Жұма, 20 Ақпан 2026
Жаңалықтар 97 0 пікір 20 Ақпан, 2026 сағат 14:37

2030 жылға қарай Алматы өңірінің дайын өнім экспорты 1,5 млрд долларға ұлғаяды

Сурет: Информ сайтынан алынды

2030 жылға қарай Алматы қаласы мен Алматы облысынан шығарылатын дайын өнім экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырған Алматы мен Алматы облысының экспорттық әлеуетіне арналған дөңгелек үстелде айтылды.

Іс-шараға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың, квазимемлекеттік сектордың және бизнес қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Қазіргі таңда алматылық агломерацияда 4 млн-ға жуық адам тұрады және елдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің 35 пайыздан астамы осы өңірде шоғырланған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласының сыртқы сауда айналымы 33,6 млрд АҚШ долларына жетіп, 5,2 пайызға өсті. Экспорт көлемі 6 млрд долларды құрады. Қытай, Орталық Азия елдері, Еуропа және ТМД мемлекеттеріне жеткізілімнің тұрақты артуы өңір өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Алматы облысында өсім қарқыны бұдан да жоғары. Өңірдің тауар айналымы 15,6 пайызға өсіп, 4,2 млрд долларға жетті. Экспорт көлемі 28 пайызға ұлғайып, 1,1 млрд доллардан асты. Өсімнің негізгі драйвері – дайын өнім өндірісі. Бұл экономиканың шикізаттық модельден индустриялық-аграрлық бағытқа біртіндеп ауысып жатқанын аңғартады.

Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, қызмет көрсету экспорты да қосымша серпін бере алады. Оның сөзінше, Алматы іскерлік және ІТ-қызметтер экспортында көш бастап тұр, көлемі 300 млн доллардан асады. Зияткерлік меншік, цифрлық шешімдер, консалтинг, қаржы, жарнама және аналитика шикізаттық емес экспорттың жаңа драйверлеріне айналуда.

Электронды сауда да экспорттық белсенділікті арттырып отыр. Қазақстандағы онлайн-сатылымның жартысынан астамы Алматының үлесіне тиесілі, көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды. Бұл шағын және орта бизнес үшін сыртқы нарықтарға шығудың дайын инфрақұрылымы саналады.

Министрліктің бағалауынша, Алматы агломерациясының жиынтық экспорттық әлеуеті шамамен 1,5 млрд долларға тең. Негізгі резервтер азық-түлік өнеркәсібі, химия, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдары өндірісі және ІТ секторында шоғырланған.

Стратегиялық мақсат – Алматы мен Алматы облысын Орталық Азиядағы жетекші шикізаттық емес экспорт хабына айналдыру. Осыған байланысты тұрақты экспорттық кластерлерді қалыптастыру, сауда миссияларын кеңейту, цифрлық B2B-платформаларды дамыту, экспортқа дейінгі дайындық инфрақұрылымын құру жоспарланған. Оның құрамына сертификаттау зертханалары мен e-commerce хабтары кіреді.

Сондай-ақ Экспорттық-кредиттік агенттікпен бірлесіп Алматының экспорттық қаржы пулын құру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл шағын және орта бизнеске жеңілдетілген несие, сақтандыру және логистикалық субсидиялар алуға мүмкіндік береді.

Жаңартылған «Бірыңғай терезе» жүйесі экспорттаушыларға кадр даярлау, өнімді халықаралық стандарттарға бейімдеу, сертификаттау, серіктестер табу және экспорттық мәмілелерді сүйемелдеу бойынша кешенді қолдау көрсетуді көздейді.

Жалпы, ұсынылып отырған шаралар 2030 жылға қарай Алматы агломерациясының экспортын 1,5 млрд АҚШ долларына ұлғайтып, өңір экономикасын өңдеу, технология және қазақстандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне негізделген жаңа тұрақты даму моделіне көшіруге бағытталған.

Abai.kz

0 пікір