Жұма, 23 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 173 0 пікір 23 Қаңтар, 2026 сағат 15:23

Сенатор Нұртөре Жүсіп Израиль Елшісімен кездесті

Сурет: Сенаттың баспасөз қызметінен алынды.

Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Қазақстан Республикасындағы Израиль Мемлекетінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Йоав Быстрицкиймен кездесу өткізді. Кездесу барысында қазақстандық-израильдік ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ екіжақты қатынастардың негізгі бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері талқыланды.

Нұртөре Жүсіп Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық, аграрлық және өнеркәсіптік салаларда, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағытта жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.

«2023 жылы Сенат делегациясы Израильге ресми сапармен барды. Ал өткен жылы Израиль Кнессетінің Спикері Амир Охананың Қазақстанға жауап сапары өтті. Сапар аясында Амир Охана Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен мазмұнды кездесу өткізді. Келіссөздер барысында парламентаралық ынтымақтастықты дамыту, саяси диалогты кеңейту, сондай-ақ сауда-экономикалық, инновациялық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Әрине, бұл сапар қазақстандық-израильдік екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды оқиға болды. Қалыптасқан қарқынды диалогты алдағы уақытта да жалғастыратынымызға сенімдімін», – деді Нұртөре Жүсіп.

Израиль Елшісі Йоав Быстрицкий кездесуге алғыс білдіре отырып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады және екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді. Израиль тарапы Қазақстанмен орнықты әрі көпвекторлы өзара іс-қимыл қағидаттарына бейілділігін растады.

Әңгіме барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық, оның ішінде аграрлық секторда цифрлық шешімдерді дамыту және су қауіпсіздігі бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері де қаралды.

«Қазақстан сапалы органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге зор әлеуетке ие. Біздің еліміз егістік жерлер мен жайылымдар көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Біз бидай экспорттаушы ірі он елдің қатарына кіреміз әрі ұн экспорты бойынша көшбасшылардың біріміз. Әлем бойынша азық-түлік жеткізу тізбектеріндегі тұрақсыздықтың артуын ескере отырып, Израильге астық пен азық-түлік өнімдерін экспорттауды жолға қоюға болады. Бұл үшін елдерімізде қажетті заңнамалық база бар. Өз кезегінде Израиль агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қажетті озық технологияларға ие. Өзара ынтымақтастығымыздың маңызды бағыты - су ресурстарын басқару. Соңғы жылдары Қазақстан су тапшылығына тап болып, бұл мәселені тиімді шешуді қажет етуде. Израиль осы салада әлемдік деңгейде мойындалған көшбасшы. Суды тазарту, тұщыландыру, қайта пайдалану және су инфрақұрылымын жаңғыртудағы жетістіктеріңіз ерекше әсер қалдырады. Осы маңызды салада ынтымақтастығымыздың кеңейгеніне қуаныштымыз», - деп түйіндеді сенатор.

Abai.kz

0 пікір