Сейсенбі, 10 Ақпан 2026
Жаңалықтар 212 0 пікір 9 Ақпан, 2026 сағат 18:50

Мұқағали Мақатаев – 95 жыл: Жетісуда ақынның сөзіне жазылған әндер байқауы өтіп, биографиялық моноспектакль ұсынылды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жетісу облысында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған поэзиялық кеш, тақырыптық экскурсия, дөңгелек үстел,  жергілікті ақын-жазушылармен кездесу сияқты бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде ақын өлеңдеріне жазылған әндерден «Есіңе мені алғайсың» облыстық әншілер байқауы өткізіліп, Б. Римова атындағы академиялық драма театрының «Мұқағали» моноспектаклі қойылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Талдықорғандағы Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияда өткен әншілер байқауына Жетісудың аудан-қалаларынан 16-35 жас аралығындағы 29 әнші екі номинация, атап айтқанда, дәстүрлі ән және эстрадалық ән бойынша сайысқа түсті.

- Ақынның сан алуан тақырыптағы өлеңдеріне ән жазған композиторлар санында есеп жоқ. Сол әндер бүгінде ел игілігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Байқауды өткізуде Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер мен жаңа орындаушыларды анықтап, жастар арасында өнерге деген құштарлықты арттыруды, ақын мұрасын кеңінен насихаттауды мақсат етіп отырмыз, - деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бұл ретте байқаудың іріктеу кезеңіне өңірдегі руханият саласында қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтар қазылық етті. Байқау бұдан әрі жүлдегерлерді марапаттау мен гала концертпен жалғасады.

Ақынның туған күніне орайластырылған мәдени шараның бірі – «Мұқағали» моноспектаклі. Қойылымның басты кейіпкерін қоюшы режиссері, актер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сафуан Рысбайұлы сомдады. Спектакль эксперименттік жоба ретінде Б. Римова атындағы академиялық драма театрының фойесінде қойылды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Спектакль режиссерлерінің бірі Ұлан Ахметовтің айтуынша, моноспектакль ақынның жан айқайын, махаббат пен мұңға толы әлемін, өмір мен уақыт жайлы терең толғанысын поэзия тілімен өрнектейді. Қойлымның ұзақтығы - 45 минут, ол ақынның өмірі мен шығармашылығын танытатын бес кезеңге бөлінген.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Атап өтсек, қойылым режиссерлері – Ұлан Ахметов, Сафуан Рысбайұлы, композиторы – Тұрсынжан Шапай. Ақын рөлінде: Сафуан Рысбайұлы, сол сияқты рөлдерде Дархан Дүйсенов, Күнекей Мұхтархан, Ариза Асқарова, Қарақат Шындәулет, Әсем Мұратова ойнады.

Abai.kz

0 пікір