Дүйсенбі, 9 Ақпан 2026
Жаңалықтар 150 0 пікір 9 Ақпан, 2026 сағат 14:19

Бектеновтың екі жылы: Ұлттық қорды сақтау

Сурет: primeminister.kz сайтынан алынды.

Олжас Бектенов Қазақстан экономикасына мұнайдан тәуелсіздік алып берген Премьер-Министр ретінде тарихта қалуы ғажап емес. Дәл оның үкімет басқарған кезінде бұған дейін 30 жыл айтылып жүрген экономиканы диверсификациялау нақты көрініс таба бастады. Президенттің экономиканы әртараптандыру бойынша тапсырмасын орындап, алғашқы нәтижелерін берген премьер кім десе, осы Олжас Абайұлын көрсетуге болады.

2024 жылы Қазақстан экономикасы нақты мәнде 5%-ға өсті. Сол кездің өзінде өсім жекелеген секторлар есебінен емес, құрылыс (+15,3%), ауыл шаруашылығы (+13,7%), көлік (+9,4%), сауда (+8,9%), өңдеу өнеркәсібі (+6,8%) сынды салалардағы табыстар әсерінен қамтамасыз етілді. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім табысы 14,4 мың доллар болып жоғары елдердегі деңгейге жақындады.

Ал 2025 жыл бұл өсу қарқынын күшейтті әрі тұрақтандырды. Қаңтар–желтоқсан айларында экономиканың өсуі 6,5%-ды құрады. Бұл соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар көлік (+20,4%), құрылыс (15,9%), машина жасау (+12,9%), химия өнеркәсібі (+9,8%), сауда (+8,9%), тамақ өнімдерін өндіру (+8,1%) сынды нақты сектор және әртараптандыру негізгі драйверге айналды.

Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, электр жабдықтары, автоөнеркәсіп, химия, металлургия және құрылыс материалдарында өсу қарқын алды. Бұл енді қалпына келтіру әсері емес, жинақталған инвестициялар мен сұраныстың нәтижесі. Яғни, 2024 жыл іргетасын қаласа, 2025 сапалы тереңдеуді көрсетті.

Шағын және орта бизнес аталған модельдің жүйелік элементіне айналды. ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 2023 жылғы 36,9%-дан 2024 жылғы 38,9%-ға дейін және 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 39,8%-ға дейін өсті. ШОБ өнімін шығару көлемі 2024 жылы 24%-ға артты, 2025 жылы әрі қарай өсуін жалғастырды. Тіркелген ШОБ субъектілерінің 92%-дан астамы бүгінде жұмыс істеп тұр. Бұл "экономикалық өміршеңдіктің" жоғары көрсеткіші.

Жалпы, тоқетерін айтсақ, Бектенов Үкіметі 2 жылда экономиканы мұнай емес, басқа салалар есебінен өсірді. Содан кейін, басқа премьерлер сияқты Ұлттық Қорға қол соза беруді қысқартты. 2026 жылы қордан алынатын трансферт екі есеге азайып отыр. Мемлекеттік бюджетті қиял әлемінен реалды өмірге қайтарып, «өзінің нақты тапқанын ғана жарату» философиясына көшірді. Соның есебінен макротұрақтылық күшейіп, Қазақстан резервтерін көбейтіп, ертеңгі өмірге деген сенім артты.

Бектеновтың кезінде Қазақстан халқы тез көбейді. Соңғы екі жылда елімізде халық саны 470 мыңнан астам адамға артып, көші-қонның оң сальдосы сақталуда. Еңбек нарығы тұрақты, жұмыссыздық деңгейі 4,6% бен 4,7% шамасында қалып отыр. Әсіресе кәсіпкерлік сектордағы жұмыспен қамту өсуде.

Сондай-ақ әлеуметтік саясат саннан сапаға және атаулы бағытқа қарай ойысты. Халық санының артуына сәйкес, орташа табыс негізінде кедейлік шегін есептеуге көшу, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын кеңейту, жәрдемақылардың өсуі аясында кедей халық үлесінің – 2023 жылы 5,2%-дан 2024 жылы 5,0%-ға дейін және 2025 жылы 5,3%-ға дейін тұрақты төмендеуіне әкелді.

Тұрақты өсім үшін инвестициялардың динамикасы ғана емес, олардың ұзақмерзімді болуы маңызды. Сондықтан еліміздің несиелік рейтингтердегі позициясының жақсаруы қарыз алу құнын төмендетеді.

2024-2025 жылдары Қазақстан барлық тәуекелдерді ескеріп, олардың алдын-алу саясатына көшкенін байқаймыз. Баяғыда көп проблемалар мен дисбаланстар мойындалмайтын және еленбейтін. Қазір экономикадағы оң мен солын жақсы білетін, не істеу керектігін түсініп тұрған ересек мемлекетке айналдық. Бұл трансформацияда Олжас Бектеновтің шешуші үлесі бар.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір