Сейсенбі, 6 Қаңтар 2026
Білгенге маржан 507 0 пікір 5 Қаңтар, 2026 сағат 13:07

Шариғат пен тариқат арасындағы ерекшеліктің мәні

Сурет: altyn-orda.kz сайтынан алынды.

Бұл мақала АР23491004 «Түркістан облысындағы діни туризм нысандарының ақпараттық ақпараттық әлеуетін зерделеу: 4 тілде мультимедиялық интерактивті атлас әзірлеу» жобасы аясында жазылды.

Аңдатпа

Қожа Ахмет Йасауи өз заманында адамзат санасында түбегейлі өзгеріс жасаған және адамзат қоғамының одан ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік берген ұлы тұлға. Ол кісінің дінді шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі адамзат рухын жаңа деңгейге көтеріп, Рухани әлемге байланыстырды. Бұл адамзаттың ары қарай өмір сүруіне мүмкіндік берген айтулы оқиға болғанын қазіргі күні сопылар да, жалпы діндарлар да, осы мәселемен айналысушы ғалымдар да мойындай бермейді. Мақала осы сұрақтарға жауап беру үшін жазылған.

Кілт сөздер: Йасауи. Шариғат, Тариқат. Рухани әлем. Кванттық физика. Азғындық.

Кіріспе

Қазір ғалымдар арасында да, діндарлар арасында да шариғат пен тариқат арасындағы ерекшелікке мән беріп, тариқаттың шариғаттан ерекшелігіне аса маңызы бар мәселе деп қарамайды. Бұл өз кезегінде Исламда сол XII-ғасырда қалыптасқан тариқат жолының жалпы адамзат тарихындағы күрделі өзгерістерге түрткі болған негізгі фактор болғандығын түсінбеуге ықпал етіп отыр. Мысалы.  XII ғасырда Қожа Ахмет Йасауи ислам дінін тариқат деңгейіне көтерді. Алайда, алғашқы кезеңде Йасауи ілімі халық арасына кеңінен тарап кете ойған жоқ. Тек, XIII ғасырда Шыңғыс ханның тарих сахнасына шығып, Евразия кеңістігін толық жаулап алғаннан кейін ғана кеңінен таралып, қуатты рухани күшке айналды. Бұл Жаратушы Құдіреттің арнайы жобасы ма? Әлде кездейсоқтық па? Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін әлемде қандай өзгерістер  болғанынан барлығы хабардар. Солай бола тұра Қожа Ахмет Йасауидің дінді тариқат деңгейіне көтеруі мен Шыңғыс хан шапқыншылығы арасында қандай да бір байланыс бар деп есептемейді. Алайда, бұл екі құбылыстың арасында байланыс барлығы күмән тудырмайды. Олай дейтініміз, Шыңғыс хан атының тұяғы жеткен жерге Йасауи ілімі де барды. Евразия кеңістігінде түбегейлі өзгерістерге жол ашты. Әлем жаңа геосаяси өзгерістерге ұшырады. Хорезмшахтар мемлекеті күйреп, оның орнына Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы сияқты мемлекеттер тарих сахнасына шықты. Күйреген түркі мемлекеттігі қайтадан қалпына келтірілді. Бұрын Орта Азия халықтарында араб-парсы мәдениетінің ықпалы басым болса, енді түркі мәдениетінің рухани ықпалы басымдыққа ие болды. Алайда, мұның бәрі бұл әлемдік өзгерістердің сыртқы көрінісі ғана еді. Осы әлемдегі күрделі өзгерістерге негізгі себеп Қожа Ахмет Йасауидің ислам дінін тариқат деңгейіне көтеруі болатын.

Негізгі бөлім

Жалпы ислам дінінде шариғат-тариқат болып бөліну  XII-ғасырға тән құбылыс және оған дейін халық шариғат жолымен жүрді. Неліктен шариғат жолы ол кезеңде халықтың рухани сұранысын қанағаттандыра алмай қалды? Себебі не?- деген сұрақтың туындары хақ! Мәселенің барлығы Мұхаммед пайғамбардың (сАс) пайғамбарлардың соңы, пайғамбарлардың мөрі болуымен байланысты еді. Рухани әлем мен адамзат қоғамы арасындағы байланысты Мұхаммед пайғамбарға дейінгі кезеңде пайғамбарлар жалғастыратын. Әр пайғамбардың өзімен бірге алып келген рухани қуаты 400-500 жылға жететін. Ары қарай жаңа пайғамбар Рухани әлемнен қуат ала келіп, адамзат баласының ары қарай өмір сүруін қамтамасыз ететін. Осылай пайғамбарлар бірінен соң бірі келіп, бұл үдеріс Мұхаммед пайғамбарға дейін жалғасты. Мұхаммед пайғамбардан кейін Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты жалғастыратын пайғамбарлар легі тоқтады. Жаратушы Құдірет тарапынан пайғамбарлардың қызметін ары қарай жалғастыру әулиелерге тапсырылатын болды. Демек, Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі кездейсоқтық емес, Жаратушы Құдіреттің Өзінің жасаған жоспары.  Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикметінде» Мұхаммед пайғамбардың миғраж сапары туралы мынадай жолдар бар: «Ей, достар, құлақ салғын айтпағыма,

Не себептен алпыс үште кірдім жерге.

Миғражад Хақ Мұстфа рухымды көрді.

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Хақ Мұстафа Жебірейілге қойды сауал,

«Бұл неткен рух, тәнге кірмей тапқан камал.

Көзінде жас, алқаға бас, бойы Һилал»

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Жебірейіл айтты: «Үмбет ісі сізге айғақ,

Көкке шығып,  періштеден алар сабақ.

Наласына жет аспан нала қылад»

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

«Перзентім»-деп Хақ Мұстафа қылды кәлем,

Одан соң, барша әруақ берді сәлем.

«Рахмет дария толып, тас»- деп жетті аян,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

 

Рахметінде пайда болдым, нида келді,

«Зікір айт»-деді, тән-жүйем әсерленді.

«Перзентім» -деп Хақ Мұстафа үлес берді.

Сол себептен, алпыс үште кірдім жерге.

 

«Төрт жүз жылдан кейін шығып, үмбет болғын,

Неше жылдай жүріп, халыққа жол көрсеткін.

Он төрт мың мүжтаһидтер қызмет қылсын,

Сол себептен алпыс үште кірдім жерге. (Диуани Хикмет, 1904 : 8)

Егерде біз Мұхаммед пайғамбардың миғраж сапарын шын деп білсек, Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани Хикметінде» баяндалған оқиғаны ақиқат ретінде қабылдайтын болсақ, онда Қожа Ахмет Йасауидің Жаратушы Құдірет тарапынан өзі жіберген әулиесі екендігін мойындауға тиіспіз. Қожа Ахмет Йасауидің Жаратушы Құдіреттің өзі жіберген әулиесі екендігін дәлелдейтін дерек Сүлеймен Бақырғани «Хикметінде» де бар:

Сұбхан Ием Өзі еді, Мұстафаға бұйырды,

Арыстан бабам жеткізді, шайхым Ахмет Йасауи. (Диуани Хикмет, 1904 : 251) Демек, Қожа Ахмет Йасауидің дүниеге келуі  кездейсоқтық емес, Жаратушы Тәңір Тағаланың Өзі ойластырған жоспары десе болады. Олай болатыны X ғасыр соңына қарай Мұхаммед пайғамбармен Рухани әлемнен бірге келген рухани қуат сарқыла бастады. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыстың қуаты әлсіреп, нашарлауы адамзат қоғамының біртіндеп, азғындауына, материалдық болмыс жетегінде кетуіне ықпал етті.

Ол туралы Қожа Ахмет Йасауи «Хикметтерінде» мынадай жолдар бар:

Ей, достар, ақыр заман болды көргін,
Дінсіз, кәпір бұл әлемге толы көргін.
Хақ құлдығын қойып, барша дінсіз болды,
Соның үшін Қаһһар азап қылды көргін.

Ақыр заман нышаны сол – жақсылық етті,
Қаһһар Ием қаһарымен үкім етті.
Халайықтар діннен қайтып, дінді ұмытты.
Ислам әлсіз болып, қолдан шықты көргін.

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,
«Күннен күн бетер» деген хадис жетті.
Пайғамбар айтқандары келіп жетті.
Бұл дүниені қараңғылық басты көргін.

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,
Біліп тұрып, өздерін отқа атты.
Өзі амал қылмай, халыққа ілім үйретті.
Бұл дүниені қараңғылық басты көргін. (Диуани Хикмет, 1904 :168-169)

Осы «Хикмет» жолдарына қарап, Йасауи бабамыздың сол кезеңдегі адамзат басын шырмаған рухани азғындықтың қандай деңгейде болғанын сезінуге болады. Ол кісі адамзат басына түскен бар қиындықты сезіне отырып, одан шығудың жолын іздеді. Ол туралы «Хикметтерінде» балай дейді: «Ол хикметпен жоқтан бар етті.

Он сегіз мың барлық әлем қайран болар

«Қалу бәлә» деген құлдар үлес алды.

Тұрып қалған құлдар діні ойран болар.

 

Хақ Тағала иман сыйлық етті бізге,

Ол Мұстафа Хақ расулы айтты бізге.

Салауат айтсақ, қуат берер дінімізге,

Жоқ болса, қылғандарым жалған болар. (Диуани Хикмет, 1904 : 99-100) Бұл «Хикметінде» Йасауи бабамыз  адамзат басындағы бар тауқыметтің негізі иманның әлсіреп, діннің тек аты қалғанын меңзеп отыр. Адам баласы, мұсылмандар қауымы мұндай жағдайға қалай жетті? Рухани әлем мен адамзат қоғамның арасындағы байланыстың үзілуіне себеп болған, тек Мұхаммед пайғамбармен бірге келген рухани қуаттың әлсіреуі емес, сонымен бірге, сол кездегі ғұламалардың руханиатқа қарсы күресі десек артық айтқандық емес.   Өйткені, ғұламалар дәуірінде Ислам қоғамындағы Ахл ал-Хадис пен Ахл ар-Рай арасындағы идеялық талас-тартыс пен күрес кезеңі болды. Бұл күресте Ахл ал-Хадис бағыты жеңіске жетіп, ислам дініндегі стагнациялық үдеріс орын алды. Дін шариғаттың қасаң қағидалары шеңберінде ғана қаралып, иман-сенім мәселесі кері ысырылды. Бұл шариғат шеңберімен халықты ары қарай ұйыстыру мүмкін болмай қалғандығын көрсетеді. Бұл тығырықтан шығудың жолы адам рухын Рухани әлеммен байланыстыру екендігі белгілі болды. Сопылық ілім Исламның алғашқы ғасырларында пайда болғанымен, ол жеке тұлғалардың Алла мен адам арасындағы байланысы деңгейінде қалып қойды. Қожа Ахмет Йасауиге дейін Рухани әлемге толығымен қол жеткізген тұлға Мансұр Халладж болғандығын Қожа Ахмет Йасауи өз «Хикметінде» баяндайды. Ол кісінің тағдыры қалай болғандығы «Хикмет» жолдарында былайша баяндалады:

Тынбай ғашық һу дейді, Құдайына жалбарып,

Жүрер оның ғишқында, күндіз-түні сарғайып.

Зар жылатып ғашықты, ғишқ қолында Құдайым,

Ғишқ жолында айыптау оған көрер лайық.

Мансұр бір күн жылады, рахым етті жарандар,

Шілтен шербет ішірді, Мансұрге мейірін салып.

Мансұр айтар “Ана ал-Хақ”, жарандар ісі-бәрі ақ,

Молдалар айтар “Наһақ”, көңіліне жат алып.

Айтпа “Ана ал-Хақты”-деп, “Кәпір болдың Мансұр”- деп,

“Құран ішінде былай”-деп, өлтірді олар жабылып.

Біле алмады молдалар “Анна ал-Хақтың” мағынасын,

“Қал” ғалымдарына “хәл” ілімін Хақ көрмеді лайық.

Үкімді жаза шығарып, хәлін оның білмеді,

Мансұрдайын әулиені қойды апарып дарға асып.

Хикая-аңыз шариғат, нағыз ілім хақиқат,

Інжу-маржан тариқат, ғашықтарға лайық.

Әлем халқы жиылды, Мансұр деп бәрі зарлады,

Жолдастары Мансұрдың қалды онда жыласып.

