Сәрсенбі, 7 Қаңтар 2026
46 - сөз 827 0 пікір 5 Қаңтар, 2026 сағат 13:30

Алаш қаласының құрамдас елдімекендері

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Ертістің сол жағалауындағы ауылдар мен қыстау, жатақтар ел ішінде ертеректен Алаш қаласы аталып жүргенімен  нақты тарихи құжаттар бойынша Алаш қаласы ресми тұрғыда 1917 жылдың 11 мамырымен 1927 жылдың 15 қыркүйек аралығында ғана қала дәрежесін иеленіп тұрған.

Ертістің сол жағалауындағы ежелден сауда орталығы болған, кейіннен орыс патшалығы заманында «Заречная слободка» аталған елдімекенді бүгінде Алаш қаласының негізі деп жүрміз, солай дегенмен сол жағалауда отырықшы қазақтар қоныс қылған өзге де ауылдар болғанын ескере бермейміз. 1871 жылғы «Семипалатинские областные ведомости» шығарылымының №34 санындағы: «Время построения Тюнебаевской слободки, существующей ниже построенных купеческих лавок, относится к 1826 году.

Слободка Джаломанова, названная так по имени старшины Джоломана, который первый построил в 1829г. Деревянный дом, стоит выше бывших купеческих лавок и возникла с разрешения Омского Областного Правления» деген деректен сол жағалауда орталарында сауда алаңы орналасқан екі үлкен елдімекен болғанын аңғару қиын емес.

Семей Облыстық Есеп (санақ) Комитетінің жыл сайынғы «Памятная книжка Семипалатинской области» шығарылымын парақтасақ көптеген деректерден мағлұмат аламыз. 1897 жылғы шығарылымның 119-123 беттеріндегі мына кестемен танысайық:

(Ескерту: кесте ықшамдалынып және өзге қалалар мәліметтері салыстыру үшін алынды)

а) В пос.Джаламанском и Коктерекском живут исключительно оседлые киргизы.»  

«Памятная книжка Семипалатинской области на 1898 г.» шығарылымында:

«Семейде 1398 үй, тұрғындары: 11442 еркек, 9366 әйел;

Сол жағалауда 997 үй, тұрғындары: 2103 еркек, 3230 әйел;

Жоламан ауылында 31 үй, тұрғындары: 45 еркек, 44 әйел» деп жазылып

Жоламан ауылы Көкен болысының құрамында деп көрсетіледі, сондықтан болар бұл басылымның 1913 жылға дейінгі шығарылымдарында Жоламан

ауылының деректері көп кездеспейді, тек 1906 жылғы шығарылымында:

«Семейде 3141 үй, тұрғындары: 14106 еркек, 14116 әйел;

Сол жағалауда 975 үй, тұрғындары: 2295 еркек, 2395 әйел;

Жоламан ауылында 29 үй, тұрғындары: 76 еркек, 58 әйел» деп көрсетілген.

Бұл деректердің нақтылығына күмәнім зор. Өйткені, ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатындағы 478 қордың 1 тізілімі 1 істегі    «Список строенным зарекою Иртышом оказавшиеся по свидетельству сделаннаму   4го числа декабря 1841 года поданному вновь   ....» деген құжаттың 33, 34 парақтарында Жоламан ауылын кеден бақылауына кіргізу үшін жүргізілген жұмыстар кезінде жасалған ауқатты адамдардың үйлерінің және дүкендерінің тізімі бар. Тізімде 80 үй, 7 дүкен жазылған  соның ішінде ауыл старшыны Жоламан Жандарбекұлының, балалары мен туысқандарының үйлерінен бөлек, 5 үйі болғаны көрсетілген.

«Список домов состоящих налевом берегу реки Иртыш, против города Семипалатинска принадлежащих разным лицам» (ҚР ОММ 478 қор, 1 тізімдеме, 1 іс, 62 парақ  қайырма бетімен) деген мұрағат құжатында Жоламанның бір үйі былай сипатталыпты:

«Старшины Джоламана Джандырбекова, принем отдельная кухня, амбар, баня, конюшня и скотской двор крытый, особый флигель  из одной комнаты для обитания вовсе неспособный».

