Сенбі, 24 Қаңтар 2026
Әне, көрдің бе? 212 0 пікір 24 Қаңтар, 2026 сағат 13:21

«Монро докторинасы» және ТМД-ға төнген қауіп...

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Трамптың Қытай мен Ресейдің одақтасына айналған Венесуэла президенті Мадуроны тұтқындаумен ғана шектелмей, келесі кезекте іргесіндегі Куба мен Колумбия басты нысанаға айналатыны туралы мәлімдемесі әлемдік деңгейде қызу тылқыға түсті. Саяси сарапшылар оны Трамптың «Монро докторинасын» қайта тірілтуі деп тәпсірледі.

«Біреу қойға айланғанда, біреу тойға айналыпты» дегендей, Еуропа басшыларымен Трамп Гренландия мәселесінде ортақ түсінікке келе алмай, өзара бет жыртысып жатқанда Ресей идеологтары Трамптың «Монро докторинасын» өз кәделеріне жаратуға барын салуда.

Қалай дейсіз ғой?! Трамптың жаңа геосаяси стратегиясында Азия мен Еуропадан гөрі Америка құрлығын басты назарға алу мақсат етілгені сияқты Ресей де бұрынғы Кеңес құрамында болған елдерді өзіне қосуды негізгі мақсат етуі керек-мыс. Бұл идея бұрыннан Кремль тарабынан айтылып жүргенімен, әдемдік қауымдастықтардан именіп келген еді. Енді Трамптың барлық заң-законды қайырып қойып, бір елдің басшысын барымталап әкетуі Кремльдің жымысқы жоспарына даңғыл жол салғандай. Оны билікке жақын орыс ұлтшылдары ашықтан-ашық дәріптей бастады.

Күні кеше әйдік Дугин: «Посткеңестік кеңістікте тәуелсіз мемлекеттердің дәуірі аяқталды», - деп мәлімдеп, өз бетінше «тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруіне жол беруге болмайтын елдердің тізімін» жасағанын нақты мысал ретінде айтуға болады. Ол тізімде Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Грузия және Әзербайжан бар.

«Егемен Арменияның, егемен Грузияның, егемен Әзербайжанның, егемен Қазақстанның, Өзбекстанның, Тәжікстан мен Қырғызстанның болуымен келісуге болмайды», – дей келе, сөзін ары қарай: «Біздің мақсатымыз – үшполюсті әлемде ең маңызды күш орталығы болу. Егемен, еркін, тәуелсіз әрі ауқымды мемлекетке айналу. Ал біз бақылауымызға алмаған аумақтар бейтарап болып қалмауы керек», – деп түйіндеген.

Көріп отырғанымыздай Дугиннің Трамптың «Монро докторинасын» қайта тірілтуінен шабыт алғаны, алақанын ысқылап, жымысқы идеясын тағы да ортаға тастағаны соқырға таяқ ұстатқандай анық аңғарылып тұр.

Мұның ең жаман салдары жаһандық геосаясаттың жаңа бағытымен көлегейленген сұрқия жоспардың өз азаматтарымызды да иландыра бастағаны. Қазақстандық Петр Своик You Tube-тағы жеке каналында Дугинның пәтуасын ақтай сөйлеген. Оның ойынша Трамптың Греландияны қосып алмақ болғаны сияқты, Дугиннңң Қазақстанды Ресейге қосып алу сандырағы да сондай қисынды екен.

Қазақстан тәуелсіздіктің 35 жылына қадам басқанда көп векторлы сыртқы саясатымыз түрлі сынақтарға тап болатын түрі бар. Кремльдің бейресми идеологтары мен оған үн қосқан өз ішіміздегілердің арам пиғылы соның айғағы.

Abai.kz

0 пікір