Жұма, 13 Ақпан 2026
Жаңалықтар 114 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 15:21

 Туризм саласына салынған инвестиция көлемі 33% артты

Сурет: Sport Qory сайтынан алынды

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 33%-ға артты.

ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өсім туристік инфрақұрылымды кеңейту, көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ орналастыру, мәдениет және демалыс бағыттарындағы жаңа жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді.

Инвестиция көлемінің ұлғаюына жолаушылар тасымалы, орналастыру және қоғамдық тамақтану қызметтері, сондай-ақ өнер, ойын-сауық және демалыс салалары елеулі үлес қосты.

Өңірлер арасында туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестицияның ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында тіркелді. Бұл өңірде көрсеткіш 526%-ға ұлғайып, 60,8 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар Абай, Атырау және Ұлытау облыстарында да айтарлықтай оң серпін байқалды.

Республикалық маңызы бар қалалар арасында инвестиция өсімінің жоғары көрсеткіші Алматы (79%) және Астана (61%) қалаларына тиесілі.

- Жалпы алғанда, бұл деректер бизнестің туризм инфрақұрылымын дамытуға деген қызығушылығының сақталып отырғанын және саланың әлеуеті нығайып келе жатқанын көрсетеді. Негізгі бағыттар бойынша инвестиция көлемінің артуы Қазақстанда туризмді одан әрі тұрақты дамытуға берік негіз қалайды, - делінген хабарламада.

Abai.kz

0 пікір