Қазақтың түбі һәм Шыңғыс хан туралы аңыз
АҢЫЗДАР, ТАРИХИ ЖЫРЛАР
Құрметті оқырман!
Назарыңызға Шыңғыс хан туралы қазақ халқының мәдени жадындағы аңызды жариялап отырмыз. Өйткені, бұл аңыз – халқымыздың Алтын ордалы қағанат орнатып, қазақ ұлтының қалыптасуына разылықпен қойған жарқын ескерткіші.
Аңызға тарихи дереккөз ретінде қарау қатеге ұрындырады, бірақ оған таным мен көзқарас ретінде қараған жөн. Аңыз ешқашан шындықты жалаңаштап бермейді, оның сырын бүгіп, қазақ ұлтының түбі Шыңғыстай төреде екенін көлегейлейді, кодтармен шифрлайды, бірақ паш етеді.
Аңызды хатқа түсірген төркология ғылымының атасы В.В. Радлов (Фридрих Вилгелм). «Алтын сандық», 133-136 беттер - «Ана тілі» баспасы, 1993 жыл. Құрастырғандар: Сейіт Қасқабасов, Кенжехан Ісләмжанұлы.
ҚАЗАҚТЫҢ ТҮБІ
Бір Алтынбел деген хан болған, ханның жалғыз ұлы бар еді, аты — Қайшылыхан, сонан басқа баласы жоқ еді. Бір күндерде ханның қатыны құрсақты болды, бір уақытта бір қыз бала келтірді, ай десе аузы жоқ, күн десе көзі бар. Тапқан шешесі қызын көріп көп күнге дейін талып қалды. Сондай бір қыз келтірді деп ханға айтады. Хан айтты: “Адамға көрсетпе! Кісі көрмесін, бір жерге жасырып асырат!”, — деді. Сонан соң ханның қатыны бір кемпірді шақырды, кемпірге жылында бір жүз ділдә берді. Кемпір бұл баланы алып, қараңғы темір үйге салып асырады.
Сол қыз бір күндерде ер жетіп өсті. Өскеннен соң бұл қыз бір күнде кемпірден сұрайды: “Сен қайда барып жүресің?” Кемпір айтады: “Е, балам, бір жарық дүние бар, бұл жарық дүниеде әкең бар, шешең бар, талай жандар бар, сонда барамын”. Қыз айтты: “Е, енем! Ешкімге айтпаймын, маған сол жарық дүниені көрсетші”. Кемпір айтты: “Жарайды, ешкімге айтпасаң көрсетейін”. Кемпір бұл қызды тысқа шығарады, шығарғаннан соң, қыз бұл жарық дүниені көріп, бойы балқып есі ауып қалады. Сол тысқа шыққан күндерінде оған алла тағаланың көзі түседі. Алланың әмірімен сол қыз құрсақты болды. Бір күндерде іші өсті. Ол қыз екіқабат болғанын кемпір білді, енді мені өлтіреді деп қайғы жеді. “Енді мені өлтірсе де, қаным ақ! Ханның қатынына айтамын!”, — деді.
Кемпір келіп ханның қатынына айтты: “Қызыңыз құрсақты болды, іш адамға мен оны көрсеткенім жоқ, өлтірсеңіз, қаным — ақ! Тірі қалсам, жолым — ақ!” Ханның қатыны айтты: “Сен онан басқа не қылдың?” Кемпір айтты: “Қылғанымды жасырмаймын, менің қылған жазғым бір-ақ рет тысқа шығарған едім. Шыққан күннен құрсақты болды”. Ханның қатыны айтты: “Сен жамандық қылмаған болсаң, ханға жауабын мен өзім берейін”. Солай айтып ханға барды.
Ханға келіп айтады: “Алланың әмірімен қызыңыз құрсақты болды, оны еш адам көрген жоқ еді”. Хан айтты: “Өлсін оны!” Ханның қатыны айтты ханға: “Ханға қызын өлтіріпті деген атақ жаман болар”. Хан айтты: “Енді не қылсаң да, көзімнен жоғалт!”