Тәубе қылғын Қожа Ахмет, болсын Хақтан медет,

Жүз мың әулиелер өтті, сырдан сырға ұласып.(Диуани Хикмет, 1904 : 44-45)

Мансұр Халладждың бұлай жазаға тартылуы сол кезеңдегі мұсылман қоғамының рухани деңгейінің қандай дәрежеде болғанын көрсетеді. Сол кезеңнің ғұламалары дінді тек шариғат шеңберімен өлшеді. Адам рухы мен оның адам өміріндегі қызметін ескерген жоқ. Сол кездегі шариғат ғұламаларының Мансұр Халладжды дарға асып, өртеуі осыған байланысты. Бұл Қожа Ахмет Йасауиге дейінгі Мансұр Халладждан басқа сопылардың Рухани әлеммен жеке байланысы болғанымен, дінді тариқат деңгейіне дейін көтере алмағандығын көрсетеді. Демек, бұл Қожа Ахмет Йасауидің «Ахмади сәни», «Қтуб ал-Ақтаб» аталмағының мәні дінді тариқат деңгейіне көтеріп, Рухани әлемге қол жеткізуімен байланысты болғандығын дәлелдейді. Қожа Ахмет Йасауидің дінді тариқат деңгейіне көтеруі адамзат баласына не берді? Діннің тариқат деңгейіне көтерілуі Қожа Ахмет Йасауиге Рухани әлемнің (Кванттық әлем) шексіз қуатына ие болуға мүмкіндік берді. Біз оны Йасауи бабамыздың Ахман, Қараман атты бектерді итке айналдыруын мысал ретінде келтіруімізге болады. Бұл оқиға М.Сапабекұлының «Түркістандағы тарихи зиарат» атты еңбегінде былайша баяндалады: «Йасауи абыройының күн санап артып бара жатқанын көрген Ақман, Қараман атты бектер, оның жолына қалайда тосқауыл қоюды ойластырады. Сол екі бек ханның өгізін ұрлап сойып, етті Хазіреттің сабанханасына жасырып қояды да, ханға арыз қылады. –Сіз қалайша әулие дейсіз, айтқаны өтірік, қылғаны ұрлық. Күндіз елді басына көтеріп. «зікір» жаһр салады, түн болса, елдің малын ұрлап алып, елге үлестіріп жатады. Сіздің кешегі жоғалтқан өгізді сол сойып алды. Нанбасаң бізге тінтуші бер. Елдің көз алдында біз тінтіп, тауып алып, оның ұрлығын ашып, масқара қылайық, - дейді. Түркістан ханы екі бектің айтқанына нанып, қасына тінтушілер алып, тал-түсте «хазіреттің сабанханасын тінтеміз»- деп жиылып, келеді. Ахман, Қараман сабанхананы қарап, қойған жерден өгіз етін сурып алады. Мінеки,-деп сабанханадан шыға бергенде бірі ақ төбет, бірі қара төбет болып, өкпеге таласып, ырылдай бастайды. Мұны көрген ел үркіп қаша бастады.(Сапабекұлы, 1996 : 127 б.). Осы аңыз түркімен халқының арасына да кеңінен тараған. Онда аңыз Абдал тайпасының екі бегі Ақман мен Қараманның Қожа Ахмет Йасауиге қарсы қастандық ұйымдастырғаны, ол үшін Қожа Ахметтің «Ақманың ақ көпек бол, Қараманың қара көпек болып, біріңнің етіңді бірің же!» - деп қарғағаны айтылады. Және бір аңызда Қожа Ахметтің Ахман мен Қараманның  осы зұлымдығы үшін бүкіл Абдал тайпасын «Сендердің ешқашан сандарың жүзден аспасын, жүзден ассаңдар, бастарың бірікпесін»- деп қарғағаны айтылады.(Джикиев, 1963 : 198-199). Бұл аңыз қарақалпақтар арасына да тараған. Зерттеушілер бұл аңыздың оғыздардың Батысқа қарай соңғы қоныс аударуына байланысты туған деп есепейді.(Мендикулов, 1987 : 15]. Демек, Қожа Ахмет Йасауидің жасаған тағат-ғибадатын Тәңір Тағала қабыл етіп, оны Рухани әлеммен ұласуына мүмкіндік берді. Қожа Ахмет Йасауидің бұдан басқа да кереметтер көрсеткені аңыздарда баяндалады. Мысалы, Қаратау Қарачуқ (Түркістан) қаласының қасында болған. Ханның баласы Қаратауға аңға шыққанында, баласын қабылан жарып өлтіреді. Сонда хан «Кім де кім мына тауды қаладан аулаққа көшіретін болса, сол адамның дегенін жасаймын деген екен. Сонда Қожа Ахмет Йасауи келіп, «Мен көшіремін. Менің жасап жатқан іс-әрекетіме қарсы шықпайсың»- деген шарт қояды. Хан келіседі. Қожа Ахмет Йасауи дұға қылады. Айналаны қалың тұман басады. Таңертең тұрғанда халық таудың қаладан елу шақырымдай жерге көшкенін көреді. Бұл мысалдар Қожа Ахмет Йасауидің қандай құдіретті күшке ие болғанын көрсетеді. Ол күштің атын сопылық жолда «илми карамат» дейді. Демек, Қожа Ахмет Йасауи Рухани әлемге толығымен қол жеткізген және Рухани әлемнің шексіз қуатына ие болған тұлға. Демек, ол кісіге сол кезеңде ешкім қарсы тұра алған жоқ. Ол кісінің Түркістан көшелерінде отыз жыл бойына таспен атқыланып, баласын өлтіртіп, басқа көрген қорлықтары артта қалған кезең осы «илми караматқа» ие болған кезеңі болатын. Осы кезеңде ол шәкірттерін тәрбиелеп, өзінің әулилер мектебін қалыптастырды. Сонда ол кісі ондай құдіретке қалай жетті деген сұрақ туындары анық. Ол кісі Руханиатқа жеткізетін жетпіс мақамды игерді. «Жетпіс мақамда жетпіс мың перде. Жетпіс мақамды жеті йақин ішіне орналастырды. Бұлар мыналар: исм-ул йақин, расм-ул йақин, ʻилм-ул йақин, ʻайн ал-йақин, хаққ-ул йақин, хақиқат-ул хаққил йақин, Аллаһ-ул хаққил йақин. (Қожа Ахмет Йасауи. Жүректің айнасы, 2022 : 57-58). Бұл жеті йақинді рухтың қабаттары ретінде тануға болады. Рухтың әр қабатында өзіне лайық дәрежесі бар. Мысалы, исм-ул йақин жаратылыстың аты, Расм-ул йақин жаратылыстың суреті. ʻИлм-ул йақин – Алла Тағаланың адамға берген ғылым дәрежесі. Алла Тағала адамға осы дәрежені бере отырып, өзге жаратылыстардан артық етіп жаратты және өзге жаратылыстарға үкімін жүргізетін өзіне халифа етіп сайлады. Рухтың бұл үш қабаты адамның физикалық болмысымен сабақтас және мекен-кеңістік-уақытқа тәуелді болды және оның өмір сүру заңдылықтары шариғат ілімімен реттеліп отыратын. Алайда, бұл деңгейдегі адамның рухы Рухани әлемнен пайғамбарлармен келетін рухани қуаттарға тәуелді болды.  Соңғы пайғамбар Мұхаммед пайғамбармен келген рухани қуат сарқылғаннан кейін адамның рухани болмысы әлсіреп, физикалық болмысы күш ала бастады. Адамазат қоғамында азғындық етек алды. Шариғат ілімі ол азғындықты реттеуге қауқарсыз болып қалды. Міне, осы кезде Қожа Ахмет Йасауи атамыз жеті йақинді түгел игеріп, әулиелік дәрежеге көтерілді. Рухани әлем мен адамзат рухын қайта байланыстырып, түркі жұртын ʻайн ал-йақин деңгейіне көтерді.  ʻАйн ал-йақин деңгейінен бастап, хаққ-ул йақин, хақиқат-ул хаққил йақин, Аллаһ-ул хаққил йақин. деңгейлері Рухани әлемнің шекарасына кіреді. Бізге мұны қазіргі кванттық физика ғылымының сұйық денелерді зерттейтін саласы адам рухының да қабаттары екенін дәлелдеп отыр. Сол нәзік қабаттардан тұратын адам рухын кванттық физика былайша топтастырады: 1.Эфирлі дене. Астральді дене. 3. Ментальді дене. 4. Каузалды дене. 5. Интуитивті дене. Аспан денесі. 7. Тәж дене.(Аширов А. 2007 : 25-27 ). Кванттық физика ғылымының өкілдері рухтың мұндай қасиеттерін бұл XX-ғасырда дәлелдеген болса, оны Қожа Ахмет Йасауи атамыз XII- ғасырда дәлелдеп, халықтың игілігіне жаратқан. Кванттық физика ғылымы осы жеті нәзік қабаттан тұратын адам рухының адамның жаны мен тәні ажырағаннан кейінгі қозғалысын былайша сипаттайды. Эфирлі дене адам қайтыс болғаннан кейін тоғызыншы күні өледі. Астральді дене кісі қайтыс болғаннан кейін қырқыншы күні өледі.  Ментальді дене кісі қайтыс болғаннан кейін тоқсаныншы күні өледі. Қалған төрт қабат рух бір жылда толығымен жерден көтеріледі (Сонда.)  Егерде біз осы кванттық физика ғылымының ашқан жаңалықтары мен қазақ халқының  қайтыс болған кісіні жөнелтуге қатысты әдет-ғұрыптарымен салыстырып көретін болсақ. екеуінің арасында тікелей сабақтастық барлығын көруімізге болады. Қайтыс болған кісінің жетісі, қырқы, жүзі, жылы беріледі. Демек, қазақ халқының  әдет-ғұрыптары қайтыс болған кісінің рухының қозғалысын негізге алып, рухтың әр қабатымен қоштасу рәсімін жасайды. Бұл қазақ халқының шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтерілген халық екендігін көрсетеді. Бұдан басқа да қазақтың қаншама шариғатта жоқ деп есептелетін дәстүрлері бар.

