Сәрсенбі, 28 Қаңтар 2026
Жаңалықтар 218 0 пікір 28 Қаңтар, 2026 сағат 20:54

Бекжан Мейірбаев: Зайырлы мемлекет қағидатының маңызы артып келеді

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев өз сөзінде, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия ұсыныстарының бірі – зайырлылық қағидатын Ата заңда нақты және айқын бекіту өте өзекті және уақтылы бастама екенін айтты. Оның піікрінше, бұл қадам Қазақстанның демократиялық даму жолында аса маңызды. Өйткені мемлекеттің дінге бейтараптығын құқықтық тұрғыдан нығайту – қоғамдағы тұрақтылықты, теңдікті және адам құқықтарын қорғауды күшейтеді, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Б. Мейірбаевтың айтуынша, қазіргі Конституцияда зайырлылық принципі көрсетілгенімен, оның ашық емес тұстары құқық қолдануда түсінбеушіліктер мен екіұштылықтар туғызады. Бұл өз кезегінде дінді саясиландыру қаупін арттырады. Ал ұсынылған өзгеріс мұндай қатерлерді жоюға мүмкіндік береді.

«Дін мен мемлекеттің арақатынасын тікелей нормамен бекіту арқылы біз мемлекеттік биліктің бейтараптығын қамтамасыз етеміз. Бұл әртүрлі дін өкілдеріне, атеистерге және басқа сенім ұстанушыларға тең көзқарасты орнатады, ар-ождан бостандығын шектемей, керісінше оны нығайтады. Мысалы, қоғамдық пікірталас кезінде көтерілгендей, бұл өзгеріс экстремизм мен радикализмнің алдын алуға да септігін тигізеді. Мемлекет дін мәселелерінен аулақ тұрып, азаматтардың құқықтарын бірдей қорғайтын болады», деді Б. Мейірбаев.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибе бұл ұсыныстың тиімділігін дәлелдейді.

«Белгілі заңгер Серік Ақылбай атап өткендей, Германияның Конституциясында мемлекеттің дінге бейтараптығы нақты жазылған: мемлекет ешбір дінді ресми түрде қолдамайды, бірақ дін бостандығын қорғайды. Бұл Германиядағы әртүрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруіне жағдай жасаған. Түркияның Конституциясында да зайырлылық қағидаты мемлекеттің негізгі принципі ретінде бекітілген, бұл діннің саяси жүйеге араласуын болдырмай, қоғамдық тұрақтылықты сақтайды. Қырғызстанның Ата заңында да діннің мемлекеттен бөлектігі тікелей көрсетілген, бұл Орталық Азиядағы көршіміздің демократиялық реформаларындағы маңызды қадамы болды және адам құқықтарының халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге көмектесті», деді ол.

Бекжан Мейірбаев бұл ұсынысты қолдау Қазақстанның зайырлы мемлекет ретіндегі имиджін күшейтетінін және халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттыратынын атап өтті. Жалпы алғанда, бұл ұсыныс Конституциялық комиссия жұмысының мәнін арттырып, реформалардың сапасын көтереді деп есептейтінін жеткізді.

Abai.kz

0 пікір