Header Banner
Дүйсенбі, 16 Наурыз 2026
Алаш аманаты 135 0 пікір 16 Наурыз, 2026 сағат 15:57

Трамп НАТО мен Қытайға сес көрсете бастады!

Сурет: ФедаралПрес сайтынан алынды

Қытай мен Америка Құрама Штаттары сауда өкілдері өткен жексенбіде Парижде Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуіне жол ашу мақсатында алтыншы сауда келіссөздерін бастады. Жоспар бойынша Трамп наурыздың соңы немесе сәуірдің басында Қытайға сапарлай барады.

Жексенбіде Трамп НАТО одақтастары мен Қытайға Ормуз бұғазының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қысым жасады, ал Иран болса оларды Таяу Шығысты тұрақсыздандырып, мұнай бағасының көтерілуіне себеп болған соғысқа араласпауға шақырды.

Financial Times газетіне берген сұхбатында АҚШ президенті НАТО мүшелері Иран толығымен жауып тастаған Ормуз бұғазын қайта ашуға АҚШ-қа көмектеспесе, «арты өте жаман болады» деп мәлімдеді.

Ол сонымен бірге егер Қытай шара қолданбаса, сәуір айының басында Бейжіңде өтетін Си Цзиньпинмен кездесуін кейінге шегеруі мүмкін екенін ескертті.

Трамп: «Ормуз бұғазының игілігін көріп отырған елдер ешқандай кедергі болмауына атсалысуы керек», - деп қосты, әрі «Қытай Таяу Шығыстан келетін мұнайға тәуелді» деді.

Таяу Шығыстағы соғыстың кесірінен мұнай тасымалы кедергіге ұшырап, жексенбіде тағы қымбаттады.

АҚШ президенті сенбі күні стратегиялық тұрғыдан маңызды Ормуз бұғазын қорғау үшін ұлттар коалициясын құруға шақырды, атап айтқанда Қытай, Франция, Жапония, Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяны әскери көмек көрсетуге үндеді. Әзірге ешбір ел Вашингтонның үндеуіне қатысатынын жариялаған жоқ.

Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер жексенбі күні телефон арқылы сөйлескен кезде «Ормуз бұғазын қайта ашудың маңыздылығы» туралы пікір алмасқан.

Лондон теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін одақтастарымен «бірнеше нұсқаны» талқылап жатқанын, бірақ жағдайды ушықтырмауға басты назар аудару керектігін жеткізген.

АҚШ энергетика министрі Крис Райт қазіргі іркілістің уақытша екенін, соғыстың «алдағы апталарда» аяқталатынына сенетінін мәлімдеді.

Деседе Таяу Шығыстағы қақтығыстың тоқталар түрі байқалмайды.

Израиль жексенбі күні Иранда соққы жасалатын «мыңдаған нысаналар» бар екенін мәлімдеді. Әскери өкіл Эффи Деффлин баспасөз мәслихатында: «Режим әлсіреген, біз оны одан әрі әлсіретеміз», - деді.  Израиль дүйсенбі күні таңертең Иранға қарсы «кең көлемді әуе шабуылын» бастады.

Соңғы екі аптада Израиль мен Америка Құрама Штаттарының әуе шабуылына ұшыраған Тегеран әлемді соғысты ушықтыруы мүмкін кез келген «әрекеттерден» аулақ болуға шақырды, сол күні бірлескен итальян-американдық базаға шабуыл жасалды.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи жексенбі күні CBS News арнасына: «Біз американдықтармен келіссөздер жүргізуге ешқандай себеп көріп отырған жоқпыз», - деді. Бұл президент Трамп «Тегеран келісімге келгісі келеді, бірақ шарттары «мінсіз емес» болғандықтан, оған қол қоюға әлі дайын емеспін»  дегеннен кейін айтылды.

АҚШ пен Израильдің бірлескен әуе шабуылдарына кек алу үшін Тегеран тек АҚШ-тың экономикалық және әскери мүддесіне ғана емес, сонымен қатар Израильдің мүддесіне тиімді Парсы шығанағы аймағын нысанаға алуды жалғастыруда.

  • Abai.kz

 

0 пікір