Йасауийа тариқатындағы халықтың басты ерекшелігі шежірелерінің болуы. Былай қараған кісі шежіреден ешқандай күрделі нәрсе көрмейді. Кімнен кімнің тарайтынын анықтап тұратын тізбек қана. Алайда, шежіренің күрделілігі сонда – ол кез-келген кісінің рухының Рухани әлеммен байланысын көрсетіп тұратын құжат. Шежіреге кірген кісі Рухани әлеммен байланысқан кісі. Халық ол адамды текті деп есептейді. Егерде шежіреге кісі кірмей қалса, немесе шежіреге мән бермей оны бұзар болса, ол адамды тексіз дейді. Қазақ халқы құрамындағы ру, тайпалар мен жүздік құрылымдардың өмір сүруінің қатаң талаптары бар. Егерде осы талаптар бұзылатын болса, халық қатаң шараларға барады. Әсіресе, бұл некелік қатынастарға байланысты. Некелік қатынастарда жеті ата принципі қатаң сақталуы тиіс. Егерде ол принцип сақталмай жеке адамдар тарапынан бұзылатын болса, онда олар өлім жазасына кесіледі. Ал, жеті ата принципін руымен бұзғандар жүздің құрамынан шығарылады. Демек, қазақ халқының құрамынан шығарылады. Жалпы қазақтағы жүздік құрылымдардың қызметі Йасауи мәдениетінің шекарасын таза күйінде сақтау болды. Түркі мемлекеттігінің құрылымдық жүйесі осы ру-тайпалармен тікелей байланысты. Ру, тайпалар мемлекеттің құрылымдық жүйесінің негізі – керегені құрайды. Керегені ыдыратар болса, түркі мемлекеттігінің іргетасы күйрейді. Бұл мемлекеттің күйреуіне әкелетін қатерлі қадам. Сол себепті, некелік қатынастағы жеті ата принципі тек қан тазалығын сақтау үшін қабылданған дәстүр емес, түркі мемлекеттігінің іргетасын қорғау үшін Тәңір Тағала тарпынан келген киелі де қасиетті дәстүр болатын.

