Бектенов: Экспорттық әлеуетті кеңейту керек!
Үкімет қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қолдау жөніндегі шаралар кешенін әзірлейді.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілердің экспорттық әлеуетін кеңейту және қосылған құны жоғары қазақстандық өнімді сыртқы нарықтарға ілгерілетудің маңызды екенін баса айтты.
«Қазақстандық дайын өнімнің сыртқы нарықтардағы үлесін кеңейту қажет», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп орындау үшін бірқатар тапсырма берді:
отандық өндірушілердің шетелдік ірі сауда желілеріне шығуын қолдау тетіктерін әзірлеу;
басымдық берілетін елдерді, сауда желілерін және тауар топтарын айқындау;
қазақстандық өнімді ілгерілету, сертификаттау, логистиканы ұйымдастыру және оны шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне орналастыру бағытында кешенді шаралар әзірлеу.
Бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Abai.kz