Елімай еурокубоктан қағылайын деп тұр
Семейдің «Елімай» футбол клубы 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін барлық қаржылық түйткілдерін реттеп үлгермесе, UEFA клубты 2026–2027 маусымындағы Конференциялар лигасына қатысудан шеттетуі ықтимал. Инвестор болады деп күтіліп отырған KAZ Minerals бір айдың ішінде клубтың қаржылық проблемасын шешіп үлгере ме?
Мәселенің өзегі мынада. KAZ Minerals ең алдымен клубтың қарыз жүктемесінің нақты көлемін түсініп, мұқият аудит жүргізуі керек. Ал аудит жәй рәсім емес. Ол уақыт пен дәлдікті талап ететін процесс. Бірақ «Елімайда» оған уақыт жоқ. Дәл осы кезде тарихы терең клубты осындай жағдайға кім душар қылды деген сұрақ туындайды. Және осы бассыздыққа кім жауап береді?
«Елімайдың» өткен жылдары қордаланып қалған қарыздарын жабу үшін елдегі ең ірі мыс өндіруші компаниямен шұғыл келіссөз жүргізіп жатқаны туралы алғаш болып ASnews.kz жазды. Басылым журналистерінің мәліметінше, әлеуетті инвесторлар Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен кездесу өткізген. Қойылған негізгі шарттардың бірі – клубты қарызсыз күйде толық меншікке беру. Яғни барлық берешек 2026 жылдың наурыз айының соңына дейін жабылуы тиіс. Соған сәйкес «Елімай» басшылығында елеулі кадрлық өзгерістер болуы ықтимал.
Клубтың кураторы әрі директорлар кеңесінің мүшесі Асқар Ұранхаев қызметінен кете ме, әзірге белгісіз. Алайда басқару құрамы жаңаратын болса, ҚФФ тарапынан да, жаңа инвесторлар тарапынан да ең алдымен осы тұлғаға сұрақтар туындауы мүмкін. Өйткені Ұранхаев 2022–2023 жылдары жиі айтқан «трансформация» ұраны түптеп келгенде клуб шаруашылығын тоздырып жібергені байқалады.
Ұранхаевтың өзі жария түрде мәлімдегендей, трансформация аясында оның жұмысына бапкерлер штабын шақыру (Андрей Карпович), трансферлік саясат және Семейдегі инфрақұрылымды жаңғырту кірген. Бірақ бүгінгі қарыз туралы ақпарат сол «стратегиялық дамудың» сапасын көрсететін нақты индикатор. Клуб менеджменті қалтасы көтермейтін келісімшарттарға қол қойып, «кейін жаңа қаржы көздері табылар» деген үмітке сүйенген сыңайлы. Бірақ KAZ Minerals облыстық бюджет емес. Қаражатты есеппен жұмсайтын инвестор өзгенің қателігі үшін ақша төлеуге құлықсыз.
Жаңа инвесторлардың клубтың қазіргі басшылығын айналып өтіп, Қазақстан футбол федерациясымен тікелей келіссөз жүргізуі де көп нәрсені аңғартады. Демек қазіргі функционерлерге еш сенім жоқ. KAZ Minerals «Елімай» клубына инвестор болған жағдайда оны толық меншікке алуды сұрап отыр. Онда бірден ескі адамдардың барлығынан құтылады.
Абай облысының әкімдігі саяси жігер танытып, Семейге үлкен футболды қайта оралтты. Алайда «Елімай» клубының менеджменті Абай өңірін осы ақ арманнан айырайын деп тұр. «Елімай» АҚ директорлар кеңесі нақты табысы болмай тұрып, түрлі шығындарға жол беріп, енді цейтнот жағдайын туғызып отыр. Егер наурыздың аяғына дейін қарыздары жабылмаса, UEFA-ның қаржылық fair play талаптарына іліккен «Елімай» бір де бір матч өткізбей Конференция лигасымен қош айтыспақ.
Abai.kz