Бетті жабатын киім үшін жауапкершілік қарастырылады
Енді бетті толық немесе ішінара жауып, оны тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Бүгін Сенат қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады.
Заңға сәйкес, қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киім-кешек элементтерін кигені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Алғаш рет құқық бұзушылық жасаған жағдайда ескерту беріледі, ал қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Тыйым салу адамның жүзін толық жабатын кез келген киім түрлеріне, соның ішінде балаклаваларға, маскаларға және т.б. қатысты қолданылады.
Заң шығарушылардың айтуынша, мұндай шектеулер бірқатар шетел мемлекеттерінде, атап айтқанда Өзбекстан мен Қырғызстанда, сондай-ақ Еуропаның көптеген елдерінде (Франция, Бельгия, Нидерланды, Швейцария, Болгария, Австрия, Дания, Германия) қолданыста бар. Бұл олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық тәжірибе аясында қабылданғанын көрсетеді.
Abai.kz