Сәрсенбі, 4 Қараша 2026
Жаңалықтар 445 0 пікір 3 Қараша, 2026 сағат 22:09

Құрылтай депутаты өңір тұрғындарына Жолдаудағы әлеуметтік бастамаларды түсіндірді

Суреттер: Құрылтайдың баспасөз қызметінен алынды.

Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтар мен бастамаларды түсіндіру мақсатында Атырау облысында бірқатар жұмыс кездесуін өткізді.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өткен жиында ол құжатта қамтылған негізгі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталып, алдағы кезеңге арналған міндеттердің маңызын атап өтті. Сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамына әлеуметтік салада жоспарланған өзгерістер туралы айтып берді.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен 40 пайызға арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Ал білім беру саласында мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтып, олардың негізгі міндеті – сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуіне жағдай жасау көзделген. Бұдан бөлек, мектеп тапшылығын азайту мақсатында еліміздің 20 өңірінде 237 мың оқушыға арналған мектептер салу жоспарланып отыр.

Жиында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының әлеуметтік салаға тигізер оң әсері талқыланды. Депутаттың пікірінше, 2027 жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсыныс әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді. Әсіресе, халық санының өсуіне байланысты мектептерге, мәдениет және әлеуметтік нысандарға сұраныс артып отырған шақта бұл бастаманың маңызы зор. Сонымен қатар құрылыс қарқынының артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға серпін бермек.

– «Халықтық құрылыс» жобасы еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын. Бұл – болашағымызға салынған ұзақ мерзімді инвестиция. Жоба аясында кемінде 100 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Осы міндетті тиімді жүзеге асыру үшін заңнаманы жетілдіріп, отандық кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және әкімшілік кедергілерді жою маңызды, – деді Арман Хайруллин.

Жұмыс сапары барысында Арман Хайруллин Абай атындағы Оқушылар орталығында мәдениет және спорт саласының қызметкерлерімен жүздесті. Сондай-ақ «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жастармен, үкіметтік емес ұйымдар және этномәдени бірлестіктер өкілдерімен пікір алмасты. Бұдан бөлек, Махамбет және Исатай аудандарына барып, ауыл тұрғындарымен жүздесті.

Іс-шараларға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері мен Үкімет өкілдері де қатысты.

 Abai.kz

0 пікір