Сөз арасында, орыс жылнамашыларының тарихи деректерді бұрмалауындағы тағы да бір мағлұматты айта кетейін. Ертісті бойлай Жаркент маңындағы алтын төбеге жету үшін жол бойына қорғаныс бекіністерін салып отырған орыс патшасының әскери шолғыншысы лейб-гвардия майоры И. М. Лихарев 1721 жылдың 19 қаңтарында Кеңгір Тұра маңынан бекініс салуға қолайлы жер тапқаны жайлы сенатқа хат жазады, ал біз Өскемен бекінісі 1720 жылы салынған деп жүрміз.

Семей қаласы мешіттері мен медіреселер тарихын  Семейдің  жетінші мешітінің бас имамы,  ахуны және медіресе ұстазы  Ахметуәли Ғалиұлы  (Мұнасыпұлы Оразмұхаммед әл-Ұтарийдің ұрпағы, 1833 жылы Семей қаласында дүниеге келген) «Семей қаласының ахуалы және имамдары» деп атау беріп 1888 жылы жазған қолжазбасында  сол жағалау жайлы былай баяндайды:

«...бесінші мешіт (Жоламан мешіті. С.Б.) Ертіс өзенінің арғы жағында орналасқан. Оның жамағатының басым бөлігі қазақ халқы, алайда арасында орыс көпестері мен қала тұрғындарынан бес-алты бай ғана бар, қалғандарының барлығы қазақтар. Бұл аймақ 500-ден астам үйі бар үлкен ауыл саналады.  

...Ертістің арғы жағында, бесінші мешіттің жамағатымен шекаралас аймақта, 1829 жылы алтыншы нөмірлі мешіт салынды. Бұл ағаш мешіт, бірақ мұнарасыз еді. Оны Тінібай Кәукенұлы есімді бай қазақ меценаты өз қаржысына тұрғызды.

Бұл мешіттің жамағаты түгелдей қазақтардан құралды. Аймақта 150-ден астам үй болған.»

Орыс патшалығы тұсында соңғы салынған Семей қорғаныс бекінісіне қарсы беттегі, Ертістің сол жағалауындағы елдімекендегі тұрғын үйлердің,  әртүрлі ғимараттармен  тұрғын халықтың саны бұрмаланып жазылып келген және «Семей қорғаныс бекінісін салғаннан кейін ғана сол жағалауға ел  қоныстана бастаған» деген сөздің жалғандығын зерттеуші ғалымдар еңбектеріндегі  деректер айқындайды.

Жанұзақ Қасымбаев «История города Семипалатинска (1718-1917гг.)» кітабында «бекіністегілер сол жағалауға азық-түлік алу үшін қайықпен баратын»,  орыс патшасының үкіметі «1747 жылы саудагерлер үшін өзеннің арғы бетінен кішігірім қонақ үй салуға да ниет қылды» деп  жазғаны Семейдің сол жағалауында, орыстар «Заречная слободка» деп жүрген жерде ежелден елдімекеннің болғанын білдіреді.

«Город Алаш» құжаттар жинағының  (Семей, 2010.) 163 -167 беттерінде

1917 жылдың 30 маусымында Алаш қаласы атқару комитетінің төрағасы А.Аңдамасов, хатшысы Григорьев қол қойып, Семей облыстық комиссариатына жолдаған  мәлімдемелерінде  Алаш қаласының тарихына қатысты мынандай деректер берілген:

«О самоуправлении в Заречной Слободке»

30 июня 1917г.        г.Алаш

«Семипалатинская Заречная Слободка /ныне переименована в Алаш/ расположена на левом берегу р. Иртыша,  имеет длиной 3 версты и шириной 2 версты, была заселена на 12 лет ранее г.Семипалатинска и существует 175 лет, земля под ней ранее была таможенного ведомства, которое вело меновую торговлю со степью. Близь лежащие и окружающие Слободку земли принадлежат Сибирскому Казачьему Войску и Войсковому Хозяйственному Правлению, которое и отдает эти земли под хлебопашество, бахчеводство, сенокошение и т. д. ... »

Осы мәлімдемеде Алаш қаласы Семей қаласынан 12 жыл бұрын қоныстанғаны айтылады, осы сөз шындық. Және бұл жерде Семей қаласы деп Семей бекінісі айтылып отыр.  175 жыл бұрын деп жазғандары 1740 жылдарды меңзейді,  яғни 1767 жылдары генерал – поручик И.Шпрингердің, ал  1770 – 1776 жылдары инженер – топограф И.Андреевтің жобасы бойынша салынған Семей қорғаныс бекінісінің төртінші орны осы Алаш қаласына қарама – қарсы тұстан таңдалғаны анық. Бұл бекіністің құрылыс жұмысы 1777 жылдың желтоқсанында толық аяқталғанымен мұнда тек 1778 жылдың жазында ғана қоныстанады.  Семейдің қала атануы 1782 жылы Тобыл губерниясындағы  «город Семиполатный» делініп, 1783 жылы «уездной город Семиполатинск» дегеннен бастау алады. Қала деп атанғанымен бар тірлік 1790 жылы бекініс өртенгенге дейін сол қорғаныс бекінісінің ішінде болатын.

