ҚазҰУ: Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру маңызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінгі таңда елімізде ғана емес, Орталық Азия кеңістігіндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) жүйелі түрде іске асырып келе жатқан университеттердің алдыңғы қатарында тұр.
Университеттің стратегиялық даму бағыты жаһандық сын-қатерлерге жауап беруге, қоғам мен мемлекет үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. ҚазҰУ-дың институционалдық саясаты білім беру, ғылым, қоғамдық жауапкершілік пен экологиялық тұрақтылық қағидаттарын біртұтас жүйе ретінде қарастырады.
Оқу ордамызда Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру ең алдымен білім беру үдерісінен бастау алады. Университеттің оқу бағдарламаларына сапалы білім, кедейлікті азайту, аштықты жою, лайықты еңбек, әлеуметтік теңдік, адам құқықтары, экология және климаттың өзгеруі секілді бағыттар кеңінен енгізілген. Студенттер бұл мәселелерді тек теориялық деңгейде ғана емес, нақты өмірлік жағдайлармен, тәжірибелік тапсырмалармен және кейстік талдаулар арқылы меңгереді. Мұндай тәсіл болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың жаһандық ойлау қабілетін қалыптастырады. Университет түлегі қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін, тұрақты дамуға үлес қоса алатын азамат ретінде қалыптасады.
Ғылыми-зерттеу қызметі Тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы маңызды құралдардың бірі болып табылады. Университет ғалымдары климаттың өзгеруі, экологиялық қауіпсіздік, су және азық-түлік ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік теңсіздік, урбанизация және цифрлық трансформация салаларында кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Бұл ғылыми еңбектердің нәтижелері академиялық ортада ғана емес, мемлекеттік бағдарламалар мен қоғамдық бастамаларды әзірлеуде де қолданыс табуда. Осы арқылы ҚазҰУ ғылымды қоғамның нақты қажеттіліктерімен ұштастырып, тұрақты дамуға практикалық үлес қосуда.
Студенттік ортада Тұрақты даму мақсаттарын насихаттау мен іске асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қара шаңырақ студенттері еріктілік қозғалыстарына, әлеуметтік жобаларға, экологиялық акцияларға, құқықтық және ағартушылық іс-шараларға белсенді қатысады. Кедейлік пен аштықты азайту, сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, инклюзивті қоғам қалыптастыру бағытындағы бастамалар студенттердің азаматтық белсенділігін арттырып, оларды әлеуметтік өзгерістердің тікелей қатысушысына айналдырады. Бұл тәжірибе жастардың бейжайлықтан арылып, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуіне ықпал етеді.
Экологиялық тұрақтылық университеттің даму саясатының ажырамас бөлігі саналады. Университет аумағында жасыл кампус қағидаттарын енгізу, ресурстарды тиімді пайдалану, қалдықтарды азайту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Экологиялық акциялар мен ақпараттық кампаниялар студенттер мен оқытушылардың қоршаған ортаға деген жауапты көзқарасын нығайтады. Бұл бастамалар Тұрақты даму мақсаттарының экологияға қатысты бағыттарын іске асырудың нақты көрінісі болып табылады.
ҚазҰУ халықаралық ынтымақтастық арқылы да Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуде маңызды рөл атқарады. Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен, халықаралық ұйымдармен және ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Халықаралық конференциялар, форумдар мен академиялық алмасу бағдарламалары арқылы студенттер мен оқытушылар жаһандық тәжірибені меңгеріп, үздік халықаралық практикаларды еліміздің жағдайына бейімдеуге мүмкіндік алады.
Қорытындылай келе, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсаттарының іске асуы кешенді, жүйелі және ұзақмерзімді сипатқа ие. Білім беру, ғылым, студенттік белсенділік, экологиялық жауапкершілік пен халықаралық ынтымақтастықтың өзара сабақтастығы ҚазҰУ-ды тұрақты дамуды ілгерілететін жетекші университеттердің біріне айналдырып отыр. Университет қабырғасында қалыптасқан бұл құндылықтар түлектердің кәсіби және азаматтық өмірінде жалғасын табады деп сенім артамыз.
Сулейменова С.Ж
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы, заң ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz