Қазақ әйелінің тағдыры: «Заң бар, бірақ қорған жоқ па?»
Қазіргі қазақ әйелінің тағдыры және қоғам жауапкершілігі
«Әйел – ұлттың ары».
Бұл сөзді біз жиі айтамыз. Бірақ сол ардың қауіпсіздігіне қаншалықты жауаптымыз?
Қазақ қоғамында әйел бейнесі қашанда қастерлі ұғыммен қатар айтылып келеді. Анаға тағзым, қызға құрмет – ұлттық тәрбиенің өзегі саналады. Алайда соңғы жылдары орын алған оқиғалар, соның ішінде қоғамда үлкен талқылау тудырған Нұрай Серікбайдың жағдайы бір шындықты айқын көрсетті: сөз бен шынайы жағдайдың арасында алшақтық бар. Әйелдің қадірі туралы көп айтамыз, бірақ оның қауіпсіздігі мен құқығы нақты қорғалып отыр ма?
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жыл сайын өзектілігін жоғалтпай отыр. Ресми деректерге сәйкес, жыл сайын мыңдаған әйел отбасылық жанжалға байланысты полицияға жүгінеді. 2023–2024 жылдары тұрмыстық зорлыққа қатысты құқық бұзушылықтардың артқаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл бір жағынан есепке алу жүйесінің жақсарғанын көрсетсе, екінші жағынан мәселенің тереңдігін аңғартады. Бірақ кез келген статистиканың артында, нақты адам тағдыры тұр. Үнсіз жылаған ана, қорқынышта өмір сүрген бала, шарасыздыққа түскен қыз. Ресми тіркелмеген жағдайлар қаншама? «Ұят болады», «балалар үшін шыдаймын», «қайда барамын?» деген ойлар талай әйелді үнсіздікке итермелейді. Нұрай Серікбайдың жағдайы әлеуметтік желілерде кең таралып, қоғамда қызу пікірталас туғызды. Бұл оқиға тек бір отбасының мәселесі емес, әйел қауіпсіздігіне қатысты қоғамдық көзқарастың айнасына айналды.
2024 жылы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық өзгерістер енгізіліп, жауапкершілік қатаңдатылды. Кейбір әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Бұл мемлекет тарапынан жасалған маңызды қадам.Алайда заңның болуы жеткілікті ме? Егер жәбірленуші өз құқығын білмесе немесе қорғау жүйесіне сенбесе, заң қағаз жүзінде қалуы мүмкін. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының жедел әрекеті, уақытша қорғау шараларының тиімділігі, дағдарыс орталықтарының қолжетімділігі мәселенің шешілуіне тікелей әсер етеді. Менің ойымша, заңды күшейту алғашқы қадам ғана. Ең күрделі өзгеріс – қоғамдық сананың өзгеруі. Себебі зорлықты ақтайтын немесе «отбасылық мәселе» деп қабылдайтын көзқарас жойылмайынша, түбегейлі нәтиже болмайды.
Қазіргі қазақ әйелінің тағдырына әсер ететін факторлардың бірі патриархалды көзқарас. «Әйел сабырлы болуы керек», «еркектің мінезі сондай» деген түсініктер әлі де бар. Мұндай ойлар әйелдің жеке тұлға ретіндегі құқығын екінші орынға ысырады. Экономикалық тәуелділік те маңызды мәселе. Қаржылық тұрақтылығы жоқ әйел зорлық көрсе де, кетуге батылы жетпеуі мүмкін. Сондықтан қыз балалардың сапалы білім алуы, кәсіби дамуы және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы олардың қауіпсіздігінің кепілі.Білім - тек диплом емес. Ол -таңдау еркіндігі. Ал таңдау еркіндігі бар әйел қорғансыз емес.
Әлеуметтік желілер әйел мәселесін жабық тақырыптан ашық қоғамдық талқылауға шығарды. Бұл үлкен мүмкіндік. Бірақ эмоцияға құрылған ақпарат кейде жағдайды ушықтырып, жеке өмірге қол сұғуға дейін барады.Журналистика - тек жаңалық тарату емес, қоғамдық санаға ықпал ету құралы. Мұндай тақырыптарда дәлдік, бейтараптық және адам құқығына құрмет басты орында болуы тиіс. Әйел тағдырын сенсацияға айналдыру этикаға қайшы.
Әйел тағдыры тек әйелдердің мәселесі емес. Бұл ұлттың әлеуметтік денсаулығының көрсеткіші. Зорлық көріп өскен бала агрессияны қалыпты құбылыс деп қабылдауы мүмкін. Демек, мәселе бүгінмен шектелмейді, ол болашаққа әсер етеді.Мен болашақ журналист ретінде қоғамдағы осындай күрделі мәселелерге бейжай қарамауды өзіме міндет санаймын. Журналистің миссиясы – шу шығару емес, шындықты айту. Үнсіз қалған дауысты жеткізу. Әділеттілік сұраған жанның жанайқайын жауапсыз қалдырмау.Әйелдің құқығы - адам құқығы. Ал адам құқығы- талқыланатын емес, қорғалатын құндылық.
«Әйел – ұлттың ары» деген сөз шынайы мәнге ие болуы үшін ол тек әдемі тіркес болып қалмауы керек. Заң да, қоғам да, ақпараттық кеңістік те әйелдің қауіпсіздігіне нақты кепілдік бере алғанда ғана бұл сөз ақиқатқа айналады.
Заң бар. Енді қорған болуы тиіс.
Құрмет бар. Енді қауіпсіздік болуы тиіс.
Сөз бар. Енді әрекет керек.
Қазіргі қазақ әйелінің тағдыры – қоғамның емтиханы. Ал бұл емтиханнан сүрінбей өту – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
Қолданылған әдебиеттер:
Қазақстан Республикасының Заңы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы : 2009 жылғы 4 желтоқсан № 214-IV (2024 жылғы өзгерістер мен толықтыруларымен). – Астана, 2024
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі. Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша статистикалық мәліметтер (2023–2024 жж.) [Электрондық ресурс]. – Астана, 2024
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия. Гендерлік саясат және әйелдер құқығы бойынша материалдар 2026
United Nations Women (UN Women). Қазақстандағы гендерлік теңдік туралы ұлттық есеп [Electronic resource]
Асан Кәусар
Abai.kz