Header Banner
Сәрсенбі, 11 Наурыз 2026
908 0 пікір 11 Наурыз, 2026 сағат 21:29

Smart Bridge: мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылының цифрлық инфрақұрылымы

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Цифрлық экономиканың қарқынды дамуы жағдайында Қазақстан электрондық үкіметтің заманауи архитектурасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Осы инфрақұрылымның негізгі элементтерінің бірі – мемлекеттік органдар мен жеке сектор арасындағы деректер алмасуды тиімді қамтамасыз ететін Smart Bridge интеграциялық платформасы.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов атап өткендей, елде мемлекеттік басқарудың ауқымды әрі масштабталатын цифрлық моделі қалыптастырылған. Бұл жүйеде Smart Bridge маңызды рөл атқарады – платформа мемлекеттік органдардың, бизнестің және түрлі цифрлық сервистердің бірыңғай экожүйе аясындағы өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

Smart Bridge – ақпараттық жүйелерді мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымға қосу үдерісін жеңілдетуге арналған электрондық үкіметтің ақпараттық-коммуникациялық платформасы. Платформа мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға өз жүйелерін жылдам интеграциялауға, қажетті деректерге қол жеткізуге және жаңа цифрлық шешімдерді әзірлеу үшін мемлекеттік сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік ақпараттық ресурстарға қосылу кезінде туындайтын бюрократиялық және техникалық кедергілерді азайту, сондай-ақ бұл процесті барлық қатысушылар үшін ашық әрі ыңғайлы ету.

Платформа іске қосылғанға дейін ақпараттық жүйелерді интеграциялау көбіне ұзақ келісу рәсімдерімен және күрделі техникалық процедуралармен қатар жүретін. Smart Bridge бұл үдерісті едәуір оңтайландырып, өзара іс-қимылдың бірыңғай тетігін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Жоба бойынша жұмыстар 2018 жылы басталды. Оны іске асыруға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасарының халықаралық тәжірибені, атап айтқанда Эстонияның X-Road интеграциялық платформасын пайдалану тәжірибесін енгізуді көздейтін хаттамалық тапсырмасы негіз болды.

Сол жылы платформаны жобалауға арналған техникалық тапсырма әзірленді. 2019 жылы Smart Bridge ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша сынақтардан сәтті өтіп, өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. 2020 жылы платформаның пилоттық пайдалануы басталды.

Бүгінде Smart Bridge Қазақстанның электрондық үкімет экожүйесіндегі цифрлық өзара іс-қимылдың негізгі құралдарының біріне айналды.

Платформада 11 377 ұйым тіркелген және 2 953 сервис жарияланған. Олардың ішінде 2 091-і мемлекеттік, ал 862-сі мемлекеттік емес сервистер.

Жалпы Smart Bridge арқылы 4 671 интеграция жүзеге асырылған. Олардың қатарында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл (G2G), бизнестің мемлекеттік сервистерге қосылуы (G2B), сондай-ақ жеке платформалар арасындағы интеграциялар (B2B) бар.

Smart Bridge-тің дамуы мемлекеттік басқаруды ауқымды цифрлық трансформациялаудың бір бөлігі болып табылады. Платформа бизнеске электрондық үкімет инфрақұрылымына қол жеткізуге мүмкіндік беріп, жаңа цифрлық шешімдердің пайда болуына жағдай жасайды және заманауи технологиялық экожүйенің қалыптасуына ықпал етеді.

Цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп жатқан қазіргі кезеңде мұндай шешімдер электрондық үкіметтің, финтех бағыттарының және жаңа технологиялық жобалардың одан әрі дамуы үшін маңызды негіз болып саналады.

Осылайша, Smart Bridge Қазақстанның заманауи цифрлық инфрақұрылымының маңызды элементі ретінде мемлекет, бизнес және цифрлық сервистер арасындағы өзара іс-қимылды анағұрлым тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Abai.kz

0 пікір