Сенбі, 21 Ақпан 2026
Мәдениет 110 0 пікір 21 Ақпан, 2026 сағат 13:28

Тарих пен бүгіннің үндестігі: «Абай» қойылымы

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Қазақ опера өнерінің алтын қорына енген «Абай» операсы – ұлттық музыка мен драманың ұштасуының биік үлгісі саналатын сахналық туынды.

Фархад Молдағали қойған бұл нұсқа классикалық мұраға заманауи көзқараста қарау деп айта аламыз. Қойылымның тұсаукесері Дегенмен, режиссердің классикалық шешімдерден алыстамағандығын айта кеткен жөн. Режиссерлік шешімдерде А. Жұбанов пен Л. Хамиди авторлығындағы либреттоны сақтай отырып, идеялық мазмұн қазіргі заманғы әлеуметтік көріністе суреттеледі. Режиссер спектакльде біз білетін Абайды тарихи бейнеде ғана емес, оны қоғамдық қайшылықтармен бетпе-бет келген ойшыл тұлға ретінде көрсетуге тырысқан. Яғни, біз сахнадан қоғамдағы әділетсіздікке қарсы тұруда рухани жалғыздықты сезінген Абайды көреміз.

Алайда қойылымда басты назар ұлы ақынға түсе қоймаған. Режиссер интерпретациясында ақын бейнесін сахналық қимыл, жарық шешімдері мен символдық мизансценалар арқылы күшейтеді. Абайды Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев сомдады. Нәтижесінде көрермен Абай өмір сүрген тарихи кезеңді ғана емес, бүгінгі күнмен үндес рухани мәселелерді атмосфера арқылы сезіне алды.

Ф. Молдағали дәстүрлі этнографиялық декорация элементтерін аз қолдану арқылы спектакльді тарихи сипаттан алыстатып, философиялық мазмұнда көрсеткен. Декорациядан гөрі актерлік ойын мен музыкалық экспрессияға мән берген. Спектакльде жарық пен көлеңкенің оңтайлы тәсілде түсуіне байланысты кейіпкерлердің психологиялық күйі сахнадан анық көрініп отырды. Жалпы, операның музыкалық күйі біздің ұлттық нақышымызға сай. Қазақтың дәстүрлі әуендік қыры еуропалық опера формасымен үйлестірілген. Бұл жолда бас дирижер Нұржан Байбусинов бастауындағы симфониялық оркестрдің жұмысын ерекше атап өткеніміз жөн. Хор мен солист шығарманың философиялық тереңдігін баса көрсете отырып, біртұтас дыбыстық кеңістікте беріп отырды. Суретші Есенгелді Тұяқов қазіргі замандағы қазақ даласының жерін заманауи технологиялардың көмегімен символдық декорация арқылы суреттеген.

Осыған дейін белгілі операны италиялық режиссер Джанкарло Дель Монако тереңде жатқан қазақ халқының тарихымен таныса отырып сахналаған болатын. Әдетте шығармаға тың өзгерістер арқылы сахналайтын режиссер бұл жолы аса қатты жаңашылдық енгізе қоймаған. Дегенмен, қазақ қауымының көрермені қашанда ақын Абайдың бейнесін заман тынысына сай тамашалаудан бас тартпайды.

Динара Сағынғалиева,

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясының студенті

Abai.kz

0 пікір