Қожа Ахмет Йасауидің дінді бұлай шариғат деңгейінен тариқат деңгейіне көтеруі сол кезеңдегі берісі мұсылман, арысы бүкіл адамзат баласының өміріне тікелей игі ықпалын тигізді. Ең бастысы адамзат қоғамының басына төніп келген ақырзаман апаты кері ысырылды. Йасауи жолы дүниеге келгеннен кейін мұсылман деп халық бес парызын орындап жүрген жандарды емес, рухани тұрғыдан жетілген, жақсылық пен жамандықтың аражігін ажырата білетін, иманы кәміл жандарды ғана танитын болды. Осы еңбегі үшін халық ол кісіні «Ахмеди сәни-екінші Мұхаммед», «Қтуб ал-Ақтаб-Дүниенің» тірегі деп атай бастады. Йасауи бабамыздың Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта қалпына  келтіріп, діннің ішкі мазмұнын тану жолында рухты белсенді күшке айналдыруы адамзат санасында жасаған төңкерісі еді. Осы үшін халық ол кісіні Әулиелердің әулиесі,  Әзірет сұлтан – деп таныды. Алайда, Йасауи жолы-ілімі бірден мойындалып, барлық жаққа бірден тарап кете қойған жоқ. Йасауи бабамыз 1166/67 жылы дүниеден өтті. Сол жылы Шыңғыс хан дүниеге келді. Йасауи жолының жалпы Евразия кеңістігіне толық таралуы үшін алдымен Шыңғыс ханның таққа отырып, өзінің билігін Евразия кеңістігіне толығымен билігін жүргізуі қажет болды. Йасауи жолының өкілдері Шыңғыс ханға адал қызмет етті. Мұхаммед Данышманд Зарнуқи сияқты шәкірттері Шыңғыс ханның кеңесшілерінің бірі болды. Осылай Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың адамның рухани болмысын Рухани әлемге жалғауы, Шыңғыс ханның өзінің билігін Евразия кеңістігіне толығымен таратуы және Йасауи жолына қолдау көрсетуі адамзат тарихындағы аса күрделі өзгеріске себеп болды. Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс қайта орнады. Йасауидің рухани ілімін негізге алған өзге сопылық мектептер де Рухани әлемге ұласып, рухани ілімнің таралу аймағын кеңейтті. Адамзат баласы өмірін ары қарай жалғастыруға мүмкіндік алды. Йасауи бабамыз қалыптастырған Рухани әлем мен адамзат арасындағы байланысты сақтап тұратын әулиелер мектебі күні кешеге дейін өзінің қызметін тоқтатқан жоқ.

Шыңғыс хан құрған империя негізінде Қазақстан территориясында Жошы ұлысы қалыптасты. Бұл мемлекеттің идеологиясы 1320 жылдан бастап Йасауи жолы-йасауийа тариқаты болды. Бұл мемлекеттің бүкіл құрылымдық жүйесі, қоғамдық қатынастарды реттеу толығымен осы Йасауи жолы негізінде қалыптасты. Сонымен бірге, қала тұрғындары арасындағы қоғамдық қатынасты реттеу шариғат өкілдерінің қолына берілді. Мемлекеттегі барлық қарым-қатынас заңға бағындырылды. Сөйтіп мемлекеттің барлық құрылымдық жүйесі толығымен көне түркілік мемлекетті басқару жүйесімен сәйкестендірілді. Мемлекет құрамындағы ру-тайпалар мемлекеттің іргетасы керегені құрады. Керегені шаңырақпен жалғастыратын уық қызметін рулар мен тайпалардың рухани жетекшілері-билер атқарды. Шаңырақ ханның қолында болды.Осылай бір-біріне тәуелді, бірі-бірінсіз өмір сүре алмайтын мемлекеттің құрылымдық жүйесі қалырптасты. Мұндай мемлекеттік жүйеде әділдік пен заңдылық қана абсолюттік билікке ие еді.(З. Жандарбек, 2006 : 122) Осы кезеңде өз дамуының шырқау шегіне жетті. Бұл мемлекетті халық Алтын Орда деп атай бастады.

Алайда, мемлекеттің мұндай жүйесі абсолюттік билікті көксеген Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханға ұнамады. 1342 жылы кенеттен Өзбек ханның қайтыс болып, ханның тағына отырады деген Тыныбектің жорықта болуы Алтын Орда тағына Жәнібектің отыруына мүмкіндік берді. Ол айламен ағасы Тынабекті де, інісі Қызырбекті де өлтіріп, толығымен билікті қолына алды. Хан тағына отырғаннан кейін Жәнібек үш күн өткенде мұсылмандарға міндетті түрде басында сәлде тағып жүруге жарлық берді. Бұл оның Йасауи жолынан бас тартып, мемлекеттің діни-идеологиялық саясатын өзгерткенінің басты белгісі еді. Жәнібек хан Алтын Ордада шафиғи мазхабын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Мұның соңы Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне әкелген басты себеп болды және Евразия кеңістігі тағы да алапат өзгерістерге ұшырады. Құдай Тағала Йасауи жолынан, тариқат жолынан бас тартып, шариғат жолына шегінген халықтан да, ханнан бас тарты. Осы жолдан бас тартқан әлем халқына оба кеселін  жіберіп, 450-500 млн. адамның дүниеден кетуіне ықпал етті.  Алтын Орда мемлекетінің құлауына қарсы болып, тілеуін тілеген орыс халқына ықыласы түсіп, Хызыр алейхи саламды солардың шылауына байлап берді. Содан бері орыс халқы жеңілістің ащы дәмін татып көрген жоқ.(Тамерлан –Москва: Эксмо, 2022. : 250).

