Дүйсенбі, 23 Ақпан 2026
Ақмылтық 251 0 пікір 23 Ақпан, 2026 сағат 16:10

Дильназ Ахмадиева: Қазақ тілін бәріміз білуге тиістіміз!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Әлеуметтік тик‑ток желілерінде белгілі әнші Дильназ Ахмадиеваның «Қазақ тілін барлығы да білуі тиіс» деген тақырыппен пікірі тарады. Әрине, үш минуттан сәл асатын бейнекөрілімде күрделі тіл мәселесін тереңінен талдау мүмкін емес. Сондықтан, біз Дильназдың тілге қатысты бірнеше түйінді ойларын талдауды жөн көрдік...

Дильназ:

– Тіл өте күрделі құбылыс. Оны адамға зорлап таңуға, болмаса, оған тиым салуға болмайды.

Әрине, тіл – адамға таңдауынан тысқары берілетін құндылық. Жер бетіндегі бар тіршілік атаулының «өз тілі» бар: мысалы, адамның тілі болса, сол сияқты, дельфиндердің де, құстардың да, жануардардың да «өз тілі» бар екенін ғалымдар дәлелдеді. Бүгінде адамзат қауымдастығы бес мыңнан астам ұлттар мен этностардан құралатыны белгілі. Міне, сол әрбір халықты халық етіп тұратын маңызды белгісі – оның тілі. Ендеше, адам бір ұлттың өкілі болып өмірге келгенде «ұлттығын» және «тілін» таңдамайды. Адам бір қоғамдық ортада өсе келе, осы мәдени қалыпқа сай тілі мен мәдениетін, өмір сүру салтын қалыптастырады. Сол қалыппен өзін әлемге танытады (иденитфикациялайды).

Бірақ, бұрынғы заманның оқшауланған қоғамдық ортасы бүгінде жойылды. Қазір кез келген мемлекетте әралуан тілдік ортаның, мәдени қалыптың болуы табиғи жағдайға айналды. Міне, осы жағдайда ол мемлекеттерде «тіл» және соған байланысты өрбитін менталдік (діл) мәселелерінде қайшылықтар пайда болуы мүмкін. Кейбір мемлекеттер оны мойындап, бірнеше тілді «мемлекеттік» етіп жариялаған. Мысалы, Канада, Белорусь, Финляндия, Ирландия, Люксембург,  Үндістан және т.т. елдерде «қос мемлекеттік тіл» орын алған.

Осы ортада, Қазақстан тарихи жағдайларда қалыптасқан орыстілдік ортаның ықпалын әлі де сезінуде. Бірақ, бізде Мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Сондықтан, Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетте өз азаматтарынан қазақ тілін білуді талап ету – «тілді зорлап таңу» деген ережеге жатпайды. Өйткені, Конституциямызда априори тұрғыда «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуі тиіс» атты ереже көрсетілген.

Дильназ: «Егер сіз қызмет көрсету саласында жұмыс жасайтын болсаңыз, сізге қазақ тілін білу міндет. Ал, сізге қазақ тілін білмейтін біреу келіп, орысша сұраса – оны қинамай‑ақ орысша жауап бере салыңыз»...

Әрине, Дильназ, бізде қонақты силау дәстүрі ежелден бар. Ол ұйғыр халқында да солай, өзбекте де солай... Сондықтан, біздер, егер өзге тілді біліп тұрсақ, еш қиналмай сол тілде айта береміз. Біздің жан дүниемізде «менің тілімді ғана білуі керек» деген астамшылдық жоқ. Мысалы, жақында актер Сергей Безруков Мәскеуде бір ауыз орысша білмейтін өзбектің оны танып», «белии, белии» дегенін әзілдеп айтты. Бірақ, оның әзілін өзбек халқы түсінді ме? Жоқ, ақыр соңы нота жіберуге алып келді...  Екі ел арасындағы қарым қатынасқа да сызат түсті..

Сондықтан, «қажет кезде қазақ барлық жағдайда орысша жауап бере алады, беруі керек» деген ойдан арылу керек. Егер, өзге ұлт өкілінің «қазақ тілін білмеуге» қандай қақы бар болса, қазақтың да «өзге тілді білмеуге» сондай қақы бар. Осыны ұмытпау керек. Олай болса, өзіңіз айтқандай тілдік ситуация орнай қалғанда адамдар бір‑бірін айыптамай, өзара түсіністікпен, қолдағы техникалық аударма мүмкіндігін пайдаланып, өзара түсінісуі керек дегеніміз дұрыс шығар. Бірақ, Сіздің «қызмет көрсету саласындағы әрбір қызметкер мемлекеттік тілді білуге міндетті. Білмесе жұмыстан кеткені дұрыс» деген пікіріңізді толық құптауға болады.

Дильназ: «Егер сіз өзіңізге тек орыс тілінде қызмет көрсетуді қаласаңыз, онда жаныңызға бір аудармашыны ертіп жүргеніңіз дұрыс».

Бұл сөзіңізді қос қолдап қолдауға әзірміз. Көбіне, еліміздегі тіл заңы мен оның құқықтық  нормаларын түсінбеу осыдан басталады. Мысалы, жуырда бір орыс әйелі «тасымалдауда» жұмыс жасайтын қазақ баласын «сен маған орысша сөйле» деп зорлап жатыр... Боқтап та алды арасында... Бір жақсысы, әлгі қазақ баласы аздап орысша біледі екен, «сіз маған боқтамай сөйлеңіз» деп, шала орысшасымен мәмілеге  келді. Ал, егер, әлгі бала орысша мүлдем білмесе ше? Онда оны сол заматта ұрып‑соғу керек пе? Міне, мәселе осы жерде шиеленіседі.

Дильназ: «Сіздің осы уақытқа дейін Қазақстанда өмір сүріп, қазақша болмағанда үш сөзді үйрене алмағаныңызды қалай түсіну керек?».

Міне, осы жерде өзіңіз де ұйғыр халқының текті қызы екеніңізді көрсетіп отырсыз. Шын мәнісінде, Отанын Қазақстан деп мойындаған әрбір азамат Отанның мемлекеттік тілін білуі міндетті ғой. Олай болмаса, өзге тілде сөйлеуді талап етуші азаматтарды «Отанын мойындамаған, оның Тәуелсіз мемлекет екенін жанымен қабылдай алмаған» адамдар деп айтуға болады емес пе?

Өз тағдырын Отанымен байланыстырмаған ондай адамдар түбі өздерінің тарих отандарына, не болмаса, жанына жайлы өзге мемлекеттерге кететіндері анық...

Сіз осы сұрағыңызбер осындай өткір мәселені қойдыңыз. Сол үшін де Сізге алғыс! Еліміздің мәдениетіне қосар үлесіңіз арта берсін, Дильназ қарындасымыз!

Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист

Abai.kz

0 пікір