Дүйсенбі, 2 Ақпан 2026
Жаңалықтар 162 0 пікір 2 Ақпан, 2026 сағат 17:03

Эпштейн ісі: Қайрат Келімбетовтің есімі аталды

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан алынды.

АҚШ-тың Әділет министрлігі Эпштейн ісіне қатысты 3 миллионнан астам қосымша бет материалды жариялады. Құжаттардың біріндегі хат-хабар алмасуда Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетовтің есімі тағы да аталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жарияланған материалдардың ішінде 2 мыңнан астам бейнематериал мен 180 мыңға жуық сурет бар. Бұған дейін ашық шыққан деректермен қоса есептегенде, жарияланған құжаттардың жалпы көлемі шамамен 3,5 миллион бетке жетті. Материалдарды жариялау жұмысына 500-ден астам заңгер мен маман тартылған.

Сонымен қатар Нью-Йорктың Оңтүстік округі прокуратурасы соттың талабын орындау үшін қосымша тексеру хаттамасын қолданған. Бұл талапқа сәйкес, ашық жарияланған материалдарда жәбірленушілердің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін қорғалмаған ақпарат болмауы тиіс.

Жарияланған құжаттарға сәйкес, Қайрат Келімбетов Джеффри Эпштейнмен 2014 жылдың қазан айында Нью-Йоркте кездескен. 2014 жылғы хаттардың бірінде хат жолдаушы Эпштейннен: «Мәсімовке жеткізгім келетін қандай да бір нәрсе бар ма?» деп сұрайды. Эпштейн өз жауабында үшінші адам арқылы Нью-Йоркте «жақсы уақыт өткізген» Келімбетовке «құшағын жолдауға» болатынын жазады.

Айта кетейік, Қайрат Келімбетовтің есімі Эпштейнге қатысты құжаттарда 2025 жылдың қарашасында жарияланған материалдарда да кездескен.

Еске салайық, 2024 жылдың жазында Қайрат Келімбетов Freedom Holding Corp. директорлар кеңесінің құрамына енді.

Әр жылдары ол Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау агенттігін (1999–2001), Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігін (2002–2006) басқарды. Сондай-ақ «Қазына» тұрақты даму қорын (2006–2008), кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын (2008–2011) басқарған. Сонымен бірге Президент әкімшілігінің басшысы (2008), Экономикалық даму және сауда министрі (2011–2012), вице-премьер (2012–2013), Ұлттық банк төрағасы (2013–2015), АХҚО басқарушысы (2015–2023), Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы (2020–2022) қызметтерін атқарған.

Эпштейн ісі

Өткен жұма күні АҚШ-тың Әділет министрлігі қаржыгер Джеффри Эпштейннің ісіне қатысты осы уақытқа дейінгі ең ауқымды материалдар топтамасын жариялады. Ол — сексуалдық қылмыстар үшін сотталып, түрмеде қаза тапқан тұлға. Материалдар «Эпштейн файлдары» деп аталатын ашықтық туралы заң аясында жарияланған.

АҚШ билігі бұл деректердің барлығы іс бойынша соңғы әрі толық ақпарат екенін нақтылаған жоқ.

Сонымен қатар, бұған дейін жарияланған құжаттарда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің АҚШ-қа қоныс аударуға көмек сұрап, екі миллиард долларды қайтаруды талап еткені туралы да айтылған. Бұл мәліметтер 2025 жылдың қарашасында жарық көрген Джеффри Эпштейннің хаттарынан белгілі болған.

Abai.kz

0 пікір