Одан кейінгі кезең Қазақ даласында саяси билік пен рухани билік арасындағы тартыспен сипатталады. Өзбек ұлысы, Қазақ хандығы сол екі билік арасындағы тартыстың құрбанына айналды. 1781 жылы Абылай ханның дүниеден өтуімен түркі мемлекеттігінің тамырына балта шабылды. Одан кейінгі отарлық кезең Йасауи жолының қуатының азаюына, рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланыстың әлсіреуіне әкелді. Кеңес өкімет орнап, атеизм күшіне мінген кезеңде руханиат мүлде әлсіреді. Әулиелер мектебінің қуатының әлсіреуіне әкелді.

Одан кейінгі кезеңде, еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, уаххабилік идеологияның ықпалы артып, Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты толығымен үзді. Қазіргі күні Рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланыс толығымен үзілді. Адамзат қоғамында материалдық болмыстың ықпалы артты. Қазіргі күні материалдық болмыстың салтанат құрған кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Йасауи бабамыз заманындағы қоғамдағы азғындық қазіргі кезеңмен салыстырғанда ойыншық болып қалды. Адам рухының азғындауы шырқау шегіне жетті. Йасауи бабамыздың мына Хикметі қазіргі кезеңдегі рухани ахуалды дәл бейнелейді:

Әулиелер айтқан уәде келді білем,

Қияметтің күні жуық болды, достар.

Есті құлдар болғанын білді білем,

Ел-жұрттан мейір-шапқат кетті, достар.

 

Үлкен-кіші жарандардан әдеп кетті,

Қыз-келіншек, нәзік жаннан ұят кетті,

“Ал Хайау мин ал иман”[1]- деп Расул айтты,

Арсыз қауым, ғажайыптар болды, достар.(Диуани Хикмет, 1904 : 62)

Йасауи бабамыздың осы жазғандары бізде де қазіргі күні толығымен қайталанып жатқанына бәріміз куәміз. «Диуани Хикметтің» жолдарында баяндалған азғындық пен имансыздық біздің заманымызда да болып жатқандығына ешкім шәк-шүбә келтіре алмайды. Демек, біз де имансыз қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бұл адамзат баласының басына тағы да ақырзаман апаты келіп тұрғандығын білдіреді. Біз оны бүкіл әлемде табиғи апаттардың көбеюіне қарап байқауымызға болады. Бұлардың   барлығы  экологияның бұзылуына ғана байланысты емес, адам рухының азғындыққа ұшырауымен байланысты екендігіне мән бермейміз. Бұл тығырықтан шығу жолы бар ма? Бар! Ол – Рухани әлем мен адам рухы арасындағы қайта қалпына келтіру. Басқаша айтқанда, Қожа Ахмет Йасауи бабамыздың жасаған ерлігін қайталап, Рухани әлем мен адам рухы арасындағы байланысты қайта қалпына келтіру. Сонда ғана адамзат қоғамы қайтадан өзінің дұрыс жолына қайта түседі. Бұл адамзат қоғамының әлі де Йасауи іліміне мұхтаж  екендігін көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Автобиография Тимура. / Тамерлан. –Москва: Эксмо, 2022. -544.
  2. Аширов А. Экология сознание. –Түркістан: «Тұран», 2007.
  3. Джикиев А. Материалы по этнографии мангышлакских туркмен // ТИИАиЭ АН Туркменской ССР.
  4. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. –Алматы: «Ел-шежіре», 2006.
  5. Қожа Ахмет Ясауи. Диуани Хикмет. –Қазан: 1904.
  6. Қожа Ахмет Ясауи. Жүректің айнасы. –Шымкент: South Print Corportion, 2022.
  7. Мендикулов Н.Н. Памятники нараоного зодчества Западного Казахстана. –Алматы: «Өнер», 1987.
  8. Сапабекұлы М. Түркістандағы тарихи зиарат//Ясауи тағлымы. –Түркістан «Мұра» 1996.

[1] Ал Хайау мин ал иман – ұят-иманнан (хадис).

Жандарбек Зікірия Заманханұлы,

Қазақстан. Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі, ғылыми қызметкер. Тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

0 пікір