Ерлан Сыдықовтың «Алаш қаласының тарихы» (Семей, 2010) кітабының 144-203 беттерінде Алаш қаласы қала мәртебесіне ие болғанына екі жылға тақау уақыт өтседе кейбір керітартпа жандардың ұйымдастыруымен «Заседания Семипалатинской особой комиссии для рассмотрения вопроса о выделении Семипалатинской Заречной Слободки в самостоятельную горордскую единицу» деген тақырыппен 1919 жылдың 9 сәуір күні жиын өткені, сол жиында мынандай дерек айтылған құжат көшірмесі берілген:

«...в 1760 году на месте нынешнего расположения Слободки был построен меновой двор, который спустя 18 лет, /в 1778 г./ был перенесен на правый берег реки Иртыша. По-видимому, двор этот, будучи на левой стороне реки, привлек к себе внимание торговцев, как удобное место для обмена товаров со степным населением, так как в 1795 году указом Колыванской казенной палаты, данным Семипалатинской Пограничной таможне 25 апреля, за № 796, было разрешено Семипалатинскому купечеству производить торговлю и строить на левом берегу реки Иртыша против города Семипалатинска, как для торговли, так и для жительства необходимые строения. Таким образом, Семипалатинская Заречная Слободка получила свое начало в 1795 году».

Ал, Семей өңірінің тарихын зерттеушілер И.Земляницынның «Исторический очерк Семипалатинска и его торговля» (1876 жыл), В.П.Никитиннің «Исторический очерк» (1887 жыл) еңбектерінде Әбілпейіз сұлтанның 1758 жылдары өз қарамағындағы жұртын Ертіс бойындағы сауда алаңында сауда жасау үшін жақындап, Шаған өзені мен  Шағыл маңына қоныстандыра бастағаны жазылған. Бұл жерлерді уақ руы мекендеп отырғандықтан Әбілпейіз сұлтан  1760 жылы Петербордағы орыс патшасына жүгінеді.

«Русское Правительство, заботясь о поддержании торговых отношении с новыми своими соседями на Иртышской линии, уважило ходатайство Абдул-Фаиза и в 1764 году для торга с киргиз-кайсаками в 15 верстах выше тогдашней Семиполатинской крепости, против развалин Семипалат, на левом берегу Иртыша был устроен особый меновой двор, послужившим впоследствии основанием нынешней Семипалатинской заречной слободки» деп жазады орыс зерттеушісі И.Земляцын.

Осындай жазбаларға сүйене отырып Алаш қаласының құрамында Орта жатақ (Заречная слободка), Шағыл (Комсомольский кенті), Төменгі жатақ – Қайықаузы  немесе №2 ауыл (Нахаловка), Тарақты жатағы (14 мөлтекаудан, 905 стройка), Мұқыр (Бобровка), Жоғарғы жатақ–Жоламан,  Биғұл (Суықбастау кенті), Көктерек ауылдары болған деп айта аламыз.

Көктерек ауылы Құртоған өзенінің Ертіске құяр сағасының оң жағалауындағы саяжай алабының орнында немес Чарская көшесімен Шар тұйық көшелері орналасқан аумақта болған деп топшылаймын.

Сонымен қатар Қайықаузынан төмен Саптыаяқ, Арғынбай, Мұрат, Құрманқожа қыстауларымен қоса тағы да 5 қыстау болғанын;  Адырхан, Молда, Жәңгір молда ауылдары болғанын;  Ботов, Каменских, Андреевтардың кеме айлақтары (пароходная пристань) және Злоказовтың жүн жуатын кәсіпорны болғанын ескерсек Алаш қаласының әкімшілік –басқару аумағының көлемді болғанына көз жеткізер едік.

Және бұл тарихи шындықтың ашылып, тарихи әділеттіліктің орнағаны болар еді.

Серікбек Болатбекұлы

Abai.kz

0 пікір