Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
Сұлтанғазы Санжар Кәкімұлы жас ақын, Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының журналисі. «Апа, сен болмасаң» атты жыр-жинақтың авторы. Республикалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері.
АҒАТАЙ, АУЫЛ ЖАҚТА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.
Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?
Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?
Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.
Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.
– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
...Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып...
АҚЕРКЕМ
Уақытым да өзіңмен
жайқалады, Ақеркем,
Бақытым да көзіңнен –
байқалады, Ақеркем.
Көңілім де сенімен –
босайды екен, Ақеркем.
Өмірім де сенімен –
жасайды екен, Ақеркем.
Ырысым да сенімен,
қосылады, Ақеркем,
Тынысым да сенімен,
ашылады, Ақеркем.
Қуанышым көзің мен,
езуіңде, Ақеркем,
Жұбанышым өзіңмен,
кезігуде, Ақеркем.
Тілегіме шешімің,
жат болғаны-ай, Ақеркем.
Жүрегіме есімің,
жатталғаны-ай, Ақеркем.
II
Сені ойламай күнә ояну таңертең,
Сенсіз жерде тіршілік жоқ қайнаған.
Бұл махаббат жіпсіз ғана, Ақеркем.
Сені маған, мені саған байлаған.
Сендей сұлу жоқ, таппадым жүрегі ақ,
Әйтпегенде талай-талай қыз көрдім.
Екеуміздің бақытымыз біреу-ақ
және жалқы арманымыз біздердің.
Қайғы жанды қинап әбден қарып тұр,
Шуағыңа бөлеп жылыт, шырайлым.
Өмірімді өзің сынды жарық қыл,
Саған түскен сәулесімен Құдайдың.
Екеумізде сезім де бар жасырын,
Бәрі де оны біліп жүрген бірақ та.
Мені ұнатып жол таптың ба, ғашығым,
Ал мен кірдім сені сүйіп жұмаққа.
***
Сенсіз күнім – қаза күнім,
Жазалымын, Ақеркем.
Сенсіз өмір тозағының,
Азабы мың, Ақеркем.
Сені сүйіп – адам болдым,
Аман қалдым, Ақеркем.
Сенсіз бір күн қараң қалдым,
алаң болдым, Ақеркем.
НАН
Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
...Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.
Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.
Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.
...Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.
Шешем солай өмірге өкпеледі...
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
...Менің анам нан іздеп кеткен еді,
содан соң оралған жоқ.
АПА
Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім...
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет қайғы жұтып, жылады.
Тіршілікте тірі күнің – тауып жүрген табысым...
Қарсы алады қай кезде де бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа көзіңді ылғи алартып,
Отырасың үнемі сен оймағыңды жоғалтып.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт та жайып оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің, ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді киіп тойға барса да...
Құйған, Апа, шәйің неге сондай тәтті десем мен,
Ұсынады екенсің ғой бар мейірім-кесеңмен...
Апа, сен болмасаң
Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.
Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,
Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.
Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.
Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.
Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.
Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой...
Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой...
***
Сен дүниеге келген күні
маған:
Бір уақыт
Бір шермен
Жайлы деп табысқан екен.
Мен дүниеге келген күні
саған:
Бір бақыт,
Бір сормен
Қайғы боп жабысқан екен...
Abai.kz