Қатын өлтіруге қызын қимайды, бір алтынды абдыраға салып, ішіне азық салып, аузын жауып, кілтін сыртына байлап, ағып жатқан дарияға салып қоя берді.
Сол бір жерде Домбағұл Соқыр, Тоқтағұл Мерген аң аулап жүруші еді. Сол дарияның ортасында ағып келе жатқан абдыраны көрді. Тоқтағұл мерген көргенде: “Ай, жолдасым, — деді, — судың ортасында жарқырап бір нәрсе ағып келеді, құдай берсе оны біз алармыз, ала қалсақ сен ішін аламысың, тысын аламысың?” Сол жерде үлеселік, қолымызға келген соң, бір-бірімізді таласып араз болармыз”, — Домбағұл соқыр: “Мен тысын аламын”, — деді. Тоқтағұл мерген айтты: “Мен ішін аламын, не шықса да, шықпаса да менің бағымнан болсын!”
Сонан соң жібектен жіп есіп, оққа байлап, Тоқтағұл мерген атады, ол оқ барып абдыраға қадалады, абдыраны тартып судан шығарып алады. Абдыраның аузын ашады. Ашса, ішінде он төртінде туған айдай болып бір қыз жатады. Екеуі көргенде сон, көргеннен есі ауып қалады. “Не қызсың? Не еткен жансың?” — деді. Қыз айтты: “Мен Алтынбел ханның қызы едім. Мені бір қараңғы жерде асырған екен, мен алланың әмірімен құрсақты болдым. Мені сонан соң әкем өлтірсін деп, шешем өлтіруге қимай, қайда кетсе де тірі кетсін деп осы абдыраға салып қоя берді”.
Тоқтағұл мерген айтты: “Сені біз алармыз, бізге тиемісің?” Қыз айтты: “Тиейін, мен осы ішімдегі баламды дүниеге келтірген соң мен сонда тиейін саған!” Тоқтағұл мерген: “Олай болса, жарайды”, — деді.
Сонан уақыт өткен соң, бір ер бала келтірді, өзінен көркем болды. Сонан соң некесін қиып алды. Далада жүрмейік деп, еліне келді. Еліне келген соң, сол бала ер жетіп өсті. Өзі жақсы, әділ болды. Сол баланың атын Шыңғыс қойды. Ол уақытта олардың тұрған жерінің жанынан өткен екен, бала қалған екен, елді патша қылуға жақсы кісіні таба алмайды. “Сол Шыңғыс деген баланы патша қылайық”, — деседі. Баланы патша қылады, “өл десең өлерміз”, — деп ант береді.
Сол Шыңғыс патша болып, әділ болды, кісіге зұлым қылмады, зорлық қылмады, жұрты тыныш болды, елде ұрлық, өтірік жоқ болды. Шыңғыстан кейін Тоқтағұл мергеннің сол қатыны үш ұл бала туды. Ол үш ұл бала ер жеткен соң, сол Шыңғыс деген патшаға зорлық қылды. “Бұл атасы жоқ бала еді, мұны патша қылмаймыз, біздің атамыз бар, біздің бірімізді патша қыл!” Сол патша сол үш баламен егес болды. Сонан соң патша: “Мен жалғыз едім, мені бұлар өлтірер”, — деп қашпақшы болды. Шешесінің қасына келді, айтты: “Е, шеше, мен кетемін қашып, мына үш жаман балаң мені өлтіретұғын болды”. Шешесі сұрады: “Енді, балам, сен қайда барасың, барған жеріңді маған айтып кет! Мен сенің өлі-тірі хабарыңды білейін”. Шыңғыс айтты: “Қайда барайын? Өзің ағып келген судың басына барып, сол атамның тұсына барып, сонда жатармын. Атам судың жарында, со жерде жатармын”.
