан, 2025 сағат 14:23

Ауылымыздың ардақтыларын ұмытпайық!

Суреттер: Б.Шалабаев мұрағатынан және eccis.org сайтынан алынды.

Тарихты тек хандар мен билер ғана емес, еңбексүйгіштігі мен адамгершілік асыл қасиеттерімен үлгі бола білген ауыл азаматтары да жасайтыны белгілі. Олар жас кезінде өздерін жақсы жағынан көрсете біліп, дұрыс тәрбие мен еңбекқорлығы, талапшылдығы мен өзгелерге ұқсамайтындығының арқасында беделі асқан қарияға айналады. Сондай тұлғалардың бірі – бүгінгі әңгімеміздің арқауы болып отырған менің атам, Ұлы Отан соғысының ардагері – Байқоңыров Ықылас Жұмашұлы. Ол кісі несімен ерекшеленді десеңіз, айтайық, өз заманының көзі ашық азаматы және кемел тұлға болған.

Ықылас атамыз өткен ғасырдың 1908 жылы, сол кездегі Түркістан өлкесі, Сырдария губерниясы, Қазалы уезі, Ақтоғай болысының 5-ауылында кедей дихан шаруаның отбасында туылған екен.  Әкесі ертеректе қайтыс болып, шешесіне көмектесе жүріп, ерте ер жетсе керек. Сол кездегі уақыттың қиындығына байланысты Ықылас атамыз алғаш мектеп есігін он тоғыз жасында ғана ашқан екен. 1927 жылы Қазалы қаласындағы жеті жылдық қазақ мектебінің бірінші класына барыпты. Мектепке кеш барғанмен білімге деген құштарлығы, ұмтылысы өте жоғары болса керек, 1931 жылы аталған мектептің бес класын  бітіргеннен кейін Ықылас атамыз Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсына барып түсіпті.

Курсты ойдағыдай аяқтаған соң, сол жылы ашылған Алматы Есеп-үнем техникумына ауысып оқиды. Оны бітіріп, үш жыл Қазалы қаласындағы Ауыл шаруашылығы банкінде бухгалтер қызметін атқарған. Жауапты міндетті атқара жүріп, атамыз мұғалімдер курсын оқып алады. Нәтижесінде 1937-1942 жылдарда Сталин колхозының жеті жылдық мектебінде оқу ісінің меңгерушісі  әрі математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарды.

Ал, Ұлы Отан соғысы басталғанда бірнеше рет соғысқа өз еркімен сұранып, тек 1942 жылы ғана әскерге алынған екен. Бірнеше ай дайындық алаңында жүріп, кейін артиллерист мамандығын меңгеріп, сол жылы күзде Сталинград қаласы үшін майданға аттанды. Сол соғыста Ықылас атамыз денсаулығына байлынысыты емханаға жатқызылып, онда бірнеше ай ем-дом қабылдаған соң, әскери қызметке жарамсыз деп елге қайтарылды. Бірақ, туған жердің шипалы ауа райы ма, отбасының қамқорлығының нәтижесі ме, бәлкім рухтың мықтылығы ма, әйтеуір атамыз төрт-бес айда өз-өзіне келіп, қайтадан әскер қатарына сұраныпты.

Сол аттанғаннан  1944 жылдың күзіне дейін Прибалтика елдерінде борышын өтеп, міндетін аяқтағанс соң елге келіпті. Марапатының бәрін жіпке тізбесек те, бір ерлігіне тоқталуды жөн деп санаймын. 1944 жылдың қазан айында Рига қаласы үшін кескілескен шайқаста атамыз үлкен ерлік көрсетіп, 30-шы Новгород миномет бригадасының 1944 жылғы 15-қазандағы нөмірі 039-Н бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Бұйрықтың атамызға қатысты тармағын сол күйінде орыс тілінде бергенді жөн көрдік:

«Связиста 4 батареи, красноармейца Байконырова Ихласа за то, что в период боев за город Ригу с 9 по 13.10.1944 года, под непрерывном огнем противника обеспечил бесперебойную связь между НП батареи с ОП, устранив при этом до 30 порывов на линии связи.

Командир 501 минометного полка майор Гончаренко»

Елі үшін, жері үшін жан аямай соғысып, оның үстіне денсаулығының сырқат екендігіне қарамастан, екі рет ұрыс алаңына өз еркімен сұранып барған атамыздың осы ержүректілігінің өзі медалін қоспағанда нағыз ерлік, ұрпаққа үлгі.

Бұл Ықылас атамыздың майдан шебіндегі мақтан тұтарлық ерлігі. Ал, бізге ерлігімен ғана емес, өмірлік қағидаларында, адами асыл қасиеттеріндегі құндылықтарымен үлгі. Соғыста абыроймен жеңіске жетіп, елге келгесін ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырды. Зейнетке шыққан соң, атамыз кітапханада, поштада еңбек етті. Қай салада қызмет атқармасын, өз ісіне мығым, ұқыпты болғанының арқасында көзге түсетін. Бүгін істелетін шаруаны ешқашан ертеңге қалдырмайтын. Басқаларға да сондай талап қоятын.

Ол кезде Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысынан кейін еңсесін енді көтеріп жатқан кезең болғандықтан, халықтың тұрмыс сапасы бүгінгідей емес, әл-ауқаты нашарлау еді. Соған қарамастан, ауылымыздағы саусақпен санарлық сауатты жандардың бірі де бірегейі – Ықылас атамыз заманының интеллегентіне айналды.

Жарқын тұлғаның жақсы әдеттері, расында да, ұрпақтан ұрпаққа қанмен дарып, тәрибиемен беріліп келеді. Соның бір айғағы – тазалықты сүю және ұқыптылық. Қазақ халқына жақын сенім ислам дінінде де «тазалық – иманның жартысы» дейді емес пе? Айтпақшы, менің атам діннен де алшақ болмаған. Сонау Кеңес Одағының дінсіздік жайлаған кезеңінде өмір сүрген атамыз Құран сүрелерін қойын дәптеріне түртіп алып, өзі де жатқа білген.

Ал, отбасы мен туған-туыс, көрші-қолаң арасында Ықылас атам қашан да өзінің қарапайымдылығымен, еңбекқорлығымен және әдептілігімен есте қалған. Ол кісінің  ел ішінде жиған беделі, артында қалған өнегелі істері мен ауылдағы көрші-қолаң мен әрбір жас отбасы үшін жасаған көмегі қаншама жылдар өтсе де ескірмей, оны құрмет тұтқан ауыл тұрғындарының жадынан өшірілмей, тіпті немерелерінің де алдынан шығып отырушы еді.

– Мен осы әулетке 1970 жылы келін болып түстім. Есімде, атам мұғалім болған, ауылға сыйлы кісі еді. Сонымен қатар, дүние есігін жаңа ашқан перзенттеріме енем болмаса да, балаларды бесікке де бөлеп, маған өз әкемдей қарайласатын. Ауыл тұрғындарының да берген бағасы – қатал, талапшыл, әділетті, бірақ, мейірімді жан болатын. Ол кісіден балаларына дарыған және бір қасиеті – тазалық сүйгіштігі, – деп еске алады келіні Сәлия апамыз.

Сонымен қатар, Ықылас атамыздың қолынан бал тамған, ісмер еді. Ер адамға бұл қасиеттің тән болуы жігітті сегіз қырлы ете түсетіні сөзсіз. Қажет кезінде ағаштан да, темірден тұрмысқа қажетті құралдарды өз қолымен жасай беретін. Ойлаңызшы, математика пәнінің мұғалімі, банк қызметкері сияқты интеллектуалды жұмыстармен айналысатын кісі қажет кезінде ерлік те көрсетіп, ал, үй жағдайында шымшуыр, кернейден бастап ыдыс қоятын сөреге дейін жасай алатын шебер болса, ғажап емес пе?! Осының бәрі бір адамның бойынан, атамыздың тау тұлғасынан табыла білді. Ауылда жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыларға жақын туысы болмаса да қажетіне жарайтын мүліктерді жасап беріп, сыйға тартып отырған.

Атамыз тұрған, бұрынғы Ленин колхозының, кейінгі «Құмжиек» совхозының жері құмдауыт болып, оның үстіне су тапшылығына байланысты, көп жылдар көгалдандыру жұмыстары өз нәтижесін бермегені белгілі. Сол өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында ауылдың шет жағынан скважина бұрғыланып, бұлақ суының көзі ашылған кезде атамыз ауылда алғашқы болып, сол бұлақтан жарты шақырымдай жердегі үйіне дейін арық тартып, су әкеліп, әр түрлі ағаштар отырғызып, көкөністер егіп, тек қана көрші-қолаңға ғана емес, бүкіл ауылға үлгі көрсеткен болатын. Тек өз отбасын емес барлық жақын-жуық, көршілердің бәрін бүкіл жаз, күз айларында көк жуамен, сәбізбен, бақша өнімдерімен қамтамасыз етіп отыратын.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп атамыз қазақ айтқандай, Ықылас атамыздың балалары да әке тәрбиесін өмірлік қағида ретінде ұстанып, өз орталарында қатарларының алды болып, қызмет жасаған салаларында басқаларға үлгі бола білді. Әйелі Төлегенқызы Әпсе екеуі 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Ықласов Сәулет мал шаруашылығы саласында мал дәрігері, ферма меңгерушісі болып, зейнетке шыққан.

Кіші ұлы Байқоңыров Сәмет Жамбылда су шаруашылығы мамандығын меңгеріп шығып,  Торғай облыстық су шаруашылығы басқарма бастығының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінде министрдің көмекшісі, департамент директорының орынбасары болып қызмет атқарған.

Үлкен екі қызы медицина саласында жұмыс істеп зейнетке шықса, кіші қызы математика пәнінің мұғалімі болған, қазір зейнеткер.

Қорыта келе, бұл мақаламен айтпағымыз, атамыздың ерлігін айтып, баяғыша ғұрыппен мақтану емес. Шын мәнінде адамзаттың асыл қасиеттерін бойына сіңіріп, кез келген іске аса жауапкершілікпен қарай білу, қиындықтан қорықпау және айналасына жақсылық жасап, шарапатын тигізудің неліктен маңызды екендігін көрсеткім келді. Бүгінде өзін-өзі жетілдіріп отыратын жандардың қашан да парасат биігіне көтеріліп, зор беделге ие болатынын Президентіміздің өзі көрсетіп отыр емес пе ?! Ал, атамыз Ықылас Байқоңыров мұндай көрегенділік кемеліне ХХ ғасырда-ақ жете білді. Әрі бұл қасиет ұрпақтан ұрпаққа дарыған кезде алдынан тек жақсылық болып шығатыны анық.

Егер біз жаңа ілімді қызығып ізденер болсақ, жан-жағымызды ойлауға, ізімізден ерген бауырларымызға қамқор болуды ойласақ, мұның бәрі жүзін көрмегенмен, өзін үлгі тұтатын атамыздың қалдырған рухани азығы деп білемін.

Бейбарыс Шалабаев,

«Арқа ажарының» өз тілшісі,

Көкшетау қаласы

Abai.kz

0 пікір