Бейсенбі, 22 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 144 0 пікір 22 Қаңтар, 2026 сағат 15:03

Мал шаруашылығы дамиды: Үкімет кешенді жоспарды мақұлдады

Сурет: kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда мал шаруашылығы жайлы сөз қозғалған сайын екі ұғым қатар айтылады: әлеует пен проблема. Бірі — шексіз, екіншісі — созылмалы. Үкімет мақұлдаған 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары осы екі ұғымның арасына нақты көпір салуға бағытталған. Бұл жолы мәселе тек мал санын көбейту туралы емес, ауылдағы экономикалық жүйені қайта іске қосу жөнінде болып отыр.

Жоспарға сәйкес алдағы бес жылда ірі қара мал саны 7,9 миллионнан 12 миллион басқа, ұсақ мал 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін өсуі тиіс. Ет өндірісі жылына 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға дейін артып, экспорт көлемі екі есеге жуық ұлғаймақ. Қағаз жүзінде бұл әсерлі көрінеді. Бірақ Үкімет бұл жолы құрғақ сөзбен шектелмей, сол көрсеткіштерге жеткізетін нақты экономикалық тетіктерді алға тартып отыр. Негізгі айырмашылық та осында.

НЕГІЗГІ БАҒЫТТАР:

  • Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлерінің асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6% жеңілдікпен несие беру бағдарламасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл – табынның жаңаруын жеделдетуге және мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
  • Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту және жайылымдық инфрақұрылымды қалыптастыру үшін биыл жылдық мөлшерлемесі 6%-бен бірыңғай жеңілдікті несие беру көзделген.
  • Қосымша мал азығын дайындау техникасы мен жабдықтарын сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылған.
  • Мал шаруашылығының бағыттары бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Қаржыландыруды қолжетімділігін ұамтамасыз ету үшін «Даму» қоры арқылы қарыздарға кепілдік беру тетігін қолдану көзделген.
  • Жобада саланы кадрлармен қамтамасыз ету, мал шаруашылығы қызметкерлері үшін әлеуметтік жағдайлар жасау, оның ішінде шопандар мен бақташылардың 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер алу құқығын қамтамасыз ету, мамандар үшін тұрғын үй құрылысын салу және тағы да басқа шаралар қарастырылған.

Мал шаруашылығының бүгінгі басты — қаржыға қолжетімділіктің төмендігі екені жасырын емес. Шаруалар мал алуға да, жайылымды дамытуға да, техника жаңартуға да қымбат несиенің құрсауында келді. Енді бұл тізбек үзілуі мүмкін. Асыл тұқымды мал сатып алуға, шалғай жайылым инфрақұрылымын қалыптастыруға жылдық 6 пайызбен несие беру, ал мал азығын дайындайтын техника мен айналым қаражатына 5 пайыздық мөлшерлеме ұсыну — ауыл үшін бұрын-соңды болмаған жағдай. Бұған қоса, «Даму» қоры арқылы кепілдік беру тетігінің іске қосылуы ұсақ және орта шаруашылықтарды банктің табалдырығында сарылтпайтын шешім7

Алайда қаржы өз алдына, адам факторы ескерілмесе, кез келген бағдарлама орта жолда  қалады. Осы тұрғыда жоспардың әлеуметтік бөлігі ерекше назар аудартады. Шопан мен бақташыға 55 жастан кейін арнайы әлеуметтік төлем қарастыру, мамандарға тұрғын үй салу — бұл жай ғана әлеуметтік пакет емес, ауылдағы ең ауыр еңбектің қадірін мойындау. Егер ауылда адам қалмаса, мал да, өндіріс те болмайтынын Үкімет ақыры түсінгендей.

Жоспардың тағы бір маңызды тұсы — асылдандыру мен ғылымға басымдық берілуі. Бүгінде асыл тұқымды ірі қараның үлесі 11 пайызға жеткен. 2011 жылы бұл көрсеткіш небәрі 5,6 пайыз болғанын ескерсек, ілгерілеу бар. Бірақ ендігі міндет — сырттан әкелінетін малға ғана иек артпай, отандық гендік қорды сақтау. Қазақтың ақбас, әулиекөл сияқты тұқымдарын дамыту, селекциялық жұмыстарға ғылыми ұйымдарды тікелей тарту — саланы ұзақмерзімді тұрғыда тұрақтандыратын қадам. Ғылым өндірістен алшақ болмауы тиіс деген талап та осыдан туындайды.

Мал бар жерде жер мәселесі қатар жүреді. Үкімет отырысында жерді мақсатсыз пайдалану мәселесінің қайта көтерілуі де тегін емес. Астық егетін үш өңірде 330 шаруашылықтың жоғары бақылауға алынуы — жерді алып, игермей отырғандарға берілген нақты белгі. Егер учаске пайдаланылмаса, ол мемлекетке қайтарылады. Бұл — ауылдағы әділетсіздікті тежеуге бағытталған, бірақ орындалуы қатаң бақылауды қажет ететін шешім. Себебі бұрын да осындай тапсырмалар берілген, бірақ нәтиже мардымсыз болғаны жасырын емес.

Жалпы алғанда, 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспар — мазмұны жағынан бұрынғы бағдарламалардан әлдеқайда нақты әрі прагматикалық. Мұнда уәде бар, бірақ одан да маңыздысы — құрал бар. Арзан несие, әлеуметтік қолдау, ғылыммен ұштасқан өндіріс және жерге қатысты саяси ерік қатар көрсетілген. Ендігі ең үлкен қауіп — осының бәрі кабинет деңгейінде қалып қоймауы.

Бұл жоспар ауылға қағаз жүзіндегі әдемі формула емес, нақты нәтиже әкелуі тиіс. Егер айтылған шаралар толық орындалса, мал шаруашылығы шынымен де ел экономикасының тірегіне айналады. Ал егер орындау босаңсыса, бұл да көптің бірі болып қала береді. Ауыл бүгін сөзге емес, іске қарап отыр.

Abai.kz

0 пікір