Е, шешекем, менің өлі-тірі хабарымды білдірермін саған, осы өзің ағып келген суға құстың жүнін салып тұрармын. Құстың жүнін өтіп тұрар, өтіп тұрса, менің тірілігім, құстың жүні өтпесе ағып, менің өлгенім” — деп уәде қылды да, “Аман бол, шеше!” — деп кетіп қалды.
Шыңғыс қашып барып суды өрлеп кетті, атасының тұсына келіп, судан өте алмай, бұл жақта жатып қалды. Жатып аң атарға шықты, аң атып, құс атып, аңның терісінен үй тұрғызды. Құстың жүнін суға салып тұрды. Құстың жүні аққан суменен өтті, шешесі тірі екенін біліп тұрды. Шыңғыс құстың жүнін таудай қылып үйіп қойды.
Шыңғыс кеткеннен соң ел патшасыз болып қалды, кімді патша қылармыз деп састы. Онан соң “осы қатынның баласы жақсы болушы еді” деп бір Бергелтай деген баласын хан қойды. Бергелтай жұртты бүтін тұтып, жақсы қылып тұра алмады. Жұртында ұрлық көп болды,тентек көп болды, өтірік көп болды, оның тілін адам алмады, өзі әділ болмады, парақор болды. Сонан соң сол жұрты азып тозды. Жұрты бір жерге жиылып кеңес құрды. “Біздің патшамыз әділ болмады, жаман болды, ол жұртты тұтып тұра алмады. Шыңғыс патшамыз тұрған уақытта жұртымыз ұрлық, өтірік, зорлық жоқ еді, жұртымыз көп еді, енді аз болып қалды, жұртымыз таусылатын болды. Бергелтай патша бола алмас, со Шыңғысты іздеп табайық! Мұны қайдан табамыз? Қайда кеткенін құдай біледі, өзге жан білмесе, бір білсе шешесі білер, онан сұралық”.
Жұрт жиылып сол шешесінікіне келді, айтты: “Сол Шыңғыстың қайда кеткенін білемісің?” деді. “Мына жаман балаң патша бола алмады, жұртты бүтін тұтып тұра алмады, Шыңғыстың заманында жұртымыз жақсы еді, со Шыңғысты іздейік”, — деді. “Біз қайда кеткенін білмейміз, сіз соны білерсіз, сіз айтыңыз, білсеңіз!” Шешесі айтты: “Мен айтайын! Барсаңдағы, тауып алсаңдағы мында келмес! Келсе түзу жолын айтайын! Осы суды өрлеп жүріп отыр, осы судың бойына Шыңғыс барды, табарсыңдар барып, жалынсаңдар Шыңғыс келер, жаман сөз айтпаңдар. Көптен кісі көрген жоқ, шошып кетпесін!” “Жарайды”, — деп жиырма бес кісі Шыңғысты іздеп кетті.
Бір күндерде Шыңғыстың жеріне келіп жетті. Шыңғыстың аң терісінен қылған үйін көрді, таудай қылып үйілген тастарды көрді, құстың жүнін көрді, орнатып қойған ат байлайтұғын діңгегін көрді. “Е, Шыңғыс осында екен”, — деді. Шыңғыстың өзі жоқ екен аң аулауға кеткенін білді. “Біз бүгін көрінбейік, бізді көрсе, қашып кетер, атымызды жасырып, өзіміз құстың жүніне еніп жаталық, келіп ұйықтап жатқан жерінде ұстап алалық”. Жасырынып жатады. Бір күндерде Шыңғыс келеді, діңгекке Шыңғыс келді өзі. “Ханның атын ұстаңыз!” — деді. Аттан түседі және өзі: “Ханның атын байлаңыз!” — деді. Хан үйге кірді, өзі: “Ханға есік ашыңыз!” деді. Үйге кіргенде: “Ханның астына құс (көрпе-жастық) салыңыз!” — деді. Өзі отырады да: “Ханның алдында ас әкеліп қойыңыз!” деді. Асты өзі алып ішеді. Асын ішкен соң ұйқысы келді. “Ханға төсек салыңыз!” — деп, өзі салып жатты. Жатып қалған жерінде жиырма төрт кісі бас салып ұстап алды, жиырма төрт кісіні бірін бұлай, бірін бұлай лақтырады. Кісілер айтты: “Е, тақсыр хан! Құлдық қыламыз деп жалынып келдік, сіз кеткен соң еліміз азып тозып кетті, қайтып жүріңіз! Патша болып орныңызға тұрыңыз!”
Сонан соң қайтып алып жүрді, еліне алып келді. Бұрынғы орнына хан қыламыз дегенде, соңғы байдан туған үш інісі: “Мұны хан қылмаймыз, бұл кетсін, кетпесе мұны өлтіреміз!” деді. Сонан соң жұрт жиналып кеңес құрды: “Мұны қайтеміз? Мұны хан қылсақ өлтіреміз, өздерін хан қойсақ жұртты тұтып тұра алмайды, мұның қайсысын хан қылса да шешесі білсін!” деді. Шешесіне үшеуін жіберді. Төрт баласы шешесіне келді. Бірі: “Мен боламын хан”, және бірі: “Мен боламын!” — деді. Төртеуі таласып келді. Төрт баласына шешесі айтады: “Бәрің де менің баламсың, — деді, — сендер таласпаңдар! Мен төртеуіңді әділ шарият қылайын. Мына сағымға садақтарыңды іл, сағым садақтарын көтерсе, соның патша бол!” Төртеуі апарып сағымға садақтарын ілді. Үшеуінің садақтары жерге түсіп кетті, манағы Шыңғыстың садағын көтеріп тұрды сағым, астында тіреу жоқ, үстінде байлау жоқ. Сол жерде сол қатын жұрттың бәрін жиып алып: “Мынаны көрдіңдер! Бұл алланың әмірімен бала болған, мұның садағын алланың әмірімен сағым көтеріп тұр, мұны патша қылыңыз! Анау үшеуі бұған зорлық қылса сол үшеуін өлтіріңдер!” — деді. “Сендер көпсіңдер, зорлық қылдыртпаңдар!” — деді.
Сол Шыңғыс хан болып тұрып қалды, тозған жұртты жиып алды, өзі сондай әділ хан болды. Өзі бір жақсы қатын алды. Қатыны үш ұл тапты, бір қыз тапты. Сол хан болып тұрған заманында әр ханнан артық болды, ешбір жауға алдырмады, жұртына қайғы салдырмады. Сонан соң сол жақсы хан бар деп Үрім шаһарының кісісі келіп, бір баласын бізге бер деп сұрап келді. “Оны хан қыламыз”, — деді. Үрім шаһарына берді бір баласын. Қырым шаһарының кісісі келді, Шыңғыс ханның баласын хан қылғалы аламыз деп сұрап келді, ол бір баласын алды хандыққа. Қалипа жұрты келді: “Бір баласын біз де хан қыламыз” деп оған бір баласын берді. Онан соң сол Шыңғыстың бір баласын біз де аламыз деп орыстан келді. Оған ұл баласы қалмаған Ақбибі деген қызын берді. “Оны патша қыламыз” деп орыс алып кетті.
Шыңғыстың өзі өлгеннен соң әділ, жақсы хан болмады, сол Шыңғыстың үш баласы хандықта болып, үш жерде тұрды. Енді бізде қазақта қалмады. Әз Жәнібек, Пепегетей, Бергелтай шешесінің үш баласы осы тұрған жаман төрелердің аталары. Әз Жәнібек ханның баласы Досан хан ұлы жүзде болған, оның баласы Әли хан болған, оның баласы Бөпехан болған, оның балалары көп болып кетті.
Шешесінің атасы Алтынбел хан, оның баласы Қайшылы хан, оның баласы Темір хан, оның баласы Досым хан, оның баласы Есім хан, оның үш баласы болған. Еңсегей бойлы Ер Есім, Есімнің баласы Абылай хан болған.
Дайындаған – Серік Ерғали.
Abai.kz