Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Анық-қанығы 1883 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 16:25

Жаңа аятолланың кекке толы мәлімдемесі

Сурет: Adyrna.kz сайтынан алынды

Иранның мемлекеттік теледидары бейсенбі күні Иранның жаңа Жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеидің алғашқы мәлімдемесін таратты. Мәлімдемеде ол әкесінің кегін қайтаратынын айтты, бірақ баяндаманы ол өзі жасаған жоқ. 56 жастағы кіші Хаменеи шабуылда жарақат алған, бірақ оның нақты қайда екені және жағдайының қандай екені белгісіз.

Оның денсаулығы әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалып отыр. Ирандық тележүргізуші хабар тарату кезінде: «Бұл Ислам революциясының Жоғарғы көсемі, құрметті аятолла Саид Моджтаба Хоссейн Хаменеидің алғашқы мәлімдемесі!» деп жариялады. Содан кейін ол ұзақ мәлімдемені оқыды.

Жаңа аятолланың мәлімдемені оқып отырған видеосы да, аудио немесе соңғы фотосуреттері де болған жоқ. Көрермендер оның ескі фотосуреті мен жаңаша өңделген Иран Ислам Республикасы туының суретін ғана көрді.

Кек алуға үндеу

Мәлімдемеде Жоғарғы Көшбасшы Иранның жауларымен татуласу ниеті жоқ екенін білдіріп, керісінше кек алу қажеттілігін атап өтті. Мәлімдемеде: «Қазіргі уақытта кек алу әрекеттері жүріп жатыр, бірақ бұл толық емес, мақсатқа жетудегі қадам ғана», - делінген.

Сонымен қатар: «Біз жауларымыздан өтемақы талап етеміз; егер олар бас тартса, біз өз шешімдерімізге сәйкес тең құнды активтерді тәркілейміз; егер бұл мүмкін болмаса, біз тең мөлшердегі мүлікін жоямыз», - деп мәлімдеді.

Ол сондай-ақ Иранның оңтүстігіндегі Минабтағы мектепке жасалған шабуыл туралы да айтты. Иран билігі шабуылды Америка Құрама Штаттары жасағанын және 175 адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Ол бұл оқиғаны «жау жасаған қасақана қылмыс» деп сипаттады. The New York Times газеті сәрсенбіде АҚШ әскери тергеуінің нәтижесіне сілтеп АҚШ зымыранының ол мектепті қателесіп нысанаға алғанын хабарлады.

Жауға сес көрсету

Моджтаба Хаменеи марқұм әкесінің қатал риторикасын жалғастырып, Иранның мұнай қорын азайту немесе аймақтық одақтастарын жұмылдыру арқылы Таяу Шығыста тұрақсыздық тудыру мүмкіндігін атап өтті.

Ол «Ормуз бұғазын жауып тастау көзірін» пайдалануға шақырды. «Халықтың ерік-жігері – ең өнімді әрі тиімді қорғаныс, жауды тізерлетіп өз әрекеттеріне өкіндіретін күш», - деді.

Ол сондай-ақ Иранның «жау тәжірибесі аз, ырықсыз өзге де майдандарды ашуды қарастырып жатқанын, соғыс ұзара берсе, ол тетіктерді де іске қосатынын» айтты.

Аймақ елдеріне ескерту

Хаменеи Иранның шамамен 15 елмен құрлық әрі теңіз шекарасы бар екенін атап өтті. Мәлімдемеде: «Біз бұл елдермен әрқашан жылы және сындарлы қарым-қатынас орнатуға үміттендік», - делінген. Ол аймақтағы елдерді АҚШ әскери базаларын жабуға шақырып, «АҚШ-тың аталмыш қауіпсіздік пен бейбітшілігі – өтіріктен  басқа ештеңе емес»,

«Бұл елдер өз ұстанымын нақтылауы керек: олар біздің сүйікті отанымызға басып кіріп, халқымызды өлтіргендермен бір жақ бола ма, әлде оларға қарсы тұра ма», - деген.

Жақындарын жоқтау

Өз мәлімдемесінде әкесіне ерекше құрмет көрсетіп, оны «жарқыраған қазына» және «ерекше тарихи тұлға» деп атады. Ол әкесінің «шейіт болғаннан» кейін көрген денесін «құрыш тау сияқты» деп сипаттады, жалғыз қолыының жұдырығы тас түйілгенін айтты.

Моджтаба Хаменеи жойқын шабуылда «сүйікті және адал әйелін», әпкесін, жиенін және жездесін жоғалтқанын еске алды.

Ол анасы Мансуре Ходжастех Багерзаде туралы айтқан жоқ. Бұған дейін бірнеше БАҚ оның қайтыс болғанын хабарлаған болатын. Дегенмен, Иранның «Фарс» ақпарат агенттігі бейсенбі күні бұл шындыққа жанаспайтынын және оның әлі тірі екенін мәлімдеді.

Abai.kz

 

